Бұрнағы күні Бескөл ауылында облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және “ЛиДер” Солтүстік Қазақстан облысы орман пайдаланушылары және ағаш өңдеушілері қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен “Солтүстік Қазақстан облысының үздік орман пайдаланушысы” байқауы басталды. Республикамызда алғашқы рет ұйымдастырылған сынға өңіріміздің ағаш өңдейтін 17 кәсіпорны қатысуда.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі өңіріміздегі озық ағаш өңдеуші кәсіпорындардың бірі болғандықтан, шара аталған өндіріс ошағында өтті. Байқау басталмас бұрын облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев, Қостанай, Ақмола облыстарындағы және өңіріміздегі Табиғи ресурстарды және табиғатты реттеу басқармаларының өкілдері “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігінің иелігіндегі арнайы техникалар мен өнім шығаратын цехтарды аралап көрді. Кәсіпорын жылына 30 мың текше метр ағаш кеседі екен. Шабылған ағаштардың орнына екі есе артық жасыл желек отырғызады. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында өрт қауіпсіздігі ережелері толықтай сақталған. Арнайы өрт сөндіру көлігі де бар. Шаруашылықта 25 адам еңбек етеді. Кәсіпкер Сермұхамет Оралұлы биыл баспанаға зәру жұмысшыларына 11 пәтерлі 7 үй салған. 12 жыл бойы табиғи шикізаттан түрлі бұйымдар жасайтын кәсіпорын да байқауға қатысушылар тізімінде. Отын дайындап, құрылыс материалдарын әзірлейтін кәсіпкер биылғы жылдың желтоқсан айында еуро отын әзірлейтін зауытты іске қоспақ.
Сынға түсушілерді салтанатты түрде облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев құттықтап, сәттілік тіледі.
– Елбасы өзінің Жолдауында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды тапсырды. Сондықтан ағаш өңдеуде қалдықсыз жұмыс істеп қана қоймай, кесілген орманның орнын толтыруға үлкен көңіл бөлу керек. Кәсіптеріңізді жетілдіре түсуде озық технологияларды барынша ендірген жөн, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ұзақмерзімді орман пайдаланушылардың арасында инновациялық жобаларды енгізу мақсатында ұйымдастырылған байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Байқауға қатысқан 17 команда алғашқы кезеңде өздері шығаратын өнім үлгілерімен таныстырса, екінші кезеңде орманды көбейту, күзету және қорғау бойынша тестік тапсырмалардан өтті.
Байқаудың келесі кезеңі қазанның 25-сі күні Есіл ауданында өтеді. Онда орман пайдаланушылар шеберлік алмасып, шығармашылық сында бақтарын сынамақ.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.