«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕБІР ӘНДЕРДІ НОТАҒА ТҮСІРГЕН оның өлшеусіз еңбегі төл өнерімізді байыта түсті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаладағы мерекелер үрлемелі оркестрсіз өтпейді. Оның сазы бойға қуат беріп, адамға қанат бітіретіндей өршіл. Демалыс бағында үрлемелі оркестр ойнаған кезде кімді болсын бір серпілтіп, жастық шақтың жалынды кезі еске түскендей болады. Ал бірақ осы өнердің бастауында тұрған жерлестерімізді біле бермейміз. Осы күнге дейін оның қалыптасып, одан әрі дамуына зор үлес қосып жүрген өнерпаз жандардың бірі – ұстаздық еңбектің ардагері, білім беру ісінің үздігі Сайдаш Ғайсин.

Анна КУЧЕРЕНКО,
еңбек ардагері.

Сазды жүрегіне қылау түспеген Сайдаш Садықұлы осы өнерге өмірінің 45 жылын арнады. Ол Алматы консерваториясын бітірген соң қалалық музыкалық училищеде (қазір Өнер колледжі) көп жыл ұстаздық етті, оркестрлік бөлімнің