Өткен демалыс күндері облыстың жүздеген мың тұрғыны ұялы байланыс операторлары арқылы желдің күшейіп, дауыл соғатыны туралы SMS хабарламасын алды.
Бұл ақпар біреуге жол үстінде, ал кейбіреулерге қонақта отырған жерінде түсті. Тіпті, қауіпсіздік ережелерін сақтауды қаперінде ұстап, жол жүру мен далада жұмыс істеуді кейінге шегергендер де табылды. “Кар Тел”, “Кселл” мен “Теле 2” ұялы байланыс операторларының 337 мыңнан астам абоненті ауа райының нашарлауы туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде және латын әріптері транскрипциясында бір уақытта ақпарат алды.
Міне, осылайша біздің өңірде болуы ықтимал төтенше жағдай (ТЖ) кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі туралы ескерту ақпаратын халыққа жеткізудің жаңа тәсілі алғаш рет қолданылды. Бұл – биыл шілде айында ҚР ТЖМ және ұялы байланыс операторлары арасында халықты ақпараттандыру тәртібі мен оны жүзеге асыру тетігі айқындалған арнайы келісімді жүзеге асыру нәтижесі. Алдағы уақытта қыс мезгіліндегі әртүрлі ТЖ, орман өрттері, су тасуы, т.б. туындауы мен қаупі кезінде, азаматтық қорғаныс және ТЖ саласындағы ҚР заңнама талаптарын орындап, “112 қызметі” кез келген уақытта тұрғындарды жедел ақпараттандыратын болады. Бұл қауіпсіздік деңгейін біршама көтеріп, талай қатердің алдын алуға септігін тигізеді.
СҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.