«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРМАНШЫЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл күні өсімдік әлемін өрттен, табиғи апаттардан қорғап, жасыл желек өсіруді өмірлік ісі етіп таңдаған ардақты жандарға құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты.

Назерке ТҰРСЫНОВА,

журналист.

Мерекелік шара, ең алдымен, көшет егуден басталды. Өңір басшысынан бөлек, мұнда орман ісін кәсіп еткен ардагерлермен қатар күні бүгін орманшылықпен айналысып жүрген жұмысшылар да шырша отырғызды. Осылайша Явленкадағы жасыл желек тағы 50 түп шыршаға көбейді.  

Артынша өңір басшысы құрылысы бір аптадан соң аяқталайын деп тұрған “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының жаңа нысанын аралады. 2 қабаттан тұратын ғимаратта 7 кабинет пен 60 адамға шақталған акт залы бар. Енді аз уақытта партия қызметкерлері өз жұмыстарын осында жалғастырмақ. Сондай-ақ бұл күні орман шаруашылығы қызметкерлері өз өнімдерінен көрме жасап, Самат Ескендіровтің назарына ұсынды. Мұнда ағаштан жасалған заттар қойылған.

2005 жылдан бастап “Жасыл ел” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өңірімізде 20 жыл ішінде жалпы аумағы 15 мың га. астам жерге жасыл желек отырғызылды. Міне, сол жұмыстарды адал атқарып жүрген орман шаруашылығы қызметкерлерін өңір жетекшісі кәсіби мерекемен құттықтап, аталмыш салада еңбеккерлерінің еңбегі өлшеусіз бағалы екенін айтып өтіп, қызметтеріне табыс, отбасыларына бақыт тіледі.

Ұзақ жылғы адал еңбегі және орман қорын сақтауға қосқан зор үлесі үшін бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Биыл алғаш рет “Үздік орман пайдаланушысы” атты байқау ұйымдастырылды. Өңірімізде 27 орман шаруашылығы болса, соның 17-сі сынға түсіпті. Жиында доданың қорытындысы жария етіліп, “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі үздік деп танылды. Бұл кәсіпкерлік 12 жыл бойы түрлі шаруаға жарар бұйымдар жасап келеді. Отын дайындап, құрылыс материалдарын әзірлейді. Өндіріс қалдықсыз. Биыл еуроотын әзірлейтін зауыт құрылысын бастапты.

Мереке аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары даярлаған концертке ұласты.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp