Жақында облыстық Балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығында төтенше жағдайлар қызметінің құрылған күніне орайластырылған суреттер және плакаттар байқауы өтті.
Дмитрий РАСТИХИН,
Петропавл қаласы
ТЖБ-нің аға инженері.
Облыстағы мектептерден және қосымша білім беру мекемелерінен келген 100-ден аса оқушы байқауда жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінді. Сайыскерлер еркін мәнер мен жанрда “Мен құтқарушы болар ем, үйретсе егер”, “Өртсөндіруші құтқарушылар қызметіндегі техника”, “От – дос, от – жау”, “Мен елестететін құтқарушылар бейнесі”, “Біздің ғасырдағы апат пен зіл-зала” тақырыптары бойынша еңбектенді.
Байқау мәресіне жетіп, марапаттау рәсімін СҚО ТЖД Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Атығаев ашты. Ол байқауға қатысушыларға алғысын білдіріп, барлық еңбектер қауіпсіз және бейбіт өмірді насихаттайтын терең мазмұнға ие екенін айтты. Байқау қорытындысы бойынша 14 оқушы жеңімпаз атанып, олардың 4-еуі бірінші орынға ие болып, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.