«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛПА-ҒҰМЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлпа ҚАЛИХАНҚЫЗЫНА
Әйелдердің ғұмыры – ұлпа-ғұмыр:
Әншілері үкі мен гүл тағып жүр.
Әрқайсысы болғанмен тал шыбықтай,
Ұлтымызды байытқан ұрпағы дүр.

Ұлпа-ғұмыр бесікте басталады,
Ұрпақ мамық жастықты жастанады.
Ұлпа жүнді жұқалап салған көрпе
Нәрестенің астына тасталады.


Міне, осылай ұқсайсың балапанға,
Ұлпадайсың үлпілдер алақанда.
Астың, үстің – бәрі де мамық болып,
Талпынасың сәулеге, ала таңға…

Балалық шақ өтеді үлп-үлп етіп,
Күбідегі қымыздай күмп-күмп етіп.
Тыныштықты бұзады жүрек қана, –
Ақ ұлпаны ұрғылап дүңк-дүңк етіп.

Жас кезіңде өзің де ұлпадайсың,
Жан-жағыңды көрпемен қымтамайсың.
Жігіт болсаң – арадай бал іздейсің,
Ал қыз болсаң – басыңа гүл қадайсың.

Ұлпа-ғұмыр ұнайды әр адамға:
Бұлғын жаға мойныңды орағанда,
Құндыз, күзен төбеңде жалт-жұлт етсе,
Көздің жауын алмай ма қарағанда?!

Мамық көрпе, құс жастық,
құс төсегің –
Бұлар толар жұмысын істесе кім.
Соның бәрін көп қонақ пайдаланса,
Орындалған секілді ішкі есебің.

Сөйтіп жүріп қарттыққа кез боласың,
Құндыз болып сонда да қозғаласың.
Үлбірейсің үлпілдеп үкідей боп,
Ұлпа-ғұмыр әлі де тозбағасын…

Әйелдердің ғұмыры – ұлпа-ғұмыр,
Әншілері үкі мен гүл тағып жүр.
Әрқайсысы болғанмен тал шыбықтай,
Ұлтымызды байытқан ұрпағы дүр!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp