«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛДА БАЛАБАҚШАЛАР КӨБЕЙЕДІ, ал жұмыртқаның ондығының ең қымбаты 175 теңгеден аспайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімі Самат Ескендіров өткен сенбі күні “Алтын Арман” және “Қызылжар” коммуналдық базарларындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін аралады. Соңғы сенбідегі қаланың үш базарында және “Корона” сауда үйінде ұйымдастырылған жәрмеңкеде тұтынушыларға 10 миллион 520 мың теңгенің өнімдері ұсынылды. Соның ішінде ең қомақтысы 5590 мың теңгенің 7 тонна ет және 2548 мың теңгенің 5,8 тонна сүт өнімдері болды.

Өңір басшысы барған “Алтын Арман” базарында Айыртау, Тимирязев және Шал ақын аудандарының тауар өндірушілері сауда жасады. Күздің мол ырыздығынан шығар, сауда сөрелерінде ауыл шаруашылығы өнімдері өте көп болды. Үш жерде сатылған қара мал етінің бағасы бұрынғысынша 995 теңгеден асқан жоқ. Қой және шошқа еттері де жеткілікті болды. Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Науқан Таласбаевтың айтуынша, олар жәрмеңкеге 1034 мың теңгенің өнімін жеткізіпті. Әкелінген 2 бас қара мал, 6 қой және 2 бас шошқа етіне сұраныс жоғары болды. Шалақындықтардың қызу саудасына облыс басшысы разылық білдірді. Әсіресе, “Сергеев сүт өнімдері” зауытының 300 килограмм сары майы мен ауылдық округтерден әкелінген құс еттері жақсы өтті.

Ал Айыртау ауданынан Лобанов, Володар және Арықбалық ауылдық округтерінің тауар өндірушілері белсенділік танытып, қара мал, шошқа, қой және құс еттерін, түрлі сүт өнімдерін, соның ішінде, әсіресе, үйдің сары майын мол сатты. Бұл жолғы жәрмеңкеде әкелінген өнімдердің молдығынан сауда әдеттегіден әлдеқайда ұзаққа созылып, тұтынушылардың көңілінен шықты. Қаз еті – 980, ал үйрек 800 теңгеден сатылды. Сенбілік жәрмеңкеден қалмайтын “Петропавл бройлерлік құс фабрикасы” және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның омарташысы Шутскаяның саудасы қызу жүрді. Ал “Атай СК” құс фабрикасы белгілі себепке байланысты саудаға 6-7 қорап қана жұмыртқа шығарып, ондығын 170 теңгеден әп-сәтте өткізіп жіберді. Осылардың бәрін аралап көрген өңір басшысы базар ауласындағы “Блинов” жеке кәсіпкерлігінің балық саудасымен де танысты.

Келесі кезекте “Қызылжар” коммуналдық базарына ат басын тіреген облыс басшысы ондағы жәрмеңкеге қатысқан Аққайың, Есіл және Қызылжар аудандарының саудасын тамашалады. Есіл аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Меделбай Әбдірахмановтың айтуынша, олар 1600 мың теңгенің өнімін әкеліпті. Үш қара мал мен шошқа етінен басқа, қой және құс еттерімен сауда жасады. Оған жәрмеңкеге 300 килограмм бал әкелген В. Смирнов пен қара мал және шошқа еттерімен сауда жасайтын А. Свистуновтардың жеке кәсіпкерліктері сүбелі үлес қосқан.

Қызылжар ауданынан келген Рощинский ауылдық округінің шошқа еттері мен Аққайың ауданынан жеткізілген қаз, үйрек, тауық еттері зор сұраныс тудырды. Бескөл құс фабрикасы жұмыртқаның ондығын 170 теңгеден сатса, “Алекри” ЖШС-нің өнімдеріне санаттылығына қарай 165, 170 және 225 теңгенің бағалары қойылған екен. Тұтынушылардың осы жұмыртқа бағасына байланысты қойған сұрағына өңір басшысы оның енді ең қымбаты 175 теңгеден аспайтынын айтты. Оған байланысты бағаны тұрақтандыру шаралары қарастырылғанын жеткізді.

Өңір басшысы әлеуметтік маңызы бар қала нысандарын аралаған жұмыс сапарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан құрылыс орындарында жалғастырды. Соның бірі – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің бұрынғы №9 ғимаратының балабақшаға лайықталып қайта жаңартылуы. Аумағы 2,5 мың шаршы метр бұл ғимарат 1986 жылы тұрғызылған. Басында 340 орындық балабақшаға арналған, сосын 13 жыл университет қарамағында болған бұл үйдің жаңғырту жұмыстары әлі ұшан-теңіз. Жаңа санитарлық-техникалық нормалар бойынша онда енді 280 орын ғана болады. Облыс басшысы оның бүтіндей берілуін тоспай, блок-блогымен іске қосуға болатынын айтып, жұмысты жылдамырақ жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ қалада М.Жұмабаев көшесінің Уәлиханов көшесіне жалғанатын тұсынан орап жүрмей, Ғ.Мүсірепов көшесіне бірден қосылатын түзу жол жүргізу қолға алыныпты. Бұл жұмысты жүргізіп жатқан қосалқы мердігер – “Сливхоз Север” ЖШС-нің директоры Алексей Мартыновтың айтуынша, жол арнасы тазартылып, астынан ағынды су және кәріз құбырлары тартылып біткен, енді жер қатқанға дейін оны топырақпен көтеріп тегістеу қалыпты. Биыл құрылыстың 160 миллион теңгесі игеріледі. Жолдың бұл бөлігіне асфальт төсеу келесі жылға қалдырылды. Құрылысшылардың қажырлы істеріне өңір басшысы сәттілік тіледі.

Айыртау көшесіндегі 6-шы үйде “Сана” педколледжін 64 орындық балабақшаға айналдыру жұмысы жүріп жатыр. Өңір басшысы осы нысан басында да болып, ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Нысандағы қайта жаңарту жұмысын жүргізуші бас мердігер – “СанТехЭлектроМонтаж” ЖШС-нің директоры Александр Баевтың айтуынша, балабақша осы айдың ішінде беріледі. Бүгінде ішкі-сыртқы өңдеу, әрлеу жұмыстары қатар жүргізілуде.

Облыс басшысы қаладағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралаған сапарының соңында “Казахстанская правда” көшесіндегі бұрынғы қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің босаған ғимаратында болып, оны 80 орындық балабақшаға айналдыру жұмысының барысына назар аударды. Құрылыс жұмысымен айналысушы “Пилон” құрылыс компаниясы” ЖШС-і директорының орынбасары Оксана Грибанова мұнда қазір 40 құрылысшының жұмыс істеп жатқанын айтты. Қайта жаңартуды қазан айының ортасында қолға алған олардың жұмыстың 70 пайызын еңсертіп тастағанына өңір басшысының көңілі толды. Жыл соңына дейін бөлінген 82 миллион теңге қаржының толық игеріліп, құрылысшылардың қала жұртшылығына жаңажылдық тарту жасай алатынына сенімді екенін білдірді.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp