«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАСТАР СЕНІМІН АҚТАҒАН АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Республикамыздың жекелеген аумақтарында жергілікті билік органдарының басшыларын баламалы түрде алғаш рет сайлау осыдан 12 жыл бұрын эксперимент ретінде өткізілген болатын. Оған облысымыздағы Есіл ауданының Заречный ауылдық округі еніп, 4 жылдан бері жергілікті органды басқарып, тәжірибе жинақтап үлгерген Қайрат Әбілғазин жұртшылықтың қалауымен әкім болып сайланған-ды. Биыл еліміз бойынша тұңғыш рет өткізілген халық қалаулыларының таңдауында да Қайрат Ахметжанұлына бірауыздан сенім білдірілді. 

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

– Жергілікті органдардың басшыларын баламалы түрде сайлау алғаш рет эксперимент ретінде біздің облыстың екі округі мен бір ауданында өткізілді. Бұл кезде жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң қабылдана қоймағандықтан, аталмыш сайлау өзінің алдына қойған мақсатын орындай алмады. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, ауылдық округтің өзіне тиесілі бюджеті болмады. Сондықтан жергілікті жердегі көкейкесті мәселелерді округ аумағындағы агроқұрылымдар басшыларының жәрдемімен және жоғары жақтан бөлінетін қаржы арқылы ғана шешуге болатын. Былайша айтқанда, жергілікті басшыларға бас иіп баруымызға тура келетін. Олар жағдайды түсініп, көне қойса – жақсы. Көнбесе ше? Жекеменшіктің аты – жекеменшік. Сонымен бұл сайлау эксперимент түрінде қалды да, екі жылдан кейін ауылдық округтердің әкімдерін бұрынғысынша жоғары жақтан тағайындайтын болды, – дейді 16 жылдан бері ауылдың отымен кіріп, күлімен шығып дегендей, мол тәжірибе жинап үлгерген Заречный ауылдық округінің әкімі Қайрат Әбілғазин. Қайрат Ахметжанұлының айтуынша, жаңадан сайланған жергілікті органның басшыларына округ аумағындағы көкейкесті мәселелерді шешу үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр. – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау қорытындысына арналған Үндеуінде айтылғандай, жергілікті әкімдердің мүмкіндіктері күшейтілді. Қолданыстағы заңдарға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге байланысты аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің әкімдеріне 67 функция бекітіліп берілді. Сондықтан жаңадан сайланған ауыл әкімдері алдағы 4 жылда жергілікті маңызы бар көкейкесті мәселелерді дербес және жауапкершілікпен шешуге міндетті.

Заречный ауылдық округіне Чириковка, Алқа, Гурьяновка, Жаңалық, Қарағаш, Луговое, Орталық елді мекендері қарайды. Ондағы 473 отбасында 1541 адам түтін түтетіп отыр. Олардың 749-ы округ аумағындағы 8 ЖШС-де, 19 ШҚ-да, 3 фермерлік шаруашылықта, 14 кәсіпорында, білім, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінде еңбек етеді. Жергілікті тұрғындардың 212-сі – зейнеткер, 59-ы – мүгедек, 191-і – оқушы, 91-і – студент. Аталмыш елді мекендерде 3 мектеп, 2 мектепке дейінгі мекеме, 1 Мәдениет үйі, 3 кітапхана, 1 дәрігерлік амбулаторий, 3 медициналық қосын жұмыс істейді.  

Ауылдық округтің аппараты бұрынғы кеңшардан қалған екі қабатты ғимаратқа орналасқан. Соңғы сайлауға байланысты аппарат штаты 1 маманға көбейіп, 5 бірлікке жетіпті. Жергілікті пошта, дәрігерлік амбулаторий, учаскелік инспектор кабинеті де осы ғимаратта.

– Округ аумағында мемлекеттік ветеринарлық дәрігер мен лицензиялы ветеринарлық дәрігер еңбек етеді. Таяуда олар “Нива” қызмет көлігімен қамтамасыз етілді. Ғимараттың бірінші қабатының бір бөлігін ветеринарлық қосынға арнап, жөндеуден өткіздік. Сөйтіп бүгінгі күні аса мән беріліп отырған құрылымның алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасадық. Өйткені, ауылдық округке қарайтын 7 ауылда 1305 бас ірі қара, 2411 қой-ешкі, 735 жылқы, 368 шошқа бар. Мал басын асылдандыру, қосалқы шаруашылықтарды дамыту міндеті қойылып отырған шақта ветеринарлық қызметтің атқаратын жұмысы да қомақты. Мемлекеттік мал дәрігері Балтабек Қанафин мен лицензиялы маман Александр Шаповал – өз ісінің білгірлері. Соңғы жылдары туберкулез, бруцеллез сияқты жұқпалы мал аурулары тіркелген жоқ. Жан-жақты көрсетіліп отырған көмекті олардың тиімді пайдаланатындығына сенімдімін, – дейді жергілікті әкім.

Бір кездері кеңшар орталығы болған Қарағаш ауылы Петропавл-Сергеевка тас жолынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл тұрғындары тазартқыш қондырғысы бар жерасты суын пайдаланады. Екі аралықтағы жолдың 4 шақырымын жөндеуге бөлінген 10,9 млн. теңге қаржы толығымен игерілген. Ауыл тұрғыны Данияр Ғайсин “Сыбаға” бағдарламасы арқылы бөлінген 4 млн. теңге несиеге 20 бас асылтұқымды ірі қара мен 1 бұқа алып, қосалқы шаруашылығын ірілендіруге бағыт ұстанып отыр.

Округ орталығы Чириковка ауылындағы осыдан жарты ғасыр бұрын тартылған су құбырының ұзындығы 13 шақырымды құрайды. Соның 4,2 шақырымы жаңартылған. Әкімнің айтуына қарағанда қалған бөлігін қалпына келтіру, ауызсуды үйді-үйге енгізу “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша 2014-2015 жылдарға жоспарланып отыр. 

Осы елді мекендегі жеке кәсіпкер Жасұлан Есқожанов отын дайындаумен айналысады. Қожалықтың меншігінде заман талабына сай мал сою алаңы, шаштараз, дүкен, “Әлішер” дәмханасы бар.

– Елді мекендердің тазалығына ерекше мән береміз. Бұл тұрғыда жергілікті ЖШС-лер мен ШҚ-лар басшыларының көрсетіп отырған көмегі орасан зор. Ауылдардағы қоқыс төгуге арнайы бөлінген жерлердің барлығы тәртіпке келтірілді. Оған 379 мың теңге жұмсалды. Көшелердегі жолдарды тегістеуге 411 мың теңге бөлінді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай орталық қоныста демалыс бағын ашып, оған 200 түп қарағай, 150 түп қайың ектік. Серіктестіктер мен шаруа қожалықтары бірлесіп, хоккей кортын жасады. “Заречный” ЖШС оқушылардың хоккей командасын арнайы формамен қамтамасыз етті, – дейді Қайрат Ахметжанұлы.

Су мұнаралары, монша, пайдаланылмай тұрған мал қоралары сияқты иесіз нысандар енді ауылдық округтің меншігіне беріліп отыр. Жергілікті әкімдік соларды ретіне қарай пайда көзіне айналдыруға тиіс.

Әкімнің айтуына қарағанда, жоспар бойынша 1,5 млн. теңгедей мүлік, жер және көлік салығы жиналады. Агроқұрылымдардан түсетін салық 2 млн. теңгедей.

Округ аумағындағы ЖШС-лер мен ШҚ-лар биыл 23945 гектар егістік алқаптың 20706 гектарына бидай, 1500-іне майлы дақыл еккен болатын. Өнген астық ысырапсыз жинап алынып, гектар берекелілігі орта есеппен 12 центнерден айналыпты. “Российский”, “Восход” ШҚ-лары 16-17 центнерлік өнімге қол жеткізген. Елді мекендердегіі жергілікті тұрғындарды дер кезінде отынмен және жемшөппен қамтамасыз етіп отырған да – осы шаруашылықтар.

– Округ аумағындағы 7 ауылдың 4-нде мектеп, 3-нде медициналық қосын жоқ. Соған орай жергілікті тұрғындардың көкейкесті мәселелерін шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Өзім кезінде “Заречный” кеңшарында бас зоотехник болып еңбек еткендіктен, ауыл тұрғындарына қарағаштық Данияр Ғайсин, чириковкалық Жасұлан Есқожанов сияқты кәсіпкерлерді үнемі үлгі етіп жүремін. Жоқтан бар жасағанға, барды ұқсата білгенге не жетсін?! Заманға қарай қимылдауымыз қажет. Ешкім саған барын бөліп бермейді. Оның күні өткен. Ауылдастарым соны түсінсе екен деймін. Сол үшін еңбек етіп жатырмыз, – дейді Заречный ауылдық округінің әкімі Қайрат Әбілғазин.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp