Тоғыз ай көтеріп, өмірге сәби әкелген әрбір ана өз баласын кеудесіне басып, ақ сүтімен өсіргісі келеді. Бірақ мұндай бақыт көптеген әйелдердің бағына бұйырмай жатады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Оның себеп-салдары әртүрлі. Мұндай кезде, әрине, көмекке бірінші болып ақ халаттылар келіп, қажетті ақыл-кеңестерін береді. Дәрі-дәрмек, жас ананың ағзасына жағымды, құнарлы тамақ, таза ауа, ұйқы сияқты нәрселер көп ретте мұндай мәселенің ана мен баланың пайдасына шешілуіне септігін тигізеді. Бірақ кейбір аналарға бұл тығырықтан шығу оңай емес. Әрине, олар перзентханада болғанда бәрі де ойдағыдай екендігі рас. Себебі, онда ана мен бала үшін барлық жағдай жасалған. Тәулік бойы әрбір үш сағат сайын баланың салмағына сәйкес белгіленген мөлшерде дайын сүт беріліп тұрады. Ал ана үшін ақ сүтке тойып, тәтті ұйқының құшағында жатқан нәрестесін көрудің өзі бір ғанибет емес пе?
Қалай болғанда да мұндай бақытты кезең көпке созылмайды. Арада бірер күн өткен соң, ана мен бала перзентханадан шығады. Енді өмір есігін жаңа ашқан шақалақтың жағдайы не болмақ?
Анада сүт жоқ, я болмаса сәбиіне жетпейді делік. Ал шырылдап жылаған нәресте оны қайдан білсін? Сондықтан да тығырықтан шығар жолды өзіңше іздейсің. Осындай мәселемен жападан-жалғыз қалдым деп ойламаңыз, мемлекет тарапынан мұндай кезде арнайы көмек көрсетіледі. Яғни, ай сайын бір балаға төрт қорап жасанды сүт беріліп тұрады. Бірақ оған сеніп, сан соғып қалатын да кездер болады. Бір қорабың бастапқыда екі күнге, кейін бір тәулікке ғана жетуі мүмкін. Себебі, бала өскен сайын берілетін сүттің мөлшері де арта түседі. Бұл жерде сәбидің түн уақытында да сүт ішетінін ұмытпау керек. Және бір дайындаған сүтті қайта беруге болмайды. Олай істеген кезде сәбидің іші ауырып, мазасы қашады. Ал іші ауырса, баланың салмағы азайып, кейін аурудың асқынып кету қаупі туындайды. Сондықтан да бір себептерге байланысты ішпеген, я болмаса қалған сүтті төгіп тастауға тура келеді. Кеуде сүтін бала тойғанынша іше алады, ал жасанды сүтке түрлі қоспа қосылған соң оны міндетті түрде дәрігер берген мөлшерден асырып дайындауға болмайды. Сонымен тегін сүтке қол жетті дейік. Енді оған қарап отырар болсаңыз, сәбиіңіздің тамағы төрт-бес күн ішінде таусылып қалады. Айдың қалған күндерінде балаға қажетті тамақты қайдан алып беруге болады? Мұндай сұрақ бұрын-соңды менің де ойыма келген емес. Тек өз басым осындай жағдаймен бетпе-бет келгенде ғана оның қаншалықты үлкен және маңызды мәселе екенін түсіндім. “Бұл да қиын болып па, бүгінде дүкен толған жасанды сүт қой”, – деп айтушылар да табылады. Ол да дұрыс. Дүкен сөрелері балаға арналған сүтке лық толып тұр. Саны да, сапасы да әртүрлі. Бағасы 800-ден бастап 1500 теңгеден асып жығылады. Бұл жерде таңдауды, әрине, дәрігер де, ата-ана да жасамайды. Бастапқыда баланың ағзасы қандай сүтті қабылдаса, кейінгі бір жарым жыл ішінде ата-ана сондайын сатып алуға міндетті.
Ал егер Алла берген нәресте егіз болса, не істейсіз? Мұндай кезде, әрине, болған сүттің өзі жетпейді. Сондықтан амалдың жоқтығынан дүкеннің жасанды сүтін сатып аласың. Сонымен санап отырсақ, бір жасқа толғанша айына 20 қорап сүт сатып алу керек. Яғни, екі балаға 40 қорап сүт қажет. Орташа бағамен мың теңгеден алғанның өзінде айына қажетті қаражат қырық мың теңгені құрап отыр. Бір жылда бұл сома 500 мыңға жетіп жығылады. Әрине, жетіп тұрса, бұл қаражат біреулерге аз сияқты болып көрінетін де шығар. Бірақ сәбидің басқа да қажеттіліктері бар ғой. Олардың барлығы да ақшаға келіп тірелетіні рас.
Бүгінде ана мен баланың жағдайын жақсарту үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуда, бірақ осындай сәттер де ескеріліп, болашақта сәбилерге, оның ішінде егіздерге берілетін тегін жасанды сүттің саны тым болмаса екі есеге көбейсе жақсы болар еді.
Сүт сатып алуға қажетті қомақты қаржы әр отбасыдан табыла бермесі анық, сонда ақша болмаса не істеу керек? Осы ретте өмірге егіз қыз әкелген Айгүл есімді жас анамен сөйлесіп едім.
– Қыздарымның туғаны біздің отбасы үшін үлкен қуаныш болды. Тіпті, екі сәбиімді бірден құшағыма басқан кезде бұл өмірде менен асқан бақытты жан жоқ еді. Бұл тағдырдың тартуы деп түсіндім. Бәрі де жақсы ғой, бірақ балапандарымды күнделікті сүтпен қамтамасыз ету мен үшін бір тауқыметке айналды. Ауылды жерде тұрған соң, тегін сүттің өзін алу оңайға соқпады. Сатып алуға басында мүмкіндік болды, кейін ақша жетпеді. Әр ай сайын қырық мыңды қалтамыз көтермей кетті. Сөйтіп, бес айдан бастап, сәбилерге сиырдың сүтін қайнатып беретін болдым. Бала ағзасына бұл дұрыс емес екенін білемін. Дегенмен де, шырылдап жылағаннан гөрі, дәмсіз болса да осындай сүтті беріп, бағуыма тура келді, – дейді жас ана.
Айгүл екеуміз перзентханада танысқанбыз. Екеуміз де сәбилерімізді сүйіп, қуанған сәтте, алда тұрған қиындықтан бейхабар едік. Көп ұзамай оны да көрдік, көндік. Бүгінде балаларымыз жастан асты, ептеп өсіп келеді. Айгүлмен хабарласып тұрамын. Айтуына қарағанда, қыздары жиі ауырып қала береді екен. Бұл жерде сапасыз сүттің салдары бар екені айтпаса да түсінікті.
Тұңғышын жасанды сүтпен өсірген аналардың бірі – Гүлсара Хамитова да осындай қиындықты өз басынан өткізгендердің бірі.
– Балам әжептәуір салмақпен туды. Арада екі ай өткен соң, сүтке тоймай, жылауды көбейтті. Сөйтіп амал жоқ, жасанды сүт беріп отыруға тура келді. Ол да қымбат дүние екен ғой?! Күйеуімнің ақшасы қайда жетсін? Бала күтіміне төленетін қаражат та мардымсыз. Сонымен жеті айдан асқан соң сиыр сүтін қайнатып, бал қосып беретін болдым. Басқа амалым болмады, – дейді ол.
Иә, сөздің шынын айтар болсақ, сиыр сүті балаға емес, бұзауға берілетін дүние ғой. Ауданды қоя тұрып, шалғай ауылды жерлердің өзінде қаншама бала осылай өсіп келеді десеңізші?! Әрине, бұл жерде барлық жасанды сүт ішетін сәбилер осылай өседі деуден аулақпыз. Бірақ та бұл тізім де қысқа емес екеніне күмән жоқ. Күні ертең олардың денсаулығы не болады сонда? Ана болған соң, осыны да ойлайсың. Бөтен бала жоқ қой, бәрі де өз бауырыңдай, жаның ашиды.
Сәбилер өмірге күн санап келіп жатыр. Олардың ішінде егіздері қаншама? Аз ғана қазақ санының қос-қостап көбейіп жатқанын Алланың берген ризығы десек, артық айтқан болмас едік. Бірақ бар қуанышты осындай “әттегенайлар” бұзып жіберетіні де бар.
Тәубе, әйтеуір сиыр сүтін біздің балалар ішкен жоқ. Осы мақсатта сүт алу үшін “темір тұлпарды” да сатып жібердік. Енді жарты жыл шыдасақ, бізбен бірге дастарқан басына отырып, ұнатқан тамағын ішетін күн де келеді деген үміттеміз. Осымен біздің қиындық ақырындап аяқталып келеді, бірақ балалар сағат санап өмірге келіп жатыр ғой. Олардың бәріне болмаса да әрбір үшіншісіне жасанды сүт қажет. Сондықтан да осы мәселе болашақта шешімін тауып жатса игі болар еді.