Бейсенбі күні Мұрат Қадырбектің төрағалығымен өткен Тәртіптік кеңестің отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы бұрмалауға жол берді деген кінә тағылған екі басшыны қызметінен босату туралы ұсыныс қабылданды.
Олардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Александр Трикачев. Аудандық прокуратураның ұсынымына қарағанда, ол лауазымды тұлға ретінде “Авхадов және К” ЖШС-нің мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес келісімшарт жасау туралы өтінішін уақытында тіркетіп, қарамаған. Сондай-ақ “Қанат МСО” ЖШС-нің бірнеше өтінішіне де заңнамада белгіленген мерзімде уәжді жауап бермеген. Бұған қоса, аудандық прокуратура аталмыш бөлім басшысы тарапынан Булаев топтық су құбырының Қарақоға ауылы – темір жол қосалқы станциясы – Ноғайбай ауылы бағытындағы су тарату желісін салу кезінде жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілмеген жұмыстарға ақы төлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын өрескел бұзушылыққа жол бергенін де мәлімдеді. Оның үстіне Александр Трикачев бұған дейін де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалағандығы үшін тәртіптік жазаға тартылған болып шықты. Осының бәрін ескере келе, Тәртіптік кеңес мүшелері оны сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын бұрмалаушылыққа жол бергені үшін қызметінен босату жөн деген ортақ ұйғарымға келді.
Ал Петропавл қаласындағы “Солнышко” бөбекжай-бақшасы” коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры Светлана Великотравты Қаржы бақылау инспекциясының ұсынымы бойынша қызметінен босату туралы ұсыныс жасалатын болды. Оған бөбекжай-бақшаның кейбір қызметкерлеріне еңбекақы төлеуде және жұмысқа қабылдауда қателіктерге жол берді деген кінә тағылып отыр. Осындай кемшіліктері үшін С.Великотрав бұған дейін қалалық Білім бөлімі тарапынан сөгіс алып, жазаланғанымен, Тәртіптік кеңес мүшелері оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы бұрмалағандығы үшін қатаң жазаға тарту керек деп ұйғарды. Сондай-ақ бөбекжай-бақшаның есепшісі Лариса Гарачкунге өз қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту беру жөн деп шешілді. Айта кету керек, олардың екеуі де өздеріне Қаржы бақылау инспекциясы тарапынан тағылған кінәларды мойындамай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотқа жүгініп отыр. Сондықтан да бұл тәртіптік істің соңғы нүктесін сот органдары қоятын болады.
Тәртіптік кеңесте Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасы жедел-криминалистік бөлімінің криминалисі Ринат Ибраевтың үстінен қалалық прокуратура ұсынымы бойынша қозғалған тәртіптік іс те қаралып, оған тергеу жүргізуші кезінде қылмыстық істерді қарауда сыбайластық жемқорлыққа жағдай жасайтын бұрмалаушылыққа жол берді деген кінә тағылды. Бұл мәселе қызу талқыланып, ақыры көпшілік дауыспен Р.Ибраевқа қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту беру туралы ұсыныс қолдау тапты. Ал СҚО Ішкі істер департаментінің қызметкері Айрат Исмағұловтың кінәсі Қаржы полициясы департаментінің тарапынан жеткілікті дәлелденбегендіктен, оның үстінен қозғалған тәртіптік істі қысқарту туралы шешім де көпшілік дауыспен қабылданды.
(Өз тілшімізден).