«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НҰРЛЫ БОЛАШАҚ ЖОЛЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

18 қазанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс ХV съезі болып, оның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Съезд жұмысын партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ашып, жүргізді. Осыдан бір жылдай бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жариялап, еліміздің алдына әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену туралы жаңа міндет қойды, деді ол. Аз ғана уақыт ішінде елімізде ауқымды реформалар бас­талды. Қоғамдық бақылау, халық алдындағы есеп беру, мемлекеттік органдардың ашықтығы, өзін-өзі басқару жүйесі айтарлықтай жетілдірілді. Халықтық партия ретінде біз де бұл жұмыстарға бел­сене атсалысып, өз қызметімізді жаңғыртуымыз қажет. Сол себепті партия Көшбасшысының тапсырмасына сәйкес “Нұр Отан” партиясының жаңа Саяси доктринасы әзірленді, деді Бауыржан Байбек.

Съезд жұмысына партияның барлық өңірлік филиалынан ұсынылған 1194 делегат, сондай-ақ арнайы шақырылған мыңнан астам қонақ қатысты. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының, дипломатиялық корпустың өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтердің, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері бар. Солтүстік Қазақстан облысының 62 делегаттан және өңірдің бір топ құрметті азаматтарынан құралған делегациясын облыс әкімі, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы Самат Ескендіров бастап барды.

Мемлекеттік Гимн орындал­ған соң съездің жұмыс органдары сайланды. Осыдан кейін Бауыржан Байбек съездің күн тәртібін жариялады. Оған “Нұр Отан” партиясының жаңа Саяси доктринасы, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, партияның Саяси кеңесіне және Тексеру комиссиясының құрамдарына өзгерістер енгізу туралы мәселелер енгізілді.

Күн тәртібі бекітілгеннен кейін Бауыржан Байбек жаңа Саяси доктринаны екі ай бойы талқылау барысында көптеген сындарлы ұсыныстар түсіп, оның бәрі қаралып, құжаттың соңғы редакциясы съезге ұсынылып отырғанын айтты. 17 қазанда болған секциялық талқылауларда съезде пікір білдіру үшін бірнеше адам белгіленді, дей келіп, партия Төрағасының бірінші орынбасары алғашқы сөзді Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалинге берді.

Доктрина жобасына “Біздің құндылықтарымыз” дейтін арнау­лы тараудың енгені – Қазақстан халқының имандылық болмысы мен отаншылдық рухын қалып­тастыруға айрықша мән берілгені, деді белгілі қаламгер. Адам, Бостандық, Заңның үс­тем­дігі, Әділеттілік, Ынтымақ­шы­­лық, Болашаққа ұмтылыс, От­басы және дәстүр секілді киелі жеті санға негізделген жеті түрлі ұғым­­ның бекем қағылған жеті қа­зы­ғындай, жеті қат дүниенің жеті қазынасындай елестейтін, тамы­ры терең имандылық әлеміне жете­лейтін осы бір әрі қазақы, әрі адами құндылықтарға Доктринадан ойып орын берілгені құптауға лайық.

Мемлекеттік тіл мәртебесін тұ­ғырына қондыру туралы Пре­зидентіміз дүркін-дүркін айтып келеді. Елбасының “2050 Стратегиясында”: “Қазақ тілі жап­пай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде біз елі­мізді Қазақ мемлекеті деп айтатын боламыз”, – деген тарихи сөзі – күллі қазақстандықтардың жадында. Осы сөздерді естігенде Абай, Махамбет, Жамбылдың аруақтары бір аунап түскендей елестеп еді. Енді, міне, сол ой, сол тұжырымдама Доктринада өз жалғасын тапқан.

  

ХХ ғасырдың басында алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: “Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана!” деген. ХХ ғасырдың соңы қазақты сол Бостандыққа жеткізді. Енді, міне, ХХI ғасыр келді. Қолымызға қонған сол бостандықты сақтаудың да жалғыз жолы – ұлттық ынтымақ екеніне бүгінде көзіміз жетіп отыр. Тәуелсіз Қазақ жұртының тағдырын ойлайтын күллі зиялы қауым, сол санатта еліміздегі барлық саяси күштер осы Доктринаның тұсында сыйысу, ұғысу дейтін ұлт басын біріктірер уәжге жүгінер деген ойдамын.

Ел мен Елбасы дейтін егіз ұғым – бір тудың аясына жиналар, жинақталар нағыз кезеңнің келгені анық, деді Нұрлан Оразалин.

“Алтын жүрек” ұлттық, қоғамдық сыйлығын ұйымдастыру комитетінің төрайымы Жұлдыз Омарбекова бүгінгі таңда қайырымдылық саласындағы жобамыз бүкілхалықтық қозғалысқа ұласты, деді. Соңғы он жылда “алтын жүректі” азаматтарымыз 100 миллиард теңгенің қайырымдылық көмектерін жасап, көптеген әлеуметтік нысандар салды. Биылғы жылдың өзінде Ақтөбе облысының Қобда ауданында 350 орындық балабақша, Алматы облысының Жыланды ауылында 650 орындық мектеп, спорт кешені, Мәдениет үйі бой көтерді.

Жұлдыз Омарбекова өз бастамаларын іске асыруда партиядан бірнеше рет көмек сұрап, үнемі қолдау көріп келгенін ризашылықпен айтты. Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев Саяси доктрина партияның жаңа даму кезеңіне жол ашады деуге толық негіз бар, дей келіп, бұл құжаттың өте уақтылы қабылданып отырғанын және ол партия Көшбасшысының Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу жөніндегі стратегиялық міндетімен сабақтасып жатқанын атап айтты. Әлемдік даму тәжірибесі көрсеткендей, мұндай биік мақсаттарды белсенді де өршіл ұлттар ғана орындай алады. Ал ондай ұлт бірінші кезекте бірлікті ту етіп көтерген дүниетанымдық көзқарастар арқылы қалыптасады. Доктрина, міне, осы мақсат үшін жұмыс істеуі тиіс, деген Мәулен Әшімбаев: “Жаңа Саяси доктринаның бұрынғыдан ерекшелігі неде?” деген көкейкесті сауалдың жауабы: “Ол – оның идеологиялық құжат болуында”, – деп түйіндеді.

“Ерке Нұр” компаниясының президенті, кәсіпорындағы бастауыш партия ұйымының төрайымы Фарида Мерхамитқызы: “Ел Тәуелсіздігі – бақытымыздың бас­тауы. Жер жүзіндегі бар қазақтың жүрегі Қазақстан деп соғады. Қазақтың жерұйығы – Қазақстан!” – деп тебірене сөз бастады. Жеке кәсібін өрге бастырып жүрген бизнесмен қыз – көршілес Қытай елінен атажұртқа қоныс аударған алғашқы оралмандардың бірі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Елбасыға қарап: “1999 жылы Ассамблеяның Достық үйінде болған көрмеде Сізге гүл ұсынған менің кішкентай сәбиімді қолыңызға көтеріп, ақ батаңызды беріп едіңіз. Сол жолы ұлттық киім тігуді қолға алған менің жұмысымды да жоғары бағалағансыз. Мүмкін, сол Сіздің ақ батаңыздың шапағаты шығар, 5-6 тігін мәшинесінен бастаған ісім өсіп-өркендеді. Құдайға шүкір деймін. Рас, алдымнан шыққан кейбір қиындықтар да болды, бірақ ұлттық өнерге деген талпынысым бәрін жеңуге күш-қуат берді. Бүгінде біз құрған “Ерке Нұр” компаниясы көп бағытта жұмыс істейді. Мұқағали ақынның:

“Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын”,

– дегеніндей, мен де қазақтың ұлттық өнерін сандықтың түбінде жатқан жерінен алып шығып, қайта жаңартып, халықтың өзіне қайтарудамын. Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, “Қазақстан – 2050” Стратегияңызда экономикалық кластер бағытын дамытуды жолға қою қажеттігін атап көрсеттіңіз. Менің кәсіпкер ретіндегі арманым әрі ұсынысым – жүн-тоқыма ісін мықты бір кластерге айналдыру. Өйткені, біз ерте заманнан жіп иіріп, жүн басқан қазақпыз ғой. Әкеден – балаға, шешеден қызға берілген қасиетті кәсіпті бүгінгі күннің талабымен халқымыздың игілігіне айналдырсақ, нұр үстіне нұр” емес пе?! – деген Фарида Мерхамитқызының пікірі көпшілік көңілінен шыққаны анық.

Қостанай қалалық мәслихаттың ең жас депутаты Татьяна Новикова өзінің 23 жасында халық қалаулысы атанғандығын айтты. Қаламыздағы жастар саяса­тының тәлімгері ретінде жастар­ды толғантатын мәселелерді білемін деп айта аламын. Олар – сапалы білім алу, жақсы жұмысқа орналасу, тұрғын үйдің қолжетімділігі. Жастар саясатына Доктринада басымдық берілуі өзін ақтайтыны сөзсіз. Бұл –Қазақстанның болашақтағы зор табысының сарқылмас қайнар көзі. Татьяна Новикова: “Менің ойымша, әрбір азамат ұлтына қарамастан, өз елінің салт-дәстүрі мен тілін құрметтеуі тиіс”, – деді қазақ тілінде.

“Оқжетпес” емдеу-сауықтыру кешені” АҚ президенті Қанат Төсекбаевтің пікірінше, тұрғындардың білім беру мен денсаулық сақтау қызметтеріне, әлеуметтік және зейнетақы төлемдеріне қолжетімдігін қамтамасыз ету “Нұр Отан” партиясы жұмысы тиімділігінің көрсеткіші болып табылады. Өткен жылы Астанада “Е-скорая” жобасы іске қосылды. Жедел көмек көліктерін ІР-телефон, GPS-бағыттау және медициналық анықтамалықпен жабдықтау арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізілген. Біріншіден, қаланың алыс аудандарына 15 минут ішінде жетіп, медициналық көмек көрсету уақытын қысқарттық; екіншіден, ресурстық шығындар азайды; үшіншіден, онлайн режімі арқылы ауруханалар мен емханалардан консультация алуға мүмкіндік туғыздық. Төтенше жағдайда әрбір секунд адам тағдырын шешерін ескерсек, жоба жаңашылдық ретінде жаңа идеялар мен шығармашылық қадамдар арқылы адамдарға өмір сыйлауға болатынын көрсетті, дей келе, Қанат Төсекбаев “Е-скорая” Қазақстанда патенттелгенін ерекше мақтан тұтатынын білдірді.

Қызылорда облысы Жаңақор­ған ауданы Сунақ ата ауылының әкімі Әдия Қыстаубаева Тәуелсіздік алған жылдары бүкіл халық қиындық көрді, деп еске алды. “Жұмыссыз қалған кезімде Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, түсіме еніп, қолымды алып, жағдайымды сұрадыңыз. Барлық нәрсені жақсыға балайтын қазақпыз ғой. Артынша елдің жағдайы түзеліп, өзім ауыл әкімі болып тағайындалдым. Содан бері 20 жыл өтті. Қазір қуансақ та, қиналсақ та аузымызға Алла тағала, Елбасы амандығы, халықтың бірлігі түседі”, – деді.

Делегаттар жаңа Саяси доктрина жобасы жайлы пікірлерін ортаға салып болған соң съезде ел Президенті, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Содан кейін съезге қатысушылар партияның жаңа Саяси доктринасын қабылдау туралы ұсынысты бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Съезде партияның атрибуттарын өзгерту мәселесі қаралып, бұл орайда Бауыржан Байбек: “Біздің халқымыздың арасында партияны “Нұр Отан” партиясы деп атайды. Сондықтан, партияның атауынан “халықтық-демократиялық” деген сөзді алып тастау ұсынылады”. Делегаттар партияның жаңа атауын бекітті. Партияның жаңа эмблемасы да қабылданды. Онда XV съездің логотипіндегідей жаңадан атып келе жатқан күн бейнеленген. Бұған қоса, таудың көрінісі бар. Бұл біздің биік мұраттарымызды бейнелейді. Ал қар барысы тәуелсіздігіміздің көрінісі. Логотиптегі “Нұр Отан” жазуы партияның біздің еліміздің дамуына қосқан үлесін көрсетіп отыр. Демек, партия ұйыстырушы рөл атқаруы тиіс, деді Бауыржан Байбек.

Съезде партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Айталық, партияның мүшелік жарнасы 94 теңгеден 187 теңгеге (айлық есептік көрсеткіштің 1 пайызы) дейін көбейтілді. Студенттер үшін бұл көрсеткіш 9,3 теңгеден 19 теңгеге дейін өсті. Ал жұмыссыздар, бала күтімімен отырған әйелдер мүшелік жарнадан босатылады, деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

“Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесінің съезд барысында жаңартылған құрамына Солтүстік Қазақстан облысынан “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов пен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласбаева енгізілді.

Бүгінде партияның Саяси кеңесі 49 пайызға жаңартылып отыр. Оның құрамындағы әйелдердің пайыздық көрсеткіші 11 пайыздан 30 пайызға дейін көтерілді, деді Бауыржан Байбек. Саяси кеңес құрамын­дағы мемлекеттік қызмет­шілердің саны 46 пайыздан 28 пайызға дейін төмендетілді. Есесіне үкіметтік емес ұйымдар мен мәдениет, білім-ғылым, денсаулық сақтау, спорт салаларыныңөкілдерінің саны арттырылды.

Бұдан кейін Саяси кеңес Бюросының құрамы да жаңартылды. Партияның Тексеру комиссиясының құрамы да өзгертіліп, оған біздің облыстан облыстық мәслихаттың депутаты Райхан Әбдірахманова мүше болып сайланды.

(Өз тілшімізден).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp