Татьяна БАЯЗИТОВА,
“Денсаулық сақтауды
дамыту республикалық
орталығы” РМК филиалы
директорының
орынбасары.
Емдеуге жатқызу үрдісін бірыңғайлау мақсатымен 2010 жылы емдеуге жатқызу порталы енгізілді. Порталдың негізгі қағидалары – медициналық ұйымдарды таңдау еркіндігі, стационарлық көмектің қолжетімділігі және емдеуге жатқызу үрдісінің тазалығы.
Емхана дәрігерінің жолдауы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында жоспарлы емдеуге жатқызуға қатысты қағидалардың барлығы қазіргі уақытта бекітілген нормативтік-құқықтық актілер: Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары және Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бұйрықтары шеңберінде жүзеге асырылады. Мұқтаж жағдайда шұғыл емдеуге жатқызу бұрынғыдай патологияның бейінділігі қағидасы бойынша жүзеге асырылады.
Стационарлық медициналық ұйымдардың еркін таңдау қағидасы емхана деңгейінде өтеді. Емдеуге жатқызу үшін учаскелік дәрігер немесе тар шеңберлі маман берген анықтама қажет. Анықтама алмас бұрын науқас қажетті тексерілуден өтіп, стационарлардың бірінде емделуге өзінің тілегін білдіреді. Облыстың ауруханаларында барлық бейіндегі бөлімдердің болмауы мүмкін екендігін түсіну қажет. Мысалы, офтальмологиялық бөлім облыстық аурухана мен “Айна-Көз” көз орталығында ғана бар. Ал ересектерге арналған травматологиялық бөлім №3 қалалық ауруханада орналасқан.
Науқасты емдеуге жатқызу барысында дәрігер емделушіге облыс бойынша қай ауруханада орын барын хабарлайды. Емдеу орталығында бос орын болмай, емделушілердің қатары көбейсе, онда науқаспен бірге дәрігер баламалы жолын іздейді. Таңдау жасалған соң науқас емдеуге жатқызу порталына тіркеледі. Мұнда оған емдеуге жатқызудың коды автоматты түрде беріледі.
Стационарлық медициналық көмектің қолжетімділік қағидасы қалай жүзеге асырылады? Бүгінгі күні емдеуге жатқызу порталының жұмысына біршама өзгерістер енгізілді. Енді стационарлық бөлімнің меңгерушілері науқастарды емдеуге жатқызу үрдісіне қатыспайды. Учаскелік дәрігер науқасты стационарлық дәрігермен бірге 2 күн ішінде бос орын болған жағдайда портал арқылы ауруханаға жатқыза алады. Науқас қалауы бойынша облыстың, ауданның не болмаса республиканың кез келген ауруханасында емделе алады. Күрделі зерттеулер мен сынамалар жүргізілетін, қазіргі заман құрал-жабдықтарымен жабдықталған емдеу орталықтарында науқастың қалауы бойынша қабынған тыныс алу ауруларын емдеу мүмкін еместігін түсіну қажет.
Емдеуге жатқызу үдерісінің мөлдірлігі қағидасы деген не? Ең алдымен емдеуге жатқызу порталының ғаламтор жүйесінде www.bg.eisz.kz сайты бар. Компьютерді меңгерген әрбір адам осы сайт арқылы республика бойынша емханалардағы бос орындар мен емханада берілген талон арқылы өзінің кезегін біле алады. Осылайша емдеуге жатқызудың жүйесін әрбір қазақстандық көре алады. Егер де емделушіде осы мәселе төңірегінде қандай да бір сұрақтар туындап жатса, өңірлік 8(7152) 50-03-69 сенім телефонына хабарласуға болады.
Портал 2010 жылдың ортасынан бастап өз жұмысын бастады. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесін енгізу үдерісінде науқастарды тәуліктік, күндізгі және үйде емдеудің оң-солы зерттеліп келеді. Айта кету керек, 2012 жылдан бері жоспарлы түрде емдеуге жатқызу 2011 жылға қарағанда – 8,2 пайызға, ал ауруханаға жатқызылғандар 11,5 пайызға өскен. Бұл дегеніміз – науқастардың шұғыл түрде емханаларға жатқызылуы азайып, емханаларда емдеуге жатқызу дұрыс түрде өткізіліп келгенінің дәлелі. Шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастар әрқашан болады (жарақат, улану, жұқпалы аурулар, бала туу және т.б.). Бірақ емханалардағы дәрігерлердің алдын алу жұмысы созылмалы дерттері бар, диспансерлік есепте тұрған науқастардың шұғыл көмекке жүгінуін азайтуы қажет.
Емдеуге тіркелген науқастардың барлығы дерлік тәуліктік стационарға жатқызылмайды. 2011 жылы – 7,3, ал өткен жылы 4,5 пайыз науқас ауруханада тиісті емдомын ала алмады. Оған себеп науқастардың порталда белгіленген күнінен бұрын дертінің асқынуынан шұғыл түрде ауруханаға жатқызылуы болып отыр. 2012 жылы мұндай оқиғалар 1,5 пайызды құраған.
Өкінішке қарай, науқастар порталға тіркелген соң ауруханаға жатудан бас тартады немесе белгіленген уақытта келмей қалады. Бұл ауруханадағы төсектің уақытша босауына әкеп соғады. Сондықтан да порталға тіркелген адамның уәкілетті орган бекіткен барлық ережелерді сақтауы стационарлық медициналық көмекті сапалы және уақытында алуына септігін тигізеді.