Ратмир УСМАНОВ,
облыстық Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысы тыңдалған Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік органдар үшін қабылданған бағдарламалардың барлығының да аса маңыздылығын айта отырып, олардың тиісті дәрежеде орындалуын талап етті. Сондай ел тұрғындары зор үміт артып, жүзеге асырылуынан жақсы нәтиже күтетін бағдарламаның бірі “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы болып табылады. Оны өркениетті елдер қатарына қосылу жолындағы мықты баспалдақтарымыздың бірі деп білген жөн.
Біздің облыста “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру аясында әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін жалгерлік үйлер, жас отбасылар үшін кейінде сатып алу мүмкіндігі бар жалгерлік үйлер және тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы салынатын құрылыстар бойынша пәрменді жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге алдағы 2014 жылы пайдалануға беру жоспарланған тұрғын үйлердің негізі қалануда.
Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйегінде жалпы алаңы 59 мың шаршы метр тұрғын үйлер (546 пәтер) пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегіден 153,5 пайызға артық. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аясында іске қосылған тұрғын үйлердің жалпы көлемі ішінде Петропавл қаласында пайдалануға берілген, тұрғындардың әлеуметтік қорғалатын топтары үшін салынған жалпы алаңы 14,1 мың шаршы метр 2 жалгерлік-коммуналдық тұрғын үй (175 пәтер) және Тайынша қаласында жас отбасылары үшін тұрғызылған жалпы алаңы 2,1 шаршы метр 1 үй (24 пәтер) бар. Осы жылы тұрғын үй құрылысына 4,1 миллиард теңге жұмсалды, бұл 2012 жылғы деңгейден 10 пайызға жоғары.
Тұрғызылып жатқан тұрғын үйлерге жүргізілген мониторинг барысында қаржыландырудың барлық көздері есебінен іске қосылатын тұрғын үйлер көлемі үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша 113 мың шаршы метрді немесе өткен жылғы деңгейдің 112 пайызын құрайды. Республикалық бюджет қаржысы есебінен іске қосылатын үйлердің жалпы алаңы – 43,2 мың шаршы метр, ал пәтерлерінің жалпы алаңы 30 мың шаршы метр. Соның ішінде әкімдіктерде кезекте тұратын азаматтардың жалгерлік тұрғын үйлерінің жалпы пәтер алаңдары 13,8 мың шаршы метрді, жас отбасылары үшін кейін сатып алуға болатын жалгерлік тұрғын үйлердің пәтер алаңдары 6,2 мың шаршы метрді, ал тұрғын үй құрылыс жинағы арқылы берілетін пәтерлердің жалпы алаңы 10,0 мың шаршы метрді алады.
Осы айтылған жоспарлы межелерді үнемі назарда ұстап, оның орындалуын қатаң бақылауға алуымыз керек. Ел Үкіметі бүгінде бізден осыны талап етіп отыр. Өйткені, тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамту – әлеуметтік маңызды іс.