«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЪЕЗД ШЕШІМДЕРІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ – нұротандықтардың басты міндеті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бейсенбі күні “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің партияның кезектен тыс ХV съезінің шешімдерін жүзеге асыруға арналған кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда алда тұрған келелі міндеттер жайлы филиал төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров баяндама жасады. Отырысқа аумақтық филиалдардың төрағалары мен олардың бірінші орынбасарлары, съезд делегаттары, жергілікті мәслихаттардың депутаттары, “Жас Отан” жастар қанатының белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық филиалдың төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров елорда – Астанада өткен “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс ХV съезінің тарихи маңызын сөз ете келіп, осынау саяси жиынға Қызылжар өңірінен 78 адамнан құралған делегация қатысқанын, партияның Саяси кеңесінің жаңартылған құрамына Солтүстік Қазақстан облысынан “Мәмбетов және К” КС бас директоры Еркебұлан Мәмбетов пен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласбаева, Тексеру комиссиясының құрамына облыстық мәслихаттың депутаты Райхан Әбдірахманова сайланғанын жеткізді. Самат Сапарбекұлы съезде баяндама жасаған “Нұр Отан” партиясының Төрағасы ҚР Президенті, Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХХІ ғасырдағы көшбасшылығының 7 міндетін айқындап бергендігін айтты. Олар – “Нұр Отан” – басты патриоттық күш, жалпыұлттық бірліктің орталық буыны, азаматтық қоғамның көшбасшысы, экономикалық және әлеуметтік инновациялардың жалпыұлттық эпицентрі, жалпыхалықтық бақылаудың басты құралы, жастар белсенді қолдау көрсететін партия болуы, біздің мемлекетіміздің басты сыртқы саяси құндылықтарын белсенді жақтап және алға бастыруы тиіс. Сонымен бірге партияның атрибуттары өзгерді: партия атауынан “халықтық-демократиялық” деген сөз алынып тасталып, “Нұр Отан” партиясы деп аталатын болды; партияның жаңа эмблемасы қабылданды, съезде партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Самат Ескендіров “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыруға байланысты атқарылып жатқан шараларды тілге тиек ете келіп, нұротандықтар мен бүкіл солтүстікқазақстандықтардың алдында тұрған міндеттерге тоқталды.  

– Біздің елімізді жарқын болашақ күтіп тұр, оған біз сенімдіміз. Оның іргетасын бүгіннен бастап қалау үстіндеміз. Алда тұрған міндет – қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану, ортақ ісімізді келісе отырып атқару. Барлығы да біздің ортақ игілігіміз, байтақ еліміздің гүлденуі үшін жасалуда. Президенттің айтқанындай, біз өзімізді ұдайы қамшылап, алға ұмтыла білсек қана, “Қазақстан – 2050” Стратегиясындағы биік мақсаттарға жете аламыз. Партиямыз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Мәңгілік елді бірге жасайық! – деді сөзінің соңында Самат Сапарбекұлы.

Саяси кеңес отырысында облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов, Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясының директоры Гүлжан Жақанова, Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов, “Нұр Отан” партиясы Шал ақын аудандық филиалы төрағасының орынбасары Елена Кузичева, “Жас Отан” жастар қанатының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұса Танақұлов съезде қабылданған кешенді бағдарламаның артықшылығы жайында ой қозғап, өздерінің ұсыныстары мен тілектерін ортаға салды.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp