«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНА ҒАНА ЕМЕС… АРАША СҰРАУШЫЛАР ДА БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров қоғамдық қабылдау өткізіп, партиядан қолдау іздеп келген азаматтардың бір тобын қабылдады. 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында құрылған “Улыбка” балалар қайырымдылық қоры сырқат балаларға материалдық және рухани көмек көрсетумен айналысып келеді. “Көмекке зәру балалардың қатары қалың”, – дейді қор президенті Галина Бондаренко. Алайда, бүгінгі күні қор қоныстанған ғимарат жалдамалы болғандықтан, оның ақысын төлеу қиындық туғызып отыр. Сонымен қатар көмекке зәру балаларға ота жасауға және қажетті құралдарды сатып алуға қаржылай қолдау қажет. Самат Сапарбекұлы қор жетекшісінің бастамасын қолдай отырып, көтерілген мәселелерге орай мүмкіндігінше көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Бескөл ауылының тұрғыны Константин Дедов пен М.Жұмабаев ауданындағы Октябрьское ауылынан келген Иван Ильин тұрмысқа жайлы баспанаға зәру екендіктерін жеткізді. Партия филиалының төрағасы аталмыш мәселені жауапты органдармен ақылдасып шешетіндігін айтты.

Сапарғали Жолаушиннің де мұқтаждығы – пәтер. Оның айтуынша, 2003 жылы үйге кезегі келіп, баспаналы болған. Кейін белгісіз себептермен ол пәтерді қайтадан алып қойып, оның орнына басқа баспана берілген. Кейінгі пәтердің басқа иелері анықталып, оны тағы да босатуына тура келген. Артынан өз қаржысына сатып алған үйі апаттық жағдайда екені анықталып, оны да сатуға мәжбүр болған. Қайтадан кезекке тұрған Сапарғали Уәлиұлының бір кездегі 361 орындағы кезегі бүгінде 2513 болып тұр. Облыс әкімі аталған өтінішті де бақылауына алатынын жеткізді.  

“Қыз-күйеуіммен, құдаларыммен бірге бір үйде 11 жан тұрамыз”, – деген Бәйтерек ауылының тұрғыны Шамұрат Сүлейменов те басты мәселесі баспана екенін айтты. Өзбекстаннан 2011 жылы көшіп келген азамат квотадан кеш қалған. Бұл мәселе Қызылжар ауданының әкімдігінде және “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалында талқыланып, жауабы берілмек.

Облыс орталығындағы лифт шаруашылығын жөндеумен және құрастырумен айналысатын “Петропавл Лифт” ЖШС-нің директоры Сергей Царьков пен серіктестік қызметкері Наталья Царькова бәсекелес фирма пайда болғаннан бері қалалық әкімдіктегі Тұрғын үй инспекциясы бөлімі қызметкерлері тарапынан қысым көретіндерін айтып, бұл мәселеге қатысты қолдау көрсетуін сұрады. Самат Сапарбекұлы қала әкімі Төлеген Закарияновқа хабарласып, 20 минуттан кейін Царьковтерді қабылдауды тапсырды.

Қостанай облысынан үш баланы асырап алған Жанна Мұстафина мен Жеңіс Нәсімов бүгінде бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Өңір басшысы оларға кезекке тұруға кеңес беріп, заң нормалары бойынша мәселені қарастырып, 10 күннің ішінде жауап беретінін айтты.

Қоғамдық қабылдауда тергеу оқшаулағышына жабылған жұбайына қатысты азаматтық қуынымды анықтау мәселесі бойынша келген Әсел Әбдуғалиеваның, сондай-ақ апаттық үйде тұрып жатқан Людмила Похомованың өтініштеріне де тиісті жауаптар берілді.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp