«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫР АТЫНДАҒЫ БІЛІМ ОРДАСЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданындағы Кеңес Одағының Батыры Сергей Гуденко атындағы Дубровное орта мектебінде бүгінде 112 бала оқиды. Байырғы ұстаз Татьяна Безгинаның айтуынша, мұнда бір кезде 600-ге дейін оқушы болған. Қызығы сол, бұрын қазіргіден бес есеге жуық бала оқытқан ауыл мектебі тарлық танытуда. Өйткені, онда 2006 жылы интернат және 2009 жылы мектепке дейінгі тәрбие беретін шағын орталық ашылған. Қазір мектеп жанындағы интернатта 18 бала тұрып жатыр. Оған іргелес Ново-Дубровка және Пчелинное ауылдарындағы бастауыш мектептерді бітірген оқушылар келеді. Сондай-ақ мектептің бірінші қабатындағы бір кеңірек бөлмесіне ауыл мұражайы жайғастырылған. 2009 жылы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен білім ордасы бүгінгі жоғары талапқа сай жұмыс жүргізуде.

Дубровное және оған көршілес Ново-Дубровка мен Пчелинное ауылдарының тұрғындары – түгелге жақын орыстілді азаматтар. Сол себептен болар, орта мектепте оқып жүрген оқушылардың жетеуі ғана – қазақ балалары. Орыстілді білім ордасына Тамара Қостаева басшылық етеді.

– Ресейде тұрдық. Үнемі шаруа соңында жүрген әкем менің аты-жөнім туу туралы куәлігімде орысша жазылуына аса мән бермесе керек. Барлық ресми құжаттарымда солай жазылып кеткендіктен, енді оны өзгертудің де реті жоқ. Әйтеуір, мұндай жағдайды балашағамыздың қайталауына жол бермедік, соған тәубе дейміз. Еңбек жолым, негізінен, осы өңірде өтіп келеді. Ново-Дубровка негізгі мектебінде мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқардым, 2001 жылы осы мектепке ауысып келгенімше, сондағы балабақшаға меңгерушілік еттім. Яғни, білім беру және тәрбие жұмыстарынан басқаға қия басқаным жоқ, – дейді Тамара Сергеевна.

Мектепте 23 мұғалім қызмет етеді, олардың 9-ы – жоғары санатты ұстаздар. Мұғалімдер үш деңгейлі дайындық курстарынан өтуге де ден қойып отыр. Мысалы, бастауыш сыныптың мұғалімі Гүлмира Завьялова осындай дайындық курсынан өтіп, еңбекақысына 30 пайыз үстемеақы қостырып алған.

Ауыл мектебін биылғы жылы 5 бала бітірген болса, оның 4-еуі ҰБТ тапсырған. Олардың орташа көрсеткіші 88 балдан айналыпты. Ал “Алтын белгіге” ұсынылған мектептің жалғыз оқу озаты оған лайықты білім деңгейін көрсете алмай, 102 балл ғана жинаған. Міне, осындай жайттар ұстаздар ұжымын ойға салып, білім сапасын арттыруға ұмтылуда. Мектепте оған мүмкіндік мол, материалдық-техникалық базасы мен осызаманғы оқу-әдістемелік құрал-жабдықтарымен жарақтануы біршама жоғары дәрежеде. Мультимедиалық кабинеті бар, электрондық жүйе бойынша оқыту материалдары келіп түскен. Физика, ақпараттану, химия, тарих, қазақ және орыс тілдері кабинеттері жұмыс істейді. Тек бір жетіспейтіні – орынның тапшылығынан биология мен география пәндері кабинеттері біріктіріліп жіберілген.

Десе де, білім беру сапасы алдымен ұстаздың біліктілігіне байланысты. Мысалы, жеке оқу кабинеттері болмаса да, география пәнінің мұғалімі Татьяна Безгинаның шәкірттері терең білімдерімен көзге түсуде. 11-ші сынып оқушысы Алена Ефименко республикалық география пәні олимпиадасында жүлделі үшінші орыннан көрініп, Молдавияда өткен ТМД елдерінің жас географтар сайысының қорытынды конференциясында оған қатысқан, Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімовтің қолынан сыйлыққа ноутбук алды.

Шәкірттеріне терең білім беріп жүрген озат ұстаздар қатарында орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Марина Линниктің, физикадан сабақ беретін, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Наталья Кузаеваның және қазақ тілі пәнінің мұғалімі Игібай Ташмағанбетовтің есімдерін атауға болады.

“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша соңғы жылдары мектепке 9 жас маман келіп, қалаған мамандықтарына сай жемісті еңбек етуде. Олардың мемлекеттің беретін көтермеақысын пайдаланып және пайызсыз кредитке қол жеткізіп, баспана сатып алып, тұрмыс жағдайларын жақсартып жатқандарына қарағанда, бұл таңдаулары жүрек қалауынан туындағаны аңғарылады.

– Ұжымымызға жаңадан қосылған жас мұғалімдеріміз осында шаңырақ құрып, түпкілікті қалу ниетін білдіруде. Біз оған өте қуаныштымыз. Мысалы, математика пәнінен сабақ беретін жас маман Людмила Морожникова студент кезінде ел Президентімен кездесуге қатысып, Елбасымен қазақша тіл қатысқан оқу озаттарының бірі болатын. Қазір мектептегі көптеген істердің ұйытқысы болуда. Осы ауылдан жар тауып, отбасын құрды. Сол сияқты, тағы бір математигіміз Антон мен биологымыз Анастасия осында шаңырақ көтерді. Жастарымыздың мектепке жаңа леп әкелгені сезіледі. Олардың ішінен өз магистранттарымыз да шыға бастады. Олар – тарихшы Мұса Халиуллин мен химия пәнінің мұғалімі Нэля Кузаевалар, – деді Тамара Сергеевна.

Мектепте аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің және Өнер мектебінің филиалдары ашылыпты. Соның нәтижесінде мектептің баскетболшы қыздары үш жылдан бері облыс бойынша жүлделі орындардан көрініп жүр. Оларды дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Яков Суслов жаттықтырады. Ал осындағы Өнер мектебіне оқу ісінің меңгерушісі Инна Швецова жетекшілік етеді. Мектеп көркем-өнерпаздары түрлі мәдени шараларда, аудандық және облыстық байқауларда сан алуан өнерлерімен жарқырап көзге түсуде. Қаладағы ата-анасыз қалған жетім балалар мектеп-интернатымен тығыз мәдени байланыс орнатып, оларға талай мәрте өз өнерлерін көрсеткен.

Мектептің “Әрқашан бір деңгейде” атты газеті бар. Баспаханада түрлі түспен басылатын бұл басылымды шығаруға осы мектептің түлегі, белгілі журналист Ақләйлек Жаукина көмектесіп жүр. Жалпы оқу орны жанашырларға кенде емес. Бүгінде Германияда тұратын мектеп түлегі Эдуард Шефер мереке күндерінде арнайы сыйлықтар жіберіп, хабарласып тұрады.

– Ал, негізгі арқа сүйер тірегіміз, демеушілеріміз – әрине, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары. Біздің Дубровное ауылында жұмыс істейтін “Ишим – Агро – Норд” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және “Бредун” коммандиттік серіктестігі мектеп қажеттіліктеріне байланысты өтініш-тілектерімізді аяқсыз қалдырып көрген жоқ. Әсіресе, “Ишим – Агро – Норд” ЖШС-нің директоры Герман Мазурдың тарапынан көп қолдау тауып жүрміз. Мысалы, серіктестік биылғы жылы мектеп бітірген озат түлектеріміз Александр Нахлесткин мен Виктория Ефимоваға 75 мың теңгеден ақшалай сыйлық жасады. Десе де, үнемі оларға қол соза берген де дұрыс емес. Сондықтан шама-шарқымызша өзіміз де қаракет етіп, аздап картоп және көкөніс өсіріп, кәдемізге жаратамыз. Осының және демеушілік көмектің арқасында бастауыш сыныптар оқушылары тегін тамақтандырылады. Тұрмысы төмен отбасы балаларына да жеңілдік жасалады. Сондай-ақ мектеп мұғалімдерінің өздері де ақша жинап, әлжуаз отбасылар балаларының керек-жарағын сатып әперетін кездері де болады, – дейді мектеп директоры.

Мұның бәрі – үлкен жүректен жасалып отырған ізгілікті істер. Ауыл мектебі білім ұясы ғана емес, жақсы тәлім мен тәрбиенің де ордасы.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp