«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

24-ші МАУСЫМ АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қуыршақ театры 24-ші театр маусымын жаңа спектакльмен ашты. Көрермендерге ұсынылған “Қырдың аппақ аруы” қойылымының авторы – Бийке Кулунчакова, ал режиссері – Евгений Пермяков. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл қойылымды ертегіден гөрі аңыз деп атаған дұрыстау. Қойылым барысында әдетте жағымсыз болып саналатын кейіпкерлердің бойынан мейірімділіктің ұшқынын көруге болады. “Адам аласы ішінде” демекші, адам баласының көлеңкелі тұстары да спектакльде көрініс табады. Қойылым мазмұны қарапайым. “Ұйқыдағы ару” ертегісінің сюжетіне ұқсастау. Онда да өзін әлемдегі хас сұлу санайтын қатыгез өгей шеше мен бойжеткен бар. Өгей шеше арам пиғылын іске асыру үшін сиқыр қолданады. Сол арқылы әкесіне туған қызын айдалаға апарып тастауға көндіреді. Бірақ адамдар жайында еш жаманшылық ойламайтын қыз барлық қиыншылықтарды достарының көмегімен жеңіп шығады.

Басты рөлдердің бірі Болат (А.Қасенова) есімді бөлтірік пен Ел етпес (О.Алпатова) елік арасындағы шынайы достық, дала заңы бойынша өмір сүретін қасқырдың арман тілегі қойылымға ерекше реңк береді. Жағымды кейіпкер Ян Бикеш (А.Хасенова) әлемдегі бар жамандыққа төтеп беруші күрескердің бейнесінде. Оның достары Болат пен Ел етпес бар қиындықты жеңуге көмектеседі. Тәлімі мол қойылым көрермендерге адамгершілік қасиеттерді еске салып, әдетте қара болып көрінгеннің барлығы жаман еместігіне көз жеткізеді. Себебі, жыртқыш аңның өзі адам баласын құтқаруға атсалысып, жапан далада қалған қызды еліне қайтаруды қалайды. Қойылым бүлдіршіндерге арналғанымен, мән-мағынасы терең шығарма болғандықтан, ересектерге де қызықты болары анық.  

Салтанатты шара марапаттау рәсімімен жалғасын тапты. Облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаев театрда ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан Сапар Мәпенов пен Айгүл Қасеноваға “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісін тапсырды.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp