«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ “Агробизнес – 2020” бағдарламасы аясында шешілмекші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев еліміздің өңдеуші саласындағы мемлекеттік қолдау мәселелерімен таныстырып өтті.

“Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын қолдау және өндірістік қуаттылықтың жүктелуін арттыру үшін “Агробизнес – 2020” бағдарламасы аясында саланы техникалық және технологиялық жарақтандыру, қаржылық ресурстардың қолжетімділігін арттыру, аграрлық бизнесті жүргізуге жағдай жасауға бағытталған шаралар кешені көзделген.

Қолданыстағы бағдарламада қайта өңдеуші кәсіпорындардың шикізат сатып алуға кеткен шығындарының бір бөлігін өтеуді көздейтін жаңа механизм көзделген. Бұл шара саланың ішкі нарықта бәсекеге қабілеттілігін және оның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді”, – деді вице-министр.

М. Өмірияев республиканың қайта өңдеу саласына мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі туралы сөз қозғады.

“Қазақстандық еттің Кеден одағындағы бәсекеге қабілеттілігі туралы айтар болсақ, өздеріңізге белгілі, Беларусь Республикасы бүгінде қолданып отырған мемлекеттік қолдау жалпы өнімнің 18%-ы деңгейінде, Ресейде бұл шамамен 8%, ал Қазақстанда 4-5% көлемінде. Салаға бағытталған субсидиялаудың жалпы көлемін арттыра отырып, біз Кеден одағы бойынша серіктестеріміздің мемлекеттік қолдау деңгейіне дейін көтеріле аламыз, сөйтіп, түпкі өнім – еттің бәсекеге қабілеттілігін арттырамыз. Ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеу мен өндірістік қуаттың жүктемесін ұлғайтуға қатысты біз екі көкейкесті мәселені анықтадық, олар: шикізаттың жетіспеуі, оның өзіндік құны мен сапасы, сондай-ақ біздің қайта өңдеу кәсіпорындарымыздың техникалық және технологиялық жарақталуы. Шикізат жетіспеушілігіне келетін болсақ, “Агробизнес – 2020” бағдарламасының негізгі міндеті ретінде: ақшалай және нақты түрде еңбек өнімділігін арттыру алынған. Яғни, егер біз шикізаттың өзіндік құны туралы айтар болсақ, онда мысалы, ауыл шаруашылығы құрылымдарында орташа есеппен бір мал басынан 2200 литр сүт сауылады, ал ауыл шаруашылығы құрылымдарында – 3900 литр. Егер Беларусьпен салыстыратын болсақ, оларда бір мал басынан орташа есеппен 4500 литр болады, тиісінше, осының барлығы шикізаттың, бұл жерде – сүттің өзіндік құнына әсер етеді. Мен, тіпті, бізде сүттің 80%-ы – жеке шаруашылықтарда, ал Беларусьте сүттің 80%-ы ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндірілетіні туралы айтып та отырған жоқпын”, – деп аяқтады сөзін вице-министр.

Вице-министр биылғы астық экспортына да тоқталып өтті.

“Облыстық әкімдіктердің соңғы ақпарлары бойынша, бүгінгі таңда 97%-дан астам алқаптың астығы жиналып біткен. Бункерлік салмақта 20,5 млн. тонна астық бастырылып, республика бойынша орташа рефакция пайызы 8% шамасында болып отыр. Осыған сүйене отырып, біз таза салмақта 18,5-19 млн. тонна астық жиналады деп жоспарлай аламыз, ішкі тұтынуды және өткен жылдан қалған қалдықты ескерсек, бұл көрсеткіш экспорт әлеуетін 9-10 млн. тонна шамасында болжауға мүмкіндік береді”, – деп түйіндеді ол.

М. Өмірияев саланы субсидиялау жұмыстары туралы да әңгімелеп берді.

“2012 жылдан бастап селекциялық және тұқымды асылдандыру жұмыстарын жүргізуге аналық мал басын субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл ішкі нарықта бұрын сойысқа кеткен қара малдың аналық басына деген сұраныстың өсуіне алып келіп, нарықта етке өткізілуі тиісті мал басының тапшылығы пайда болды. Десек те, көрсетілген уақытта фермерлік шаруашылықтарда сиыр саны 25%-ға ұлғайтылды”, – деді М.Өмірияев.

“Бұдан басқа, “Агробизнес – 2020” бағдарламасында қаржының қолжетімділігін арттыру, жаңа техника мен жабдықтарды сатып алуға инвестициялық субсидиялар беру, займдарды кепілдендіру жолдарымен өнімнің өзіндік құнын азайту шаралары көзделген. Мұнымен мал шаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 2014 жылдан бастап 35% -ға көбейтілмек”, – деді вице-министр.

Ведомствоның отандық ет өндірісі көлемін ұлғайту жолында атқарып жатқан жұмыстары туралы айта келіп:

“Отандық ет өнімінің көлемін ұлғайту және өзіндік құнын төмендету мақсатында қазіргі уақытта ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама бордақылау алаңдарын қажетті бордақылау контингентімен қамтамасыз ету үшін тауарлық табынды қалыптастыруға бағытталған. Бағдарлама 2012 жылдан бастап жүзеге асқанын ескерсек, атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелерін қазіргі уақытта ғана алудамыз.

60000 мың тонна сиыр етінің экспорты ол – 120000 малға арналған сыйымдылықпен арнайы бордақылау алаңдарында семіртілген 250 кг. салмағы бар 240000 бас бұқа. 240000 бұқа алу үшін тұқымды түрлендіру үрдісіне қатыстырылған шаруа және фермерлік қожалықтарда 600000 бас аналық қара мал болуы қажет. Мұнымен орташа бұзаулардың шығуы 80%-ды құрайды, оның жартысы – бұқалар. 31 қазандағы жағдай бойынша көрсетілген мал санатының саны жоспардың 63%-ы немесе 375000 басты құрайды. 2014-2015 жылдары көрсеткішке қол жеткізіледі”, – деді вице-министр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында “ҚазАгро” холдингіне қатысты бірқатар сын-ескертулер айтқан болатын. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметдегі брифингке шақырылған “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингінің” басқарма төрағасы Дулат Айтжанов:

“Бүгінде холдинг Мемлекет басшысының сын-ескертулерінен қорытынды шығару және берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі бірқатар іс-шараны жүзеге асыруда. Еліміздің барлық дерлік ауданында біздің компанияның бөлімшелері мен өңірлік өкілдері бар. Бүгінгі таңда холдинг 14 облыста, 161 ауданда, аудандық маңыздағы 13 қалада, облыстық маңыздағы 23 қалада және республикалық маңыздағы 2 қалада 22 мыңнан астам заемшыны 490 млрд. теңге сомаға қаржыландырып отыр. Қазір холдингтің инвестициялық қоржынында құны 228 млрд. теңгенің 320 жобасы бар, 97 ауданда және 22 облыстық және республикалық маңыздағы қалада жүзеге асырылып жатқан жобалар 12 мың жұмыс орнын құрайтын болады”, – деп мәлімдеді.

Д. Айтжанов: “69 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің (АШТӨ) қатысуымен мал шаруашылығы кластері құрылды, олардың саны әлі де өсе беретін болады. Кластердің басты мақсаты – АШТӨ мен мал өнімдерін қайта өңдеушілердің күш-жігерін сыртқы нарыққа шығаруға және ішкі нарықты толтыруға жететіндей сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім көлемін ұлғайту. Қазақтандық етті Ресей Федерациясына шығаруға арналған трейдингтік компания құрылды, оның негізгі міндеті: мал өнімдерін өткізу барысында экспорттық бағыттар мен логистиканы анықтау; дайын өнімді экспортқа шығарып, мал өнімдерін бірыңғай “KazMeet” брендімен экспорттаудың маркетингтік саясатын қалыптастыру. Ресейлік бизнесмендер біздің етке үлкен қызығушылық танытуда, осыған байланысты біз қазір Ресейдің аумағында саудалогистикалық инфрақұрылым салу жөніндегі мәселені қарастырудамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылуда”, – деді.

Мемлекет басшысы Үкімет отырысы кезінде Қазақстанның ет экспортына қатысты бірқатар сын садағын “ҚазАгроҚаржы” ұйымына қарай бағыттаған еді. Мәселен, “Тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға 120 миллиард теңге бөлінген. Сөйте тұра, биылғы жылдың 7 айында Кеден одағынан сыртқа шығарылатын ет экспорты нөлге теңескен. Мұның орнына Қазақстан етті сырттан, соның ішінде Беларусьтан импорттауда. Шұжық өнімдерінің экспорты да 2013 жылы нөлдік деңгейге түсіп, кәсіпорындардың жүктемесі 28 пайыз ғана болған. Осындай жағдай сүт, қант және майға қатысты да байқалады. Мемлекеттің қолдауына сүйеніп отырған агроөнеркәсіп кешеніндегі көптеген жобалардан тиісінше қайтарым жоқ”, – деген еді Елбасы. ОКҚ баспасөз мәжілісі кезінде “ҚазАгро” холдингінің басқармасы төрағасы Дулат Айтжанов “Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасының жүзеге асырылу барысы туралы әңгімелеп берді. “Біздің холдинг өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, бордақылау алаңдарын қажетті бордақылау контингентімен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың жоспарын әзірледі. “Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасы аясында ет экспорты бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты айтылған Мемлекет басшысының сынына келер болсақ, холдинг асылтұқымды мал өсірілетін репродукторлар жасай отырып, асылтұқымды малдың әкелінуін қаржыландыру, фермерлік шаруашылықтар үшін сиырлар мен бұқалар сатып алу және бордақылау алаңдарын жасау жобаларын қаржыландыруда. Жобаны іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарында аталған бағыттар бойынша индикативтік көрсеткіштер анықталып отыр. Бүгінгі таңда бағдарлама аясында 56 репродуктор-шаруашылық, 4 бордақылау алаңы, жемшөп өндіру жөніндегі 12 жоба іске қосылды. Атап айтқанда, репродукторлар құру аясында холдинг 32 мың бас ірі қара малдың әкелінуін қаржыландырды, 35 мың мал бордақылау орны жасалды, оның ішінде “ҚазАгроның” есебінен 18 мың жұмыс орны құрылды”, – деп толықтырды сала басшысы.

Мемлекет басшысы Үкімет отырысында: “ҚазАгроҚаржы” былтыр 66 жобаны, ал биыл, қаржыландыру көлемі ұлғайса да, небәрі 16 жобаны іске асырған. Маған “ҚазАгроның” халықаралық нарықтарда жақсы мөлшерлеме үшін 1 миллиард доллар тартқаны жөнінде хабарлады. Ал ол ақшаға нақты жобалар бар ма, жақсы несие тарихы мен кепілдіктерге ие борышкер бар ма?” – деген болатын.

“ҚазАгро” басшылығы Президент тапсырмасы мен сыны ескеріліп, бірқатар нақты кешенді шаралар қолға алынатынын мәлім етті. “Жалпы құны 160 млрд. теңге болатын 243 жоба іске қосылды, 2013 жылы 68 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Холдинг жобаларын жүзеге асыру құс еті импортын 52,3%, сүт импортын 18% төмендетуге, маусым аралығындағы көкөніс жетіспеушілігін 53% қысқартуға және жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау қоймасының жетіспеушілігін 39% азайтуға мүмкіндік береді. Жобалардың жүктемесіне келетін болсақ, бүгінгі күні 145 жоба – 70-тен 100%-ға дейін; 12 жоба – 50%-дан 70%-ға дейін; 14 жоба – 20%-50%; 46 жоба 20%-ға дейін жүктемеге ие. Мемлекет басшысы айтып өткендей, кәсіпорындар жүктемесі мәселесі әлі де бар. Үстіміздегі жылы холдинг Астананың азық-түлік белдеуін дамыту аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жүктемелеріне талдау жасады. Талдау көрсеткендей, кәсіпорындардың өндірістік жүктемелерінің негізгі проблемасы жүйелі сипатта болып келеді, сондықтан оларды үш негізгі блокқа бөлуге болады: бизнестің маусымдылығы, өндірістік сипаттағы мәселелер, дайын өнімді сату мәселесі. Шетелдердің осындай мәселелерді шешудегі тәжірибесін талдай келе, холдинг Астана қаласының үлгісінде тауар өткізу жүйесін құру жөніндегі тұжырымдаманы әзірледі. Бұл жоба ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен елорданың сауда желілері арасында қолдауға ие болды. Ол іске қосылғаннан кейін біз оны Астанада және басқа да өңірлерде таратпақшымыз”, – деді компания басшысы.

(Ресми ақпарат).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp