«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ БОЙЫНША ТӨРТІНШІ ОРЫНДАМЫЗ, бірақ М.Жұмабаев ауданындағы жағдай мәз емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жуырда облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа отырысы өтті. 9 айда атқарылған жұмыстар сараланып, жерлес спортшылардың қысқы маусымға және Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды.  

Басқарма басшысы Руслан Есеналин, ең алдымен, облысымыздағы спортты дамыту бағытында атқарылған істерге, негізінен қол жеткізген жетістіктерге кеңінен тоқталды.

– Бүгінде өңірде 143 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Бұл – жалпы тұрғындардың 24 пайызы. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 3000 спортшыға артып отыр. Үстіміздегі жылдың І тоқсанында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт мектебі мен шілде айында Александр Винокуров атындағы велосипед клубы ашылды, – деген басшының айтуынша, өңірде спортты дамытуға бар жағдай жасалуда.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін спортпен айналысатын азаматтар қатарын 30 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл бағыттар бойынша да жүйелі жұмыс атқарылуда. Өткен жылдармен салыстырғанда спортқа тартылған оқушылар саны әлдеқайда өскен. Оның бір себебі – аудан орталықтарында 4 спорт мекемесі ашылды. Айта кетсек, Мамлют ауданында – велосипед спорты, Шал ақын ауданында күрес, тоғызқұмалақтан БЖСМ жұмысын бастаған. Жалпы бүгін облыс бойынша 26 БЖСМ, спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат, спорттың ойын түрінен 3 спорт клубы, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы 11 мыңнан астам жасөспірімге тәлім-тәрбие беруде. Облыста бүгінде спорттың 60 түрі дамып келеді. Жалпы спорттық инфрақұрылым 2285 ғимараттан тұрса, оның 80 пайызы – ауылды жерде. Республикалық рейтингте облыс 4-орынды иеленсе, еліміздің құрама командаларында 295 солтүстікқазақстандық өнер көрсетуде.

Жиында сөз алған аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары Мейрамбек Өтенов пен Азамат Шәріпов ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасының Жамбыл және М.Жұмабаев аудандарында жүзеге асырылуы барысын тілге тиек етті. Осы жерде жақсы нәтижелермен қатар, орын алған олқылықтардың беті ашылды. Мәселен, М. Жұмабаев ауданының қысқы спорт түрлеріне деген әлеуеті жоғары болғанымен, ондағы БЖСМ-нің тәрбиеленушілері шаңғы жарысынан облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көріне алмай жүр. Соңғы рет осыдан 5 жыл бұрын “Солтүстік” спартакиадасында топ жарған ауданның бұдан өзге ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жоқ. Сондай-ақ жеткіншектің спорттық мансабында биік белестерді бағындыруы үшін бар жағдай жасалған облыс орталығындағы спорт интернатына да ауданнан бірде-бір дарынды балғын жіберілмеген.

Алқалы жиында 2014 жылы Сочи қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын солтүстікқазақстандық спортшылардың дайындығы да сөз болды. Бұл туралы “Олимпиадалық резервті даярлау орталығы” РМҚК директоры Сергей Пермин баяндады. Баяндамашының айтуынша, орталықта 4 биатлоншы, 4 шаңғышы және 10 конькиші жаттығуда. “Облысымыз республикада қысқы спорт түрлерінен алдыңғы орындардан көрінбей жүргені жасырын емес. Осы бағытта жұмыс атқарылуда, әзірге жүйрік конкишілеріміз ғана ел додасында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Одан басқа 2017 жылғы универсиадаға ілігеді деген үмітпен 2 мықты шаңғышыны баптау үстіндеміз”, – деген Сергей Пермин Сочидегі бәсі биік додаға конькишілер Роман Креч, Татьяна Сокирко және Елена Урванцева лицензия жеңіп алғандығын хабарлады. Сондай-ақ өңіріміздің мақтаныштары Дмитрий Бабенко мен Артур Сергиенко Канада, АҚШ, Германия және Қазақстанда өтетін әлем кубогы мен әлем біріншілігі кезеңдерінің қорытындысы бойынша әлемдік рейтингте қажетті орынға көтерілсе, Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаулары мүмкін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp