«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлзат ӘЛЖАНОВА,
облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтының деңгейлік бағдарламалар
орталығының жаттықтырушысы.

Қазіргі Қазақстан мектептеріндегі жаңа өзгерістер әлемдік білім беру жүйесінің озық тәжірибесін пайдалана отырып, тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін жаңашылдықтарды іздестіруге және оларды қолдануға бағытталған. Жаңа білім жүйесімен жарқын болашаққа ұмтылу мақсатында Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес Назарбаев Зияткерлік мектебі жанынан құрылған педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен педагогтерге арналған үш айлық курстар өткізіліп келеді. Курс педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін арнайы жеті модуль түрінде берілген. Бағдарламаның міндеті – мұғалімдердің оқушылардың өз бетімен білім алуын, өзін-өзі реттеуін жетілдіріп, оларды адамдармен диалог жүргізе алатын, алған білімдерін өмірде қолдана алатын, шығармашыл және қазіргі заманда табысты өмір сүретін, белсенді азаматтар ретінде қалыптастыруын қамтамасыз ету. Бағдарламаны игерген педагогтер жаңалықтың қажеттілігін дәлелдеу арқылы қандай әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігін және оларды өз сабағында қолдану туралы шешім қабылдайды. Содан кейін мұғалім іс-әрекеттің екінші кезеңіне көшеді, яғни іске асыру кезеңін зерттеп, жоспар құрып, жаңалықты енгізеді. Бұл кезеңде мұғалім оқу үдерісінде осындай іс-әрекеттерді енгізу үшін менде қандай кедергі бар деген сұрақ қоя отырып, оны шешудің жолдарын іздестіреді. Ол өзіне тән кедергілерден арыла алғанда ғана өз тәжірибесінің нәтижесін көре алады.

Жаңа тәсілдермен жұмыс істеу барысында мұғалім мол тәжірибе жинай отырып, оқушының нені білетінін, нені меңгеретінін, нені меңгергенін кері байланыс жасау арқылы біле алады.

Сабақтағы мұғалімнің міндетіне өзгерістерді не үшін енгізу керек? Себебі, мұғалімнің сабақ жоспарына қарағанда, ол сабақтағы оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы тең құқылы болуы тиіс. Егер мұғалім сабақта әр оқушының өз деңгейінде ойлануына, пікір айтуына мүмкіндік жасамаса, көпшілік оқушы: “Бұл менің қолымнан келмейді” деп, үйренуге құлықсыз болады. Сондықтан сабақта мұғалім мен оқушылар әрекеті әр оқушының өз деңгейінен әрі қарай дамуына бағытталса ғана олар үйренуге ынталы болады.

Мұғалімдер осы жаңа тәсілдерді қолдану барысында оқушылардың қызығушылықтарын арттырады және оқытудағы іс-әрекеттері жақсара түседі деп ойлаймын. Ағылшындықтардың тәжірибесіне сүйене отырып, мұғалімдер сыныпты “белсенді сыныпқа” айналдыруды көздегенде оқушылар бір-бірімен сөйлеседі, мұғалімге және өзінің сыныптастарына сұрақтар қояды, басқа балалармен жұмыс істеу үшін бөлме ішінде қозғалады, бір-бірінен жазбалар жасайды, балалар бір-біріне бетпе-бет отырады, өздерін еркін ұстайды және бір-бірімен ой бөліседі. Мұғалім оларды мұқият тыңдайды. Яғни, мұғалім бұл жерде бағыт-бағдар беруші тұлға ретінде болады.

Педагогтер осы жаңа тәсілдерді қолдану барысында оқушылардың белсенділігі артады, әр сабақтың өмірмен байланысын байқайды, алған білімін тұрмыста қолдануға үйренеді, топпен, жұппен жеке жұмыс істеуге, сыни ойлауға, уақытты тиімді пайдалануға, рефлексия жазуға, бағалау критерийлерін ұстануға, жобаларды жоспарлауға, өз ойларын нақты жеткізе білуге, сұраққа нақты жауап беруге, өз-өздерін бақылап, бағалауды үйренеді, пәнге деген басқа көзқарас пайда болады. Барлық сабақтар сыни тұрғыдан ойлауға бағытталған тапсырмалар құрастырылып, оқушыларды логикалық ойлауға бағытталған болса, көп көмегін тигізетіні белгілі. Сыни тұрғыдан ойлау – оқушының ой қозғап, өзгелердің ойына сын көзбен қарап, естіген, білгенін талдап, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, топтық жұмыс арқылы бірлесіп шығармашылық жұмыс жасауына ықпал етеді.

Мұғалім сыни тұрғыдан ойлау модулінің басқа да стратегияларын меңгеріп, тек оқушыларға сабақ бергенде ғана емес, тәрбие сағаттарында, ата-аналармен жұмыс жүргізгенде және жалпы мәселелерді шешкенде де қолдана алса, нәтижеге жете алады.

Білім берудің жаңа тәсілдерін үйреткенде, білім беруге деген жаңа көзқарастарды түсіндіргенде, мұғалімнің қиындықтары тұрғысынан талдаулар жасап отыратын болса, жақсы қабылданады деп ойлаймын. Бағдарламаның берері, алдымен, мұғалім үшін оқу материалдарын оқушыға дайын күйінде көрсету емес, оқушымен бірлесіп, сабақ үрдісін ұйымдастырушы, бағыттаушы ретінде болуы, ал оқушы үшін білімді өздігінен жан-жақты ізденуі, мәселені анықтай алуы, өзіндік тұжырым жасай алуы, өзіндік баға беруге дағдылануы, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға үйренуі және дәлелдей алуы, белгілі бір деңгейде пікірталасты жүргізе білу қабілеттері қалыптасады. Ең бастысы – өмірлік мәселелерді сындарлы ойлау арқылы саналы түрде шеше білу сияқты оқушы бойына сіңірілген білім-білік дағдылары оның нәтижесі болмақ. Осы орайда қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан жаңа бағдарлама мазмұны күрделі үдеріс болып отырғандықтан, мұғалімнің оқыту шеберлігін толық игеріп шығуы – бүкіл ғұмыр еншісіндегі мәселе. Міне, сол себепті де практикаға үнемі ерекше назар аударылатын болса, мұғалімдер қызмет барысында өзін жетілдіруді жалғастыра бермек.

Ұлы Әл-Фараби: “Білімді адам көп нәрсені біледі және қабілеті, дарыны арқылы басқа белгісіз нәрселерді өз бетінше аша алады” деген екен. Ең бастысы – мұғалім үнемі ізденіс үстінде болуы керек.

Петропавл қаласы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp