“Дін және патриотизм”. Бұл – бұрнағы күні өңірімізде өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияның тақырыбы. Дін істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Марат Әзілхановтың қатысуымен өткен шарада діндегі отансүйгіштік ұғымы жан-жақты сараланды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Конференцияға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов өңір басшысы Самат Ескендіровтің шараға қатысушыларға құттықтауын жеткізгеннен кейін жергілікті жердегі діни ахуалмен таныстырды. Бүгінде облыс аумағында 132 діни бірлестік, 160 діни нысан жұмыс істейді.
Ал Астана қаласы мен Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарының Дін істері жөніндегі және Ішкі саясат басқармаларының, әскери құрылымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, студенттердің алдында Марат Әзілханов “Дін және патриотизм” тақырыбында өз ойын білдірді. Бүгінде жас буынды жат ағымның шырмауынан сақтау – өзекті мәселе. Әсіресе, жерімізге өгей, ділімізге жат теріс діни ағымдар адамды рухани тұрғыдан жояды, деген Марат Алмасұлы өзін-өзі қорғай алмайтын адам Отанның берік тірегі бола алмайтындығын жеткізді. Ал Отанды сүю мен құрметтеу – дәстүрлі діндерде асыл міндеттердің бірі ретінде аталған.
– ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан әр адамның құқықтарымен қатар, міндеттері де бар. Өз құқықтарын барынша пайдалана алатын азамат ел алдындағы міндеттерін де қалтқысыз орындауы тиіс. Жат діни ағымдар аталмыш міндеттерді орындаудан бас тартуға насихаттайды, – деді Марат Әзілханов.
Қоғамдық тәртіпке қарама-қайшы көзқарас қалыптастырған, санасы адасқан азамат ата-анадан, туыс-туғаннан қол үзеді. Мұндай адамға Отанның да маңыздылығы шамалы.
Ал Отан қорғау азаматтың парызы ғана емес, тікелей міндеті болып саналатын әскерилердің діни нанымсенімі жайлы баяндаған ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерінің идеологиялық жұмыс орталығының бастығы Евгений Федоров Отан қорғаушылар Жаратқанға бір адамдай сенсе де, діни парызды орындауда бірқатар шектеу қойылып отырғандығын жеткізді. Себебі, бұл әскерилердің тікелей міндеттерін атқаруға кедергі болуы мүмкін. Ол үшін әскерилер арасында түсіндіру жұмысы жүргізіледі екен.
Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитеті басқармасының басшысы Мақсат Мәжитов көтеріліп отырған өзекті мәселеге байланысты қабылданған іс-шаралармен таныстырды. Үстіміздегі жылдан бастап барлық білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие жұмысын күшейту жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Аталмыш жоспардың негізгі мақсаты – тұлғаның Қазақстан азаматы және патриот ретінде қалыптасуына көңіл бөле отырып, барлық оқу үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту. Төрт бағыттан тұратын кешенді жүзеге асыру арқылы қазақстандық патриотизмді, азаматтық сана-сезімді, жалпы мәдениетті, саламатты өмір салтын қалыптастыруға қол жеткізілмек. Ал дәстүрлі дін өкілдерінің атынан мінбеге көтерілген облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді Құран Кәрімдегі өзіңе сеніп тапсырылған асыл құндылықтарды сақтау мен қорғауға қатысты ойларды жеткізіп, Отанды сүю отбасыдан басталатындығын қайталаса, Петропавл және Булаев епископы Гурий дәстүрлі діндердің барлығы игі істерді жасауға шақыратындығын айтты.
Конференция барысында қоғамдық бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері де аталмыш бағытта өздерінің атқарған жұмыстарын баяндады. Конференция соңында оған қатысушылар Үндеу қабылдады.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.