«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОСПАРЛЫ ТЕКСЕРІСТЕР АВТОМАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бас прокуратура 2013 жылдың аяғына дейін еліміздегі жоспарлы тексерістерді белгілеу үдерісін автоматтандыруға ниетті. Аталмыш тетік тексеріс жүргізілетін орта және шағын кәсіпкерлікті таңдауды жоспарлауда адами факторды шеттетеді.

11 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылу тиімділігін сынаған еді. “Бизнестің жол картасы – 2020” кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді құралы болатын. Алайда, осындай қолдау көрсетілу барысына шағым саны артқандығын жеткізген Елбасы өткен жылы президенттік сайтқа кәсіпкерлікті қорғау жөнінде – 870, ал биыл 940 шағым түсіп үлгергендігін ашық айтқан болатын.

Бұрнағы күні Астанада өткен брифингте Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов үстіміздегі жылдың соңына дейін жоспарлы тексерулерді белгілеудің автоматтандырылған жүйесі енгізілетіндігін жеткізді.

Жақып Асановтың сөзіне қарағанда, осы жылдың аяғына дейін екі жоба жүзеге асырылмақ. “Тексеруді электрондық жоспарлау” және “Тексеруді электрондық тіркеу” жүйелерінің арқасында тексерулердің қорытындысы жариялы болады. Электрондық жүйе тексеріс жүргізілетін кәсіпкерлік субъектісін өзі анықтайды. Бұл анықтауда заңның талаптарына сәйкес тексерістің еселік шегі, кәсіпкердің мәртебесі, бұрынғы тексерістің қорытындысы, субъектінің заң бұзушылыққа тап болуы есепке алынатын болады.

“Аталмыш жобалар бақылаушы және қадағалаушы органдардың жоспарлаудан қорытынды шығарғанға дейінгі жұмыс үдерісін жариялы етеді. Бүгінгі таңдағы біздегі жағдайға қарасақ, әр бақылаушы заңнамалық шектеуді айналып өтіп, кез келген кәсіпкерлік субъектісін тексеруді жоспарлау мүмкіндігіне ие. Өткен жылы прокуратура осындай 26 мың оқиғаны анықтады”, – деді Бас прокурордың орынбасары.

Ол сондай-ақ кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден қорғау үшін Қазақстанда 2009 жылдан бері әрбір облыстық, қалалық, аудандық прокуратура жанында жедел топтар құрылғандығын жеткізді. Олар заңсыз тексеру туралы дабыл түскен жағдайда тез арада кәсіпкерге барып, жоспарланған және өткізілген тексерістің қаншалықты заңды екенін анықтайды. “Жыл өткен сайын жедел топқа түсетін хабарламалар саны артуда. Егер 2011 жылы 300-ге жуық хабарлама болса, үстіміздегі жылы оның саны 800-дей”, – деді Жақып Асанов.

(Ресми ақпарат).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp