«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАЛАРЫ – ЕРЕКШЕ НАЗАРДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өткізіліп, онда үш мәселе қаралды.

Бюджет қаражатын толық және сапалы игеру – маңызды міндет. Ал бюджеттік бағдарламалардың ойдағыдай орындалмауының негізгі себебі мемлекеттік сатып алудағы кемшіліктер болып саналады. Үстіміздегі жылдың 11 қазанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы осы мәселеге айрықша назар аударған болатын. Соған орай облыс әкімі Самат Ескендіров мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізуде заңсыздықтардың алдын алу үшін құзырлы мемлекеттік орган басшысы тиісті комиссияны өзі басқаруы керектігін айтты. Бұрынғыдай мұны орынбасардың мойнына артып қоюға енді жол берілмеуге тиіс.

Өңірімізде шағын және орта бизнес кәсіпорындарының екінші деңгейдегі банктерден несие алу көрсеткіші төмен. Ал “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Сыбаға”, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруда жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі көңіл көншітпейді. Сондай-ақ бюджеттік мекемелердің құрылысы алдағы уақытта типтік жобалар бойынша жүзеге асырылуы немесе құрылыс саласын қадағалайтын республикалық органдармен келісіліп салынуы қажет. Осы тұрғыда өңір басшысы аудан әкімдеріне бағдарламаларды жүзеге асыру барысын жіті қадағалауды тапсырды.

Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі басты назарда тұруы тиісті. Кәсіптік-техникалық оқыту саласы да кенже қалмауы керек. Ал аудандарға келсек, мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтуға қатысты шешетін мәселелер аз емес. Өңір басшысы Шал ақын және Есіл аудандарының әкімдеріне мектептер жанынан қосымша шағын орталықтарды ашуды қадап тапсырды. Бұл мақсатта мемлекеттік-жеке серіктестік тетігін дамыту қажет.

Өңірдегі жаңадан салынып жатқан денсаулық сақтау нысандары бойынша бюджеттің игерілуі 62 пайыз ғана. Ал облысымыздағы емдеу мекемелерінде 224 дәрігер жетіспейді. Медицина мамандарының тапшылығы, әсіресе, Тимирязев, Қызылжар аудандарында өткір сезілуде. Бұл көкейкесті мәселелер күн тәртібінен түспеуге тиіс, деді Самат Сапарбекұлы.

Отырыста қаралған екінші мәселе – ауылдық аумақтарды дамыту турасында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанапов пен Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралинов баяндады. Өңірімізде 689 ауылдық елді мекен бар. Әлеуеті жоғары елді мекендер М.Жұмабаев, Қызылжар аудандарына тиесілі болса, Жамбыл, Уәлиханов, Ақжар аудандарындағы ауылдардың көбінің әлеуеті төмен. Үстіміздегі жылдың 9 айында елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды және инфрақұрылымды қайта жаңартуға және дамытуға бюджеттен 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Алайда, бағдарламаның түпкі нәтижесі әзірге көңіл көншітпейді. Үстіміздегі жылдың 8 айында өңірдегі ауыл тұрғындарының саны былтырғымен салыстырғанда 5,8 мың адамға кеміген. Соған орай облыс әкімі бұдан былай ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы емес, Ауыл шаруашылығы басқармасы жауапты болатынын айтты.

Үшінші мәселе бойынша сөз алған облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысына тоқталды. Аталған құжат бойынша жергілікті органдар жүзеге асыратын 6 бағыт бойынша 9 мақсатты индикатор және 25 көрсеткіш бар. Педагогтің мәртебесіне арналған бірінші мақсатты индикатор бойынша облысымыздағы жоғары және бірінші санаттағы білікті педагогикалық мамандар жалпы ұстаздар санының 39,5 пайызын ғана құрап отыр. Ал жоспар бойынша көрсеткіш 47 пайыз болуға тиісті. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында электронды оқыту жүйесін пайдалану жоспардағыдан 1,4 пайызға кем болып, небәрі 15,8 пайызды құраған.

Облыс әкімі білім беру саласында орын алған олқылықтарды жою жөнінде Білім басқармасының басшысына және Петропавл қаласы мен аудандар әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp