«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Талай қазақ баласына өмірлік жолдама берген Көкшетау қаласындағы облыстық мектеп-интернаттың ашылғанына биыл жарты ғасыр толып отыр.

Жақсыбай АЙТҚОЖИН.

Өз басым сонау 1967 жылы осы мектеп-интернатты тамамдап, үлкен өмірге жолдама алдым. Әрі қарай оқуымды жалғастырып, қар-жыгер атандым. Қазір бұл білім ошағы Дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат деп аталады. Ал осы байырғы білім ордасының жарты ғасырлық тарихына қысқаша тоқталсақ, ол 1963 жылы желтоқсан айының басында ашылған. Алғашқы түлектерінің айтуынша, біраз оқушылар сол кезде Мәлік Ғабдуллин атындағы № 3 қазақ орта мектебінен ауысып келген екен. Бұларға жаңа білім ордасында киім-кешек беріледі деген соң, көптеген оқушылар сонда оқығылары келіп, қақаған қыста автоқалашықтағы мектеп-интернатқа жаяу тартқан. Облыстың түкпір-түкпірінен келген оқушылар басынан аяғына дейін киіндіріліп, әр апта сайын моншаға, кинотеатрға апарылушы еді. Оқулықтармен де толық қамтылып, төрт мезгіл тегін тамақ берілетін.

Алғашқы жылдары мектеп-интернатты Тәшім Сейітов ағай басқарды. Білім ордасының өз шағын шаруашылығы мен көкөніс өсіретін жылыжайы болды. Біз Тәшім Сейітов, Кәрім Ілиясов, Сапура Темірәлиева, Балғожа Көкенов, Мәриям Оразақова, Кенжебай Сағындықов, Жылқайдар Нүркеев, Сайран Ерімжанова, Бақыткерей Жұмабаев, Орынша Сейітова және өзге де мықты мұғалімдердің алдынан дәріс алдық. Сол кездегі ұстаздардың ішінен тұла бойы өнер мен кісілікке тұнып тұрған көрнекті  әнші-сазгер, журналист-педагог Кәрім Ілиясов жөнінде кеңірек айтқым келеді. Керемет кісі еді. Жиі-жиі оқушылардың басын қосып, сахналық көріністер ұйымдастыратын.

Жас өнерпаздарға қажет киімдерді өзі табатын. Домбырадан бастап әртүрлі аспаптарда ойнап, оқушыларға актерлік өнерді де үйрететін. Шіркін, осы бір ардақты жан жөнінде кітап жазылып, есімі кең көлемде ескерілсе ғой.

Ұстаздарымыздың бәрі сапалы білім, саналы тәрбие бере білді. Әсіресе, тәрбиешілеріміздің ерен еңбегін айта кеткен жөн. Олар бізбен таңертең тұрғаннан кешке жатқанға дейін бірге болатын. Сыныптан тыс уақытта сабаққа дайындығымызды қадағалап, үйірме жұмыстарын ұйымдастыратын. Мектепте әртүрлі спорт секциялары жұмыс істеді. Осылайша ағайлар мен апайлардың ерен еңбегінің арқасында мектеп түлектерінің бәрі де кейін өмірден өз орындарын тапты. Олардың арасында ғылым докторлары, мекеме мен шаруашылық басшылары, әр саланың білікті мамандары және қарапайым еңбек адамдары көп. Қазір мектеп түлектерінің алды шөбере сүйіп отырса, кейінгілері тәуелсіз еліміздің дамып, өркендеуі үшін әр салада әлі де аянбай еңбек етуде. Өзімізге әлі күнге өзгеше ыстық көрінетін, қайда жүрсек те тілеуін тілеп жүретін қасиетті білім ордамыздың жарты ғасырлық мерейтойына орай биылғы жылдың 26 қазан күні таңғы сағат 9.00-де облыстық мектеп-интернатта осы қара шаңырақтың әр жылдардағы түлектері жиналып, бір-бірімен қауышпақшы. Әрине, біз үшін ең бақытты сәт – өзімізге сапалы білім, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаздарымызбен кездесу. Бұл – бұрынғы Көкшетау облысының Солтүстік Қазақстан облысының құрамына қосылған бес ауданында өмір сүріп жатқан түлектерге де ортақ қуаныш.

Көкшетау қаласы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp