«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ МЕДБИКЕСІ ДӘРІГЕРМЕН ПАРА-ПАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тұрғындар саны 200-ден астам адамды құрайтын Дайындық ауылында медициналық пункт халыққа қызмет көрсетіп келеді. Онда ауыл тұрғыны Нұрбике Сағындықова медбике болып жұмыс істейді. Ол кісіні медицина қызметкері дегеннен гөрі, ауылдың отбасылық дәрігері дегің-ақ келеді. Бас ауырып, қызу көтеріле қалса, ауыл тұрғындары Нұрбике тәтейге қарай жүгіріп, көмек сұрайды. Тәулік бойы сақадай сай тұратын Нұрбике Сағындықова сөмкесін асынып, боран мен жауынға қарамай, науқастың үйіне қарай жүгіре жөнеледі.

Жалпы қала немесе аудандық жерлерден шалғай жатқан ауылдарға, әсіресе, қалаға қатынайтын негізгі жолы нашар ауыл тұрғындарына мұндай медициналық пункттер ауадай қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Дайындық ауылы осындай ауылдардың біріне жатады. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өңірдегі елді мекендердің бірі болса да, ауылдың жолы ешқандай сын көтермейді. Жауын-шашынды күз және көктем мезгілдерінде жол лайланып, одан ауыр техникадан басқа көлік жүре алмайды. Қыс айларында жолды боран алып жататыны да жалған емес. Осындай кездері ауырып қалған немесе созылмалы дерті асқынған тұрғындарға, әсіресе, науқастанып қалған сәбиге аталмыш пункттің медбикесі ғана медициналық көмек көрсете алады. Олардың еңбегін сондықтан да қалалық емханалардағы учаскелік дәрігерлердің атқаратын жұмысымен теңестіруге болады. Себебі, олар ауылдың еңбектеген сәбиінен бастап, еңкейген қартына дейін медициналық көмек көрсетеді. Еңбек жолын 1981 жылы бастаған медбике Нұрбике Сағындықова жас демей, кәрі демей, ауыл тұрғынының әр дертін, оны емдеудің тәсілін де бес саусағындай біліп алған. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дерттің беті бері қайтпаған жағдайда ауданға немесе облыстық ауруханаға барып, дәрігерге қаралу керектігі жайында кеңес айтып, тұрғындардың емделу үдерісіне тікелей қатысады.  

Ауылдағы таза ауа, қол және ой еңбегі адам денсаулығының шымыр болуына бірден-бір себепші екендігі сөзсіз. Оған дәлел – осы ауылдың тұрғыны Күлшира әжей. Одан ширақтықтың сырын сұрағанымда: “Ерінбеу. Еңбектену”, – деп жауап берді. Әжейдің жасы сексенге таяп қалғанына қарамастан, үй мен дала жұмысын жас адамдай атқаруының бірден-бір себебі де осы. Қысы-жазы жұмыс үстінде. Қорасы малға толы әжей келінімен бірге бүкіл сиырларын сауып, бұзауларды өрістен айдап әкеліп, жемшөп берумен айналысады. Таң атысымен малын өріске айдап салып, көрші әжей күн ұзаққа есік алдында жайылып жүрген үйрек, қаз бен тауықтың балапандарына жем дайындап, қой өрістен қайтар уақытта ғана есік алдында ұзын таяғын қолына ұстап отырғанын көресің. Онда да көшенің бергі басынан қой отары ауылға келе жатқандықтан ғана отырады. Әйтпесе әжейдің тыным тауып, өзге қатарластары сияқты көшеде әңгіме-дүкен құрып отырғандығын көрмейсіз. Отырғанның өзінде қолына ақ мамықтай жүнін алып, түтіп отырады. Табиғаттың тылсым құпияларына қарап-ақ қыс пен жаз мезгілдерінің қандай болатындығын біліп, көршілеріне мал шаруашылығын жүргізуде ақыл-кеңес беруден жаңылмаған әжейдің денсаулығы да сыр бермеген. “Соңғы рет қашан дәрігерге қаралдыңыз?” – деген сұрағыма: “Білмеймін”, – деп жауап берді әжей бірде. Білсе де, көз тимесін деп осылай жауап берген болар деп топшыладым. Артынан құстың балапандарындай ерген немерелері де тыным таппайды. Жастайынан әжесінің қасында еңбекке еттері үйреніп, әбден машықтанып алған. Қаладан келген біз үшін олардың күнделікті жасайтын еңбегі ерлікке тең.

– Ауылда Күлшира әжейдей талай еңбекқор жандар бар. Ауылдың қақ ортасында орналасқан медициналық пунктке жиі баратындар тізіміне кірмейтіндер де солар, – дейді Дайындық ауылының медбикесі Нұрбике Сағындықова.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp