Мектепті бітірген жылы Иринаның алдында жүрегі қалаған екі мамандықтың бірін таңдау міндеті тұрды. Бірі – әскери білім алу, екіншісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі атану.
Бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін Ирина Седова анасының әскери білім алуына қарсы болғанын айтады. Қызының бала тәрбиесіне жақын мамандықты меңгергенін қалаған анасының өтінішін жерге тастамаған Ирина мұғалімдік мамандықты таңдаған. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Көкалажар ауылындағы орыстілді мектепте білім алған Ирина қазақ тілі пәнін ерекше ынтамен оқыпты. Осы көзқарасы оның қазақ тілінде жоғары білім алуына түрткі болған. 2005 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дегі Тіл және әдебиет институтының “Қазақ филологиясы” кафедрасына оқуға түседі. Тобында өзі сияқты қазақ тілінде білім аламын деген 9 өзге этнос өкілі болған.
– Басында бір-бірімізбен қай тілде сөйлесерімізді білмей қиналдық. Қазақ тілін тереңірек үйренгеннен кейін, мемлекеттік тілде сөйлесуге тырыстық. Бұл қазақтілді ортаға тез сіңісуімізге септігін тигізді, – дейді Ирина Валерьевна.
Жұмысқа орналасқан кезде оқушыларының өзіне таңданыспен қарағанын айтады. Қазақ тілін үйретуге келген мұғалімді алғашқы жылы қызықтаумен болған оқушылары қазір үйренісіп кетіпті. Мұғалімдеріне қарап, мемлекеттік тілді білуге тырысуда.
– Қазір орыстілді мектептерде оқитын оқушылардың қазақ тіліне көзқарасы түзу. Олар бәсекеге қабілетті маман болу үшін мемлекеттік тілді міндетті түрде білу керек екендігін жақсы түсінеді. Алғашқы жылдары балаларға қазақ тілін үйретуде аздап қиыншылық болса, қазір олар тіл білудің маңыздылығын түсінді. Ортақ көзқарас пайда болған кезде үйрету де оңай ғой, – дейді Ирина Седова.
Ол жұбайы Валентинмен бірге екі ұл тәрбиелеп отыр. Жастайларынан екі тілді бірдей біліп өссін деген ниетпен балаларына да қазақ тілін үйретуде. 4 және 2 жастағы қос құлыны анасы үйреткен қазақша сөздерді жаттап алатын көрінеді. Қазақ тілін тұрмыстық деңгейде білетін жұбайы Валентин де өз білгенін пысықтап отырады екен.
– Облыс орталығына келгенде университетте қазақ тілінде білім алған тоғызымыз кездесуге тырысамыз. Кездескен кезде бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесіп, студенттік шақтарды еске аламыз. Ешқайсысы тілді ұмытпапты. Барлығы еркін сөйлейді, – дейді Ирина.
Бір кездері қазақша сөйлеген өзге ұлт өкілін көрсек, таңданысымызды жасырмасақ, бүгін мұны уақыт талабындай қабылдаймыз. Себебі, әсіресе, жастар жағы мемлекеттік тілді меңгеруге әлдеқашан ден қойған.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.