2-3 қараша күндері Петропавлда грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, республика чемпионы Уәлихан Нүркеев атындағы халықаралық турнирде жүз алпыс жас балуан жүлделерді сарапқа салды.
Жарыста Қазақстан өңірлері мен қалаларынан, өз облысымыздың аудандарынан, “Күрес”, “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінен, спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатынан және Ресейдің Қорған, Новосибирск қалаларынан барлығы жүз алпыс балуан бақ сынады.
Ашылу салтанатында облыстық Дене шынқтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин, күрес федерациясының президенті Бауыржан Құлжанов балуандарға ақжолтай тілек арнаса, Олимпиадалық даярлық орталығының директоры Сергей Пермин спорт шеберлері, Азия, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Ақан Баймағамбетовке, Данияр Қаленовке және Зелимхан Усмановқа бағалы сыйлықтар тапсырды.
Жарыста мыналар жеңіске жетті:
Алпамыс Дастанбек (38 кг., спорт интернаты), Тобыл Қорғамбаев (42 кг., Мамлют ауданы), Станислав Клюха (46 кг., Новосибирск), Нығметжан Қатымжанов (50 кг., Астана), Абылайхан Садман (54 кг., спорт интернаты), Роман Шеремет (58 кг. “Жеңіс”), Рахмет Сәпиев (63 кг., Қостанай), Бауыржан Мусин (69 кг., “Күрес”), Андрей Захарченко (76 кг., Новосибирск), Юрий Патрушев (85 кг., Новосибирск).
“Күрес” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, У.Нүркевтің ізбасар інілерінің бірі Ғалым Өркешов және басқа да жанашырлар жарысты ұйымдастыруда белсенділік танытты. Жеңімпаздарға берілген бағалы сыйлықтарда У.Нүркеевтің бейнесі басылған. Сол суретті көрген сайын жас балуандар оны еске алатын болады.