«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРДЫ ТОЛҒАНДЫРАТЫН МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың төрағалығымен мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі облыстық кеңестің отырысы өтіп, онда жастарды саяси өмірге тарту, олардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау мәселелері қаралды. 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Елбасы “Нұр Отан” партиясының таяуда өткен XV съезінде жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және жастарды еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тарту керектігін айтқан болатын. Қазіргі күні өңірімізде жастардың 60-тан астам ұйымы бар. Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда, бұл бағыттағы шараларды одан әрі дамыту керек. Оны жергілікті атқарушы билік пен жастар ұйымдары бірлесіп жүзеге асыратынына сенім мол, – деді Фархад Қуанғанов.

Белсенді жастардың көптеп шоғырланған ұйымы – “Жас Отан” жастар қанаты.  

– Биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандық жасотандықтардың жұмысы жоғары бағаланып, барлық көрсеткіштер бойынша бірінші орынға шықтық, – деген “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ-ның атқарушы хатшысы Мұса Танақұлов алдағы уақытта да партияның тапсырмаларын жүзеге асыруда осы биіктен көрінуге тырысатындарын жеткізді. Бүгінде “Жас Отан” жастар қанатының облыстық филиалының қарамағында 15 аумақтық бөлімше мен 249 бастауыш ұйым бар. Оған мүшелікке енген жастар саны – 17 мыңнан астам.

Бүгінде елді мекендердегі мәдениет нысандарына 400-ден астам маман жетіспейді. Облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаевтың айтуынша, мәдениет нысандарының мамандарын даярлау мақсатында СҚМУ-де арнайы “Мәдениеттынығу жұмысы” мамандығы ашылып, онда 8 студент білім алуда. Алайда, ашылған бөлім маман қажеттілігін толық өтей алмасы белгілі. Сол себепті аудан басшылары бұл мәселеге көңіл бөліп, жас мамандарды елді мекендерге тарту үшін олардың әлеуметтік жағдайларын жасаулары қажет.

Отырыста қаралған үшінші мәселе – жастар кәсіпкерлігін дамытуға қатысты СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Александр Иванищев хабарлама жасап, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында “Жас кәсіпкерлер мектебі” жобасының іске асырылатынын айтты. Сондай-ақ болашағы бар деп танылған жобаларға тегін гранттар беріледі. Бұл жастарды шағын және орта кәсіпкерлік саласына тартуға септігін тигізсе, екіншіден, жұмыссыздар санын қысқартуға мүмкіндік бермек.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp