«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒАУ мен ҚОЛДАУ КҮШЕЙЕ ТҮСУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылғы 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қабылданған бағдарламалардың орындалу барысына тоқтала келіп, кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау мен қолдауды күшейту мәселесіне ерекше назар аударды. Әсіресе, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясындағы несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін жәрдемқар-жыландыру жұмыстарын жүргізуге байланысты бірқатар облыстарды сынға алды. Осы мәселенің өңірімізде қалай жүзеге асып жатқанын білмек болып облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Александр Иванищевті сөзге тартқан едік.

– Александр Васильевич, алдымен кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау тетіктеріне тоқталып өтсеңіз.

– Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріне қолдау көрсетудің 70-тен астам тетіктері белгіленген. Олардың 5-еуі – инвестиция тартуға, 9-ы – инновацияны, 25-і – шағын және орта бизнесті, 1-еуі – минералдық-шикізат базасын дамытуға,10-ы – экспортты ынталандыруға, 11-і – қаржыландыруға, 5-еуі – “Өнімділік – 2020” бағдарламасын қолдауға арналған.

Мысалы, “Өнімділік – 2020” бағдарламасы аясында жұмыс істеп тұрған ірі және орта кәсіпорындарды жаңғырту үшін ұзақмерзімді лизингтік қаржы, инновациялық гранттар беріліп, өндіріс орындарына білікті жобалау ұйымдары мен шетел мамандары тартылады. Ал “Экспорттаушы – 2020” бағдарламасы экспортты ынталандыруды мақсат етеді. Осы бағдарламаға орай жұмсаған шығынның (жарнамаға, офисті ұстауға, көрмелерге қатысуға кеткен және басқа шығындар) 50 пайызы қайтарылады, сервистік көмек көрсетіледі, экспорттық сауда операцияларын қаржыландыру жүргізіледі. “Инвестор – 2020” бағдарламасы инвестиция тартуға бағытталған. Соған орай жарғылық капиталға қатысуға, заемдық қаржы, лизинг беруге, инвестициялық пұрсаттылықты пайдалануға қолдау жасалады. Шағын және орта бизнеске арналған “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы республикамызда 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарламаның “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау”, “Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін азайту”, “Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту” бағыттары бойынша экономиканың басым секторларында өз қызметін іске асыратын кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. “Жұмыспен қамту – 2020” ауылдық кәсіпкерлер мен өз ісін ашқысы келетін тұрғындарға, атап айтқанда, өз бетінше еңбек ететіндерге, жұмыссыздар мен аз қамтылғандарға арналған.

Сонымен мемлекеттік тетіктер кредиттерді арзандатуға, кепілзаттық қамтамасыз етуді беруге, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, технологиялық жаңғыртуға, сыртқы нарыққа шығуға, бизнесті заманауи тиімді жүргізу дағдысына үйретуге, білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталады.

– Шағын және орта бизнесті қаржылық қорлармен қамтамасыз ету жағдайы қалай?

– Облыс аумағында екінші деңгейлі банктердің 17 филиалы, 2 республикалық өкілдік: “Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ мен “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ, 27 микрокредит ұйымы, 13 несиелік серіктестік жұмыс істейді. Аталмыш қаржылық ұйымдар 2012 жылы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бизнесті дамытуға 28 млрд. теңгеден астам қаржы берді. 2005 жылы бұл көрсеткіш 16,5 млрд. теңгеден аспаған.

Енді Елбасы сынға алған несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін жәрдемқаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған үш жылда сомасы 18,60 млрд. теңгеге – 201, оның ішінде үстіміздегі жылы 3,3 млрд. теңгеге 55 кредит берілді. Олардың 14 пайыздық мөлшерлемелерінің 7 пайызы мемлекет тарапынан қайтарымсыз жәрдемқаржыландырылады. Бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысып келеміз.

– Бизнес-ахуалын жақсарту мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

– Облыста артық әкімшілік кедергілерді, оның ішінде лицензия мен рұқсат алуға байланысты бөгеттерді жоюға арналған жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік қызмет көрсету ИС “Е-лицензиялау” әдісін енгізу жолымен автоматтандырылуда. Қазіргі кезде облыста 30-дан астам кәсіпкерлер бірлестігі тіркеліп, әкімдіктер жанында кәсіпкерлік мәселесі бойынша 14 өңірлік Сараптама кеңесі құрылған. Осы бірлестіктер арқылы өңірдің шаруашылық құрылымдары заңнамалық актілерді жетілдіруге арналған жұмыстарға тартылады.

– Облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің дамуы қалай?

– Мақсатты мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнес экономиканың тұтыну секторының ажыратылмас бөлігіне айналды. Бүгін облыстың кәсіпкерлігі қарқынды дамып, өңір экономикасының тұрақты өсімінің негізін қамтамасыз етіп отыр.

Соңғы жылдары жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 2005 жылға қарағанда 3,1 пайызға өсіп, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 22,6 мың субъектіні құрады. Соған орай шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек ететіндер саны да жыл өткен сайын өсіп келеді. Мысалы, 2005 жылдан бері бұл көрсеткіш 28 пайызға өсіп, 2013 жылы 1 қаңтарда 99,1 мың адам немесе облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының жалпы санының 28,3 пайызы болды. Осыдан жеті жыл бұрын бұл көрсеткіш 19,6 пайыз ғана болатын.

Шағын және орта бизнес кәсіпорындары 2012 жылы 251,8 млрд. теңгенің өнімін (тауарлары мен қызметін) шығарды, бұл 2005 жылғы деңгейден 4 есе көп.

Облыстық шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімге қосқан үлесі 2007 жылғы 19,6 пайыздан 2012 жылдың соңында 25 пайызға дейін өсті. Республика бойынша бұл көрсеткіш 20 пайызды ғана құрайды.

Бүгінгі күні мемлекеттік бюджетке түсетін жалпы түсім көлемінің 60 пайыздайын облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қамтамасыз етеді. 2005 жылдан бері салықтың, алымдар мен басқа да төлемдердің түсімі 3,7 есе өсіп, 2012 жылы 29,2 млрд. теңге болды. Шағын кәсіпкерліктің бір субъектісінің орташа аударуы осы кезеңде 0,4 млн. теңгеден 1,29 млн. теңгеге дейін жетті.

Қазіргі уақытта шағын және орта бизнестің сауда-саттықтан өндірістік секторға ауысуына, сол сияқты қызмет көрсету саласында оның әлеуетінің күшеюіне қолайлы жағдай жасалды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp