«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛДЕР КӨПБАЛАЛЫ БОЛУҒА “КЕТ ӘРІ” ЕМЕС, бірақ, “көрпелеріне қарай көсілуге” мәжбүр…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында қонақта болдым. Ерлер жағы жиналғанша, қыз-келіншектер әңгіме-дүкен құрдық. Басты тақырыбымыз бала мен оның тәрбиесі туралы. Жеңгелердің бір бөлігі отыздан асқан соң балалы болудың керегі жоқ десе, қалғандары ондай ойға үзілді-кесілді қарсы шықты.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Балалы үй – базар” деген нақыл бар. Бірақ, үйдің өзі базар болу үшін, ең алдымен, оның ажарын келтіріп алу керек қой. Әңгімеміздің өзегі де осы жайында . Сөздің шыны керек, қазіргі жастардың дені көпбалалы болуды қаламайды. Олар бәрін таразылап, жоспарлап, болашақта бір-екі баламыз болса деп ойлайды. Сонымен, сәті түссе, бұл арман отызға келгенше орындалып та қалады. Ал енді отыздан асқан соң қалай болмақ? Міне, мәселе сонда туындайды.

Ең бастысы – жастың келіп қалуы. Яғни, отыздан асқан соң бала көтеру, оны дүниеге әкелу оңай емес. Сонымен қатар, осы кезде әйел адам жұмысқа әбден бейімделіп, ендігі кезекте тағы да ана болудан гөрі алдыңғы перзенттерін қанаттандырып алуды мақсат етеді. Ал отыз бестен асып, қырыққа аяқ басқан кезде мұндай ой тіпті алыстап кетеді. Бүгінде бала санының аз болып тұрғандығының бір себебі де осында. Дегенмен де қиындыққа мойымай, өмірге бір емес, он-он екі бала әкеліп, бүгінде шөбере сүйіп отырған әжелерімізге қарасаң, таңғаласың. Шынымен де олар алтын құрсақ аналар емес пе?! Осынша баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп, қатарға қосу деген ерлік қой. Ал бүгінгі келіндердің бойынан осындай қасиетті көруге бола ма? Мүмкін, бірақ, ондайларды саусақпен санауға болатын шығар.  

Ал олардың өздері не айтар екен?

Анар Ізбасарова,

екі баланың анасы:

– Жасым отыздан асты. Бірақ, оның балалы болуға ешбір кедергісі жоқ. Тек мен үйде жалғыз өзім жұмыс істеп, ақша табушымын. Күйеуім жұмыссыз. Күні ертең сәбилі болсам, кемінде бір жыл үйде отыруға тура келеді. Қаражаттан қиналатын боламыз. Өйткені, кіріс болмай қалады. Сондықтан да ол тек арман ғана ғой. Екі баламды оқыта алсам да жарар.

Жібек Алпысбаева,

үш баланың анасы:

– Ана болу, перзент сүю – бұл Алланың бізге берген бір сыйы деп ойлаймын. Сондықтан да “енді бала туғым келмейді” деп айтқандарға сене бергім келмейді. Балалы болу – әр әйелдің арманы. Менің балаларым ержетті. Үлкені он беске келіп қалды. Кенжем төрт жаста. Соның өзінде кішкентай баланың иісін сағынамын. Әрине, жағдай болса, туып алар едім. Бірақ, барлық жұмысты жиып тастап, ондай “батырлыққа” бара алмаймын. Қазіргі заманның талабы басқа.

Ұлтуған Әлжанова,

“Алтын алқалы” ана:

– Мен өмірге он бір бала әкелдім. Осы уақытқа дейін бір де өкініп көрген емеспін. Шүкір, әр бала дүниеге өз несібесімен келді. Қазір шөбере, шөпшек көріп, бақытқа бөленіп отырған жайым бар. Келіндерім бар, бірақ олардың ішінде әлі көпбалалы атанғаны жоқ. Бір, екі баладан ғана. Енді не дейсің? Қазір өмір басқаша шығар. Әйтеуір, бәрі жұмысбасты болып кетті ғой. Алдымен үй керек дейді, содан кейін оның ішін дүниемен толтыру үшін еңбектенеді. Міне, осылай өмірдің қалай өтіп бара жатқанын да сезбей қалады. Бұрын үлкендер “Үйің үй-ақ екен – ішінде ойнайтын бала болса” деп тегін айтпаған ғой. Ойланған адамға осы сөз-ақ жетіп болады.

Айсара Жанұзақова,

“Күміс алқалы” ана:

– Қазақ бала санын санамайды, айтпайды. Дегенмен де қазір, сондай күнге де жеттік қой. Шыны керек, бүгін көпбалалы болуға жағдай да жоқ. Үй, жұмыс, одан қалды өмірдің үлкенді-кішілі проблемалары да жетерлік. Осыдан бірер жыл бұрын “Ұрпақ қоры” бағдарламасы шығып, жақсы болып қалып еді. Келіндер кәдімгідей қуанып, сәби сүюге құштарлығы арта түсіп еді. Бірақ, ол да көпке созылмады. Бағдарлама жабылып, қуаныш су сепкендей басылды. Бірақ, үміт оты әлі де сөнген жоқ.

Міне, тыңдай берсек, айтылар пікірлер осындай. Әйелдердің көбі отыздан асса да, қырыққа келсе де, балалы болуды қалайды екен. Бірақ, әрқайсысы өз “көрпесіне қарай көсілуге” мәжбүр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp