Мата емес бұл өзі
Желкілдеген,
Нәті – қағаз,
Көл-көсір көлкілдеген.
Ол жалауы секілді
Журналистің,
Нақ сол үшін
Жері жоқ жең түрмеген.
Тігілмейді ол –
Үйлердің төбесіне,
Тұғыры да жоқ оның,
Шегесі де.
Сонда-дағы
Көкке оны көтереміз,
Жайғасып ап
Шабыттың кемесіне…
Бола берсін
Ажары алабажақ,
Бәрібір ол –
Ақ қардай таза, ғажап!
Рәмізіндей құрметтеп
Ұлтымыздың,
Рухтанып
Оқы, ойлан, қара, қазақ!
Өйткені,
Біз ел үшін еңіредік,
Күні-түні толғанып,
Тебіреніп.
Кемшілікке
Кеңшілік берген жоқпыз
Көпшілікке
Біз бір-бір Тәңір едік!
Бөлмелерде
Сөз самғап, жыр борады,
Жетпейтұғын –
Шылымның
бір қорабы…
Кіл жампоздар
Шабытын шақырғанда –
Орындығың
Қайықтай ырғалады…
Талай-талай ауылда –
Қалды ізіміз,
Ұмытылмас –
Әр көктем, әр күзіміз.
Қара ормандай орыстың
Ортасында
Қазағымның
Сондағы жалғызы біз.
Көшбасшылар
Уәп пен Бақыт еді,
Екеуі де –
Ұжымға бақ-құт еді.
ХХ ғасырға ризамыз:
Қиын емес,
Бұл қызық уақыт еді.
Иә, кеудеде сөнбесе
Алауымыз,
Жығылмайды ешқашан –
Жалауымыз!
Газет деген ту ұстап,
Тұлпар міндік:
Осы болды –
Тағдырдан қалауымыз.
* * *