Мамлют ауданының Новомихайловка ауылында тұратын Нагорныйлар отбасысын “Ұстаздар әулеті” деп айтса, артық етпес. Себебі, ұл-қыздарына дейiн ұстаздықты таңдаған бұл үйдің адамдарының жалпы ұстаздық өтілі бір жарым ғасырдан асты. Отағасы Леонид Нагорныйдың өзі 39 жыл бойы бала оқытыпты.
Бүгінде ұлағатты ұстаз Леонид Михайлович шәкірттерінің ерекше құрметіне ие. Себебі, жүргізген әрбір сабағы асқан қызығушылықпен өтіп, оқушы жүрегіне жол таба білген. Саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған Леонид Нагорный еліміздің жарқын болашағы – жастарды білімге шақырып, білгенін үйретуден еш жалыққан емес.
1948 жылы Новомихайловка елді мекенінде педагогтер отбасында туып-өскен Леонид ата-анасы салған сара жолдан айнымай, ұстаздар әулетінің ізін жалғастырған. Осында соңғы 39 жыл ұстаздық қызмет атқарған оның ата-анасы баласының білімді де білікті мұғалім болып өскенін қалаған екен. Содан болар, әкенің тәрбиесі мен ананың ыстық мейірімі мектеп бітірген жас баланы білім жолына жетелеген. Ол өз өмірінің ізгі жолда қалыптасуына әкесі Михаилдың ерекше ықпалы болғанын мақтанышпен әрі сағынышпен еске алды. “Бүгінгі күні бірімізге ардақты әке, бірімізге қадірлі ата атын биікке көтеріп жүрген әкем Михаил Федосеевич – Ұлы Отан соғысының ардагері. Петропавл педагогикалық институтын, кейін Омбы педагогикалық институтын бітірген. Көп жылдар бойы ауыл мектебінде балаларға математика мен география пәндерінен сабақ беріп, ауылдағы мектептің, жалпы ауылдың көркейіп, дамуына көп үлес қосқан азамат. Ол кісі өмірінің өскелең ұрпақты білім жолына тәрбиелеп, білім ошағында 43 жыл тапжылмай еңбек етсе, оның 18 жылында мектеп директоры болған. Ерен еңбегі үшін “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған.
Ал анам Мария Моисеевна Петропавл педагогикалық институтын, содан соң Омбы педагогикалық институтын жаратылыстану география мамандығы бойынша тамамдаған соң ауыл мектебінде 35 жыл химия пәнінің мұғалімі болған. Оның 10 жылын мектеп директоры лауазымында қызмет атқарған. Сондай-ақ “Қазақстан Республикасының ағарту ісінің озық қызметкері” атағын алып, БжҒМ Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ата-анам ұстаздар ұжымының, оқушылар мен ауылдастарының алдында өте сыйлы адамдар болған”, – деп еске алады ол. Әкесінің берген тәрбиесі, ақыл-кеңесі баласының нағыз азамат болып қалыптасуына өмір бойы азық болғаны анық.
Мектепті ойдағыдай бітіріп шыққан ол әскер қатарына шақырылып, талай әскери жаттығуларды бастан өткереді. Азаматтық борышын өтеген соң Петропавл қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тамамдаған соң ауылға келіп, мектепке қызметке тұрады. Институтта алған білімін алғаш осы жерде пайдаланған ол ерекше белсенділігімен көзге түседі. “Студенттік шақты ұмыту мүмкін емес. Оқытушылардың дәрісінен қалмай, сабағымызды бар ынта-жігермен оқып, қиын сәттерде бір-бірімізге демеу болатынбыз. Қазір сол күндерді сағынып еске аламын”, – дейді Леонид Михайлович.
Мектептегі жұмыспен қатар өзінің жеке басын ойлаған жас маман 1980 жылы биология-химия пәндерінен сабақ беріп, оқушыларының білімін шыңдап жүрген өзінің әріптесі, жас маман Екатеринамен тіл табысады. Содан бері зайыбы, отбасының ұйтқысы болған Екатерина Алексеевна ауыл мектебінде іскер де белсенді жас маман екендігін танытып, кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Бүгінде мектеп директоры лауазымына дейін көтеріліп, мұғалімдер ұжымына басшылық етіп, ауыл жастарын тәрбиелеу мен оқытуда өз үлесін қосып жүргеніне он төрт жыл толды.
