Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың төрағалығымен облыстық әкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда өңірдегі діни ахуал және діни ұйымдар мен миссионерлердің жұмысы сөз болды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облысымызда түрлі конфессия өкілдеріне бейбіт өмір сүруге және қарым-қатынас жасауға қолайлы жағдай жасалған. Бүгінде облыс бойынша 7 діни нысан салынуда. Олардың 3-еуі – мешіт, қалған 4-еуі – православиелік шіркеулер. СҚО Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратбек Зейнуллиннің айтуынша, кейбір жат діни ұйымдар қоғам мен мемлекеттің мүддесіне зиян келтіруде. Жақында облыс орталығындағы мектептердің бірінде оқитын кәмелетке толмаған баланың өз ата-анасының келісімінсіз “Благодать” ағымына бір жыл бойы барып жүргені анықталған.
Отырыста облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Қожахметова облыстағы 42 діни ұйым қайта тіркеуден өткендігін, ал құжаттары дұрысталмаған 19 діни ұйымды тарату туралы шешім қабылданғанын хабарлады.
Жиында сөз алған Тайынша ауданының әкімі Серік Салтықов аудандағы діни ахуал жайында хабарлама жасап, діни мазмұндағы кітаптарды қадағалап отыру үшін аудан орталығында оларды сататын арнайы дүкен ашу қажеттігін жеткізді.
Кеңес мүшелері әртүрлі жат діни ағымдар мен секталардың жастарға төндіретін қаупіне ерекше назар аудара отырып, насихат жұмысын күшейту керек деген пікірге келді.