«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЗ ШУАҒЫН ШАШҚАН АЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көп жылғы дәстүр бойынша облыста жыл сайын Халықаралық қарттар күні қарсаңында түрлі қайырымдылық шаралары өткізіледі, солардың ішінде ең елеулісі – сенбілік және аз қамтылған азаматтарды, солардың ішінде зейнеткерлерді, мүгедектерді әлеуметтік қолдауға арналған айлық. Биыл “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесі бұл күнді “Әркімге – қамқорлық пен ілтипат” республикалық акциясын өткізу арқылы атап өтуді ұсынды.

Облыстық ардагерлер кеңесі атқарушы органдардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына, кәсіпкерлерге, еңбек ұжымдарына биылғы 21 қыркүйекте – облыстық қайырымдылық сенбілігін, ал 1 қазаннан 1 қарашаға дейін қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізуді ұсынды. Бұл ретте сенбіліктен түскен қаржының жартысын облыстық, қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің арнаулы шоттарына аудару, ал қалған бөлігін ардагерлерге көмек көрсету үшін еңбек ұжымдарында қалдыру ұсынылды. Қайырымдылық айлығы қысқа қам жасау кезеңіне тұспа-тұс келгендіктен, аз қамтылған ардагерлерді көкөніспен, картоппен, жемшөппен және отынмен қамтамасыз ету ұсынылған болатын.

Облысымызда 93 мыңнан астам аға буын өкілдері тұрады. Облыс тұрғындарының 16 пайыздан астамын құрайтын олар қатары қалың қоғамдық ұйым – ардагерлер кеңестерінің ұдайы назарында. Сондықтан да облыс әкімдігі біздің Үндеуімізді қолдап, тиісінше шешім қабылдады, жұмыс тобын құрды. Мұның өзі 21 қыркүйектегі қайырымдылық сенбілігінің нәтижелі болуына ықпалын тигізді. Бұл шараға 4656 ұжым, 145 мыңнан астам адам қатысып, 80 миллион теңгенің үстінде қаржы түсірді. Мұның өзі еңбек ұжымдарының, ардагерлер кеңестерінің 1 қазандағы Қарттар күнін лайықты атап өтуге мүмкіндік туғызды. Атап айтқанда, әкімдер ардагерлер ұйымдарының мүшелерімен және белсенділерімен кездесті, төсек тартып жатқандардың үйлерінде, қарттарға арналған интернаттарда болды. Мәселен, облыс әкімі С.Ескендіров “ПАМЖЗ” АҚ ардагерлер ұйымының және облыстық әкімдіктің зейнеткерлерімен кездесу өткізіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан Қ.Мырзағұлов пен тыл еңбеккері, жүз жасаған К.Сухареваның пәтерлерінде болды.

Аудандар мен ауылдардың әкімдері де осындай қамқорлық жасады. Ақжар ауданының әкімі М.Тұрысбеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұмабаев Талшық пен Ленинград ауылдарының өзінде ғана кездесулер өткізіп, 400 қарияға құрмет көрсетті. Аққайың аудандық мәслихаттың депутаттары З.Нығметова, Е.Зікірин, Б.Қанафин өздерінің сайлау округтеріндегі барлық зейнеткерлерімен кездесіп, оларға сыйлықтарын ұсынды, ал соғысқа қатысушыларға отын мен көмір әперуге көмектесті.

Облыс орталығының ардагерлер ұйымдарының есебінде жоқ зейнеткерлер қалалық Мәдениет үйінің концертіне, Н.Погодин атындағы облыстық орыс және С.Мұқанов атындағы қазақ саздыдрама театрларының спектакльдеріне шақырту алды, қалалық қоғамдық көлікте ақысыз жүру мүмкіндігіне ие болды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасы бойынша “Мир, 127” ПИК жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымы мүшелеріне, ал қалалық ардагерлер кеңесі бұрынғы ауыл мұғалімдерінің бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелеріне құрмет көрсетілді. Ауылдардан қалаға көшіп келіп жатқан немесе бұрынғы еңбек ұжымынан байланысы үзілген ардагерлерді кеңінен қамту мақсатында бұл шара алдағы уақытта да кәдеге жарайтын болады. Мұндай зейнеткерлердің саны – 18 мыңнан астам. Олар биліктің атқарушы органдары мен ардагерлер органдарына өздеріне қамқорлық жасала бермейтін жайында көбірек шағым білдіреді. Бұл мәселені шешу үшін “Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы” заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігіне қарайтын үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың мүмкіндігін пайдалана отырып, қарт адамдарға көзқарасты өзгертуге болады. Сондай-ақ кейбір аудандық әкімдіктердің “бейтарап” зейнеткерлерді нақтылы ұйымдарға бекіту тәжірибесі үйренуге тұрарлық.

Айлық кезінде облыстық ардагерлер кеңесі белсенділерінің бастамашыл тобы өткізген социологиялық сауалнама тұтастай алғанда жағымды көріністі айқындап берді. Сауалнамаға жауап қайтарған облыс орталығындағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының 44 төрағасы оларда есепте тұрған 4 мың ардагердің ешқайсысы да назардан тыс қалмағанын атап көрсетті. Мәселен, перинаталдық орталықта, СПИД орталығында ардагерлер орталығы жоқ болса да, зейнеткерлерге лайықты құрмет көрсетілді. Тек қана “АТП-3”, “Петропавл автобус паркі” ЖШС-лері, әскери киім тігетін фабрика қарттармен жұмыс туралы мәлімет беруден бас тартты.

Облыстың 5 мыңға жуық зейнеткері зейнетақының ең азын алады, сондықтан азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, коммуналдық қызметке баға ұдайы өсіп отырған жағдайда тығырыққа тіреліп те қалады. Олар мемлекеттің, қоғамның қолдауына зәру. Жұртшылықтың күш-жігерін біріктірудің бұқаралық нышаны болып табылатын қайырымдылық айлығы, міне, соларға қолайлы. Айлық кезінде әлеуметтік шиеленіс бәсеңдейді, тұрғындардың моральдық рухы көтеріледі.

Осы айлық мынаны көрсетті: көптеген солтүстікқазақстандықтар өздерінің отандастарын моральдық жағынан да, материалдық жағынан да қолдауға шын пейіл білдіреді. Осының айғағындай 3 мыңнан астам ұйымдық және мәдени бұқаралық шаралар өткізіліп, олар 50 мыңнан астам зейнеткерді тоғыстырды.

Баспаналарды жөндеуге, коммуналдық ақыға берілген көмек, азық-түлік жиынтығы, малдарына жемазық, қысқа отын, қайырымдылық түстіктері, дәрі-дәрмек, шипажайларға жолдама, мерзімді баспасөзге жазу, қаржылай көмек – барлығы 100 миллион теңгеден асып түсті. Әсіресе, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов атындағы, Уәлиханов және Тайынша аудандарында мұның мөлшері қомақты. Қайырымдылықты бағалаудың мүлтіксіз айқындалған өлшемдерінің жоқтығы бұдан басқа мысалдар келтіруге мүмкіндік бермейді. Және мұның қажеті де жоқ. Жерлестеріміздің жомарттығы, адалдығы, қайырымдылығы анық аңғарылды. Рас, Жаратқан үшін жақсылық жасаудан, жақындарына көмектесуден гөрі өз бастарын күйттейтін кейбір ЖШС-лер, инвесторлар, кәсіпкерлер тарапынан аңғарылып қалатын немқұрайдылық, тәкаппарлық, сараңдық аққа тиген күйедей болып көрінеді. Мұндайлардың аты-жөндерін атаудың өзі ыңғайсыз. Сол сенбілікке қатысуға тиістілердің тізімі мен қатысқандардың тізімі арасындағы үлкен айырмашылық, міне, осыны аңғартпай қалмады. Мұқтаж адамдарға науқан кезінде ғана емес, ұдайы мейірімділік көрсету – баршамыздың парызымыз. Жақсылық жасау, мейірбан болу – игі іс.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp