«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫЛСЫМЫ МОЛ ТУЫНДЫЛАР ИЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Поляк ұлтының өкілі Владимир Гачинский жайында былай деп айтуға болады: алғашқы тың игеруші, “Қазақ КСР-нің таңдаулы комбайншысы”, 1956 жылы еркін күрес бойынша Қазақстан чемпионы, педагог, түрлі материалдарды және оларды өңдеудің технологиялық тәсілдерін шебер білетін байырғы мүсінші әрі аудандық, қалалық және облыстық көрмелердің қатысушысы. Оның бір жақсы қасиеті – өңдеуге келмейтін материалдың әлеуетті көркем мәнін көру мүмкіндігіне ие. Облыстық бейнелеу өнері мұражайы қызметкерлерінің пікірінше, Владимир Ивановичтің тұла бойында зор еңбекқорлық пен шығармашылыққа деген ықылас, белсенді өмірлік ұстаным, өз жерлестері мен туған табиғатына деген махаббат берік байланысқан. Ол – өмірді бағалай алатын, одан барлық жақсылық пен әсемдікті байқап, әр күнге қуана алатын адам.

Бұған қоса ол – шығармашылық тұлға және тамаша әңгімелесуші. Өмірдегі ауыртпалықтарға, қиындықтар мен тауқыметке қарамастан, Владимир Иванович өзінің Балалар үйінде өткен балалық шағын қалжыңдап әңгімелейді (осы мекемеде Владислав Иосифовичтің шын есімін Владимир Ивановичке ауыстырып жіберген). Осы арада болашақ өнер адамының бойынан шығармашылыққа деген сүйіспеншілік пайда болады. Кішкентай Владимир кітапханашыға кітаптарды қалпына келтіруге көмектесе жүріп, әдебиет оқуға құмартады. Бір мүсін жасап, оны Бүкілодақтық конкурсқа жөнелтіп, жүлделі орынға ие болады. “Бұл өмірімдегі ең жақсы кереге көз пальтом еді”, – деп суретші өзінің алғашқы сыйлығын мақтанышпен еске алады.

Кейін фабриказауыттық оқу, әскер, теміржолдағы қызмет, тың игеру жылдары Қостанай облысына көшіп келуі, индустриялық-педагогикалық техникум, еркін және классикалық күрестен облыстың құрама командасы, облыстық басқарманың Мәдениет үйінде көркемөнерпаздар ұжымына 7 жыл басшылық ету, №1 КТУ-де педагогикалық білім беру – осылай өмір жалғаса берді…  

Мүсіншілік іске Владимир Иванович 30 жасында қайтып оралады. Бұл салаға шын мәнінде аса қызығушылық таныта бастайды. Анатолий Бургаевтың ұсынысымен өндірістік шеберханаларға суретші болып ауысады. Осы сәттен мозаика, маркетри, рельеф тудыратын кесек кескіндемемен белсенді түрде айналыса бастайды. Елу жыл ішінде Владимир Гачинский металдан, балшықтан, ағаш пен бетоннан жүздеген туынды жасап шығарады. Осылардың ішінде суретшінің ағашқа деген ықыласы ерекше. Оның пікірінше, “әйелдің әсем жанындай әр ағаштың да жаны бар”. “Оған деген бар сезімімді мүсін өнері арқылы жеткізгім келді”, – дейді ол.

Автордың “Ожидание”, “Одиночество”, “Восточный мотив” және тағы басқа еңбектері көз тартады, олардың әрқайсысы құпияға толы. Бұл туындыларда мұң мен нәзіктік тоғысқан. Бірде Владимир Иванович Кеңес одағы аумағынан екі бала мен жұбайын іздеуге шыққан өзінің анасы жайында әңгімелеп еді. Соның салдарынан бұл отбасы Түменге жер аударылады, кейін бірнеше жылдан соң анасы Амур лагеріне тоғытылады. Кішкентай Владислав анасын көру мақсатында Балалар үйінен қашып, Түмен түрмесіне келіп тұрған. Тек үш жыл өткен соң ғана күзетшілердің бірі оған анасының көптен бері бұл түрмеде жоқ екендігін айтады. Виктория Станиславовна тек он бес жылдан кейін босатылып шығады, қатты ауруға шалдықса да, қайсар ана бойындағы жақсы қасиеттерін сақтап қалады.

Владимир Гачинскийдің әр еңбегінде анасына деген сүйіспеншілігі мен айтылмай қалған ой-пікірлері айқын аңғарылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp