2009 жылы 27 ақпанда облыс орталығындағы “Жылдам тұрғызылатын материалдар зауыты” ЖШС-нің салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында бой көтерген кәсіпорынға сәт сапар тілеген еді. Өңірдегі жылдам құрастырылатын металл конструкциялар шығаратын бірден-бір ірі зауытқа көп үміт артылған болатын. Басында “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорының өзі де зауыттың тұсаукесерін ұйымдастыруға тегін қызығушылық танытпаса керек.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұрынғы кеңес кезеңінен кейін 15 жылдай қаңырап бос тұрып, бүлініп, қираған темір-бетон зауытының өндірістік ғимаратын қалпына келтіріп, қайтадан іске қосудың өзі оңай болған жоқ. Кәсіпорынның жаңа басшылығы шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорынан қыруар кредит алып, бұл мәселені сәтті шешті. Содан кейін өндіріске жаңаша сипат беріп, оны жылдам құрастырылатын металл конструкциялар шығаруға бейімдеді. Алғашқы қалыптасу кезеңінен ойдағыдай өтіп, өнімдерімен тұтынушылар назарына ілініп, өңірлік “Сапа” байқауында көзге түсті.
Биылғы жылы іске қосылған еліміздің ең беткеұстар құрылысы – Астанадағы Опера және балет театрының негізгі металл конструкциялық тірек құрсамаларын тұрғызу жұмыстарын жүргізуде шеберлік танытып, зор абыройға бөленді. Бүгінде зауыттың металл конструкциялық өнімдеріне Астана қаласы мен Ақмола облысынан басқа, Шымкент, Қарағанды және Екібастұз қалаларынан да сұраныс түсе бастады. Алайда, бұлардың бәрі – кәсіпорынның ұмтылысымен Интернет порталын ашып, өзін-өзі жарнамалауымен атқарылып жатқан жұмыстар. Сондай-ақ қайсыбіреулер кез келгеннің қолынан келе бермейтін күрделі конструкциялық жұмыстарға өздері тапсырыс береді.
Зауыт директоры Арыстанбек Бекқожиновтың айтуынша, тұрақты мемлекеттік тапсырыстың және құрылыс жүргізу тендерлерін жеңіп алу мүмкіндігі жоқтың қасы екендігі өндірісті жоспарлы түрде дамытуға кедергі келтіруде. Зор әлеуетті толық көлемде кәдеге жарата алмау, әрине, жігерді құм қылмай қоймайды. Егер зауыт жұмыс істеп келе жатқан осынау жылдар ішінде жергілікті жерден күрделі бір тапсырыс түспесе, кәсіпорын басшысы қалай қынжылмасын?! Сосын да үнемі қосымша мердігерлікпен ғана шектеліп, жанама рөлде жүргендері. Мысалы, бұрнағы жылдары “ЗИКСТО” АҚ-ға 260 жүк вагонын жасауға, “Ауыл шаруашылығы техникалары зауыты” ЖШС-іне астық жаткаларын шығаруға қосалқы мердігер болды. Тіпті, 1500 тонна металл конструкцияларын жасаған Астана Опера театры құрылысында да сол қосымша мердігерліктен аса алған жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, нақтылы тапсырыстың жоқтығы кәсіпорын үшін үлкен проблема болып отыр. Өңірде осындай ірі кәсіпорын бола тұра, тапсырыс берушілердің оны сырттан табатыны таңғалдырады. Айталық, қаладағы “Қызылжар оранжереясындағы” металл конструкциялық жұмысты Алматы қаласының фирмасы атқарды. Енді қаланың Горький көшесінің бойында ірі спорт кешені құрылысы салынғалы жатыр. Онда сөзсіз ірі металл конструкциялық жұмыстары атқарылуы тиіс. Тіпті, оны орындаушылардың да белгілі болуы мүмкін. Бірақ әзірге жергілікті кәсіпорынға қолқа салған ешкім жоқ.
Опера театрының ешқандай мұнаралы кран көтере алмайтын конструкцияларын бөлшектеп жинастыру технологиясы арқылы сапалы түрде орнына қойып бергенін осы жұрт біле ме екен? Сондай-ақ, сол Астананың өзінде теннис корты, “12 месяцев” сауда үйі, Есіл өзеніне салынған жаңа көпір, сорғы станциясы және тағы басқа ірі құрылыстарда қосалқы мердігер болса да, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып берді.
– Жұмыс сапасын одан әрі жақсарту мақсатында Мәскеу қаласында лицензияланған 3D модельдеу бағдарламасын алып, іске қостық. Барлық құрылысқа пайдаланылатын металл конструкциялар сол арқылы пішіліп, кесіледі, яғни ешқандай ауытқушылыққа, қателікке жол берілмейді. Ол жобалау жұмыстарын тездетеді. Соған сәйкес зауыттағы инженер-конструкторлық бөлімді нығайтып, жоғары білікті мамандармен толықтырдық. Мысалы, өңірге белгілі машина жасаушы мамандар Альберт Акеев, Александр Тукачев және Андрей Полищук өндіріске басшылық жасайды. Нақтылы мемлекеттік тапсырыс болмаса да, өз ынта-ұмтылысымыздың арқасында жылына 3,5-4,0 мың тонна металл конструкцияларын жасап шығарамыз, – дейді кәсіпорын директорының қаржылық істері жөніндегі орынбасары Азамат Бекқожинов.
Әкесінің өндірістегі көмекшісі болып, барлық қаржылық операцияларды уысында ұстап отырған оның айтуынша, бұл жұмыс – 1 миллиард теңгеге жуық қаржы игеру деген сөз. Сондай-ақ ол жергілікті құрылыс жұмыстарының қала кәсіпорындарының күшімен атқарылғанын қалайды. Зауыт бүгінде 90 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс көлемі ұлғайса, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады.
Зауыт станоктары, негізінен, Қытайдан алынған, олар газ-плазмалық және плазмалық кесу, тесу жұмыстарын жүргізеді. Толық автоматтандырылған қондырғылар іске қосылғаннан бері мінсіз қызмет етуде. Қалың темір құймаларын бұрғылайтын бірден-бір қондырғы осында, №2 ЖЭО-ның сом темірден жасалатын жөндеу жұмыстарына қажетті бөлшектер осы зауытта дайындалады.
– Тендерге қойылатын жұмыстардан, мемлекеттік тапсырыстардан шетқақпай қалып жүргенімізбен, қол қусырып қарап отырғамыз жоқ. Тура тапсырыс берушілерге шығып, өндірісті шама-шарқымызша жүргізіп жатқан жайымыз бар. Сэндвич панельдер дайындап, каркассыз ангарлар құрылысын саламыз. Сондай-ақ бүгіндері Сергеевкада және Явленкада аудандық емханалардың металл конструкциялық жұмыстарын жасап жатырмыз. Оның алдында Якорь ауылында мал қорасына жөндеу жүргіздік, қалада және Петерфельд ауылында жылытылған ангар құрылыстарын аяқтадық, Пески элеваторының негізгі темір белдігін қойып бердік. Мұндай шағын көлемді тапсырыстар жеткілікті. Күні кеше аяқтап отырған жұмысымыз – Ақмола облысының Степняк қаласындағы құс фабрикасының темір қаңқасын дайындап бердік. Әрине, осылай да жұмыс жүргізе беруге болады. Алайда, біз ірі кәсіпорын болған соң тек қосалқы мердігерлікпен ғана айналыспай, жеке тапсырыс алып, толық көлемді жұмыс жүргізгіміз келді. Ол үшін, әрине, бізге қолдау керек, – дейді кәсіпорын басшысы Арыстанбек Имантайұлы.
Иә, осындай мүмкіндігі мол кәсіпорынның кең тыныс алғаны жөн емес пе? Облыстың құрылыс саласының тізгінін қолдарына ұстаған басшы азаматтардың жергілікті зауытқа жанашырлық танытатын кездері жеткен сияқты.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.