Туған ауыл үшін еңбек етуді азаматтық борышым деп білген, отыз тоғыз жыл Новомихайловка орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарған ұстаздың алдынан қаншама оқушы өтті. Ол талай таланттың дарынын шыңдап, өмірлерінің мәнді де сәнді өтуіне өз үлесін қосып, білім ошағындағы әрбір сабағын қызықты өткізуге тырысқан ұстаз мол тәжірибесін оқушылармен, қызметке келген жас мамандармен үнемі бөлісіп отырады. Өзінің ауыл мектебіне жұмысқа келген алғашқы жылдарды отағасы былайша еске алады: “Ол кезде білімді ұстаздармен бірге сабақ жүргізу мен үшін қиындық туғызатын. Дегенмен, араға уақыт салып, оң мен солымды таныған соң тәжірибелі аға-апаларыммен қоян-қолтық араласа отырып, ұжымға сіңісіп кеттім. Білім саласына жол ашып, ақыл-кеңесін аямаған ардақты оқытушыларымның бірі – Қайырбай Бөкенбаевқа деген алғысым шексіз. Қолынан келген көмегін аямай, бар білгенімен бөлісіп, өз ісімнің нағыз маманы болуыма айрықша септігін тигізді”, – деген ол білікті де білімді аға-апаларынан тек қана ұстаздық шеберлікті ғана емес, сонымен бірге тәлім-тәрбие, өмірге деген көзқарастың сан қилы ерекшеліктерін жете түсінгенін жеткізді. “Қазір сол уақытта менімен бірге жұмыс істеген аға-апалардың басым көпшілігі зейнеткерлікке шыққан. Қалғандары мәңгілік мекендеріне аттанды. Сол әріптес аға-апаларымның көрсеткен үлгі-өнегелеріне дән ризамын”, – дейді Леонид Нагорный.
Оқушыларының бойына адамгершілік қасиетті қалыптастыра отырып, мектептен жақсы азамат болып шығуын армандайтын және де сол арманына әрдайым қол жеткізе білген ұстаз мұғалімдік кәсіптегі ең басты жайт оқушылардың білім алуға деген ынтасын ояту деп біледі.
Жас буынның физика пәнінің таңғажайып ғаламына жол ашқан ұстаздың шәкірттері бүгінгі күнде еліміздің түкпір-түкпірінде сан салада еңбек етеді. Олардың ішінде дәрігер, инженер, заңгер, экономист, егінші, құрылысшы да бар.
Леонид Михайловичтің шәкірттері: Владимир Водолазов – Санкт-Петербургтегі Попов атындағы радиотехникумын үздік аяқтап, бүгінде ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-Теңіз Күштерінде абыроймен қызмет атқарса, ауыл мектебін үздік тамамдаған тағы бір оқушысы Юрий Токарев – Петропавлдағы ІІМ Ішкі әскері Әскери институтының түлегі. Қаншама оқушыларының аудандық, қалалық және облыстық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болуы да зор мәртебе. Мұндай ортадан озған шәкірттер көптеп саналады.
– Әр баланың бойында тұнып жатқан дарын болады. Сол дарынды аша білу, талантын дамыта білу – әр мұғалімнің басты парызы. Шәкіртсіз ұстаз – тұл. Өзге әріптестерім сияқты менің де басты мақсатым – оқушының білім алуға ынтасын ояту, физика пәнін оқыту сапасын жақсарту. Әрбір сабағымда оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға күш саламын, – деді Леонид Нагорный.
“Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” дегендей, ата-ананың өнегесімен перзенттері де ұстаздық жолды таңдады. Басқаша болуы да мүмкін емес. Леонид Михайлович өмірлік серігі Екатерина Алексеевнамен бірге өз балаларын да ойдағыдай тәрбиелей білген. Өнегелі отбасының тұңғышы Татьяна облыс орталығындағы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Еңбек өтілі – алты жыл. Бүгінде тұрмысқа шығып, ұстаздық қызметін жалғастыруда. Ұлы Иван облыс орталығында еңбек етеді. Ол да облысымыздың қара шаңырағының бірі – СҚМУ-дің түлегі. Құрылыс және көлік факультетін ойдағыдай тамамдаған.
– Қазір білім сапасына көп көңіл бөлінуде. Дегенмен, оқушының оқу материалын дұрыс түсініп, болашақ кәсіби маман болуы үшін сабақты барынша түрлендіріп өткізу мәселесі әлі де ақсап тұр. Себебі, оқушыларды мұғалімдердің бірсарынды, жылдан-жылға жаттанды болған сабақтары жалықтырып отырғандай. Сондықтан 45 минуттағы сабақта оқушының қызығушылығын оятатындай әрі қызықты, түрлі ойындарды араластыра отыра ұйымдастырған жөн болар еді, – дейді өзінің көп жылғы тәжірибесіне сүйенген Леонид Нагорный.
Өз өмірін білім саласымен байланыстырған Нагорныйлар отбасысының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұстаздық жалпы еңбек өтілдері 154 жылды құрайды. Бұл – көрсеткішті жылдар өте келе немерелері мен шөберелері де әрі қарай жалғастырары сөзсіз.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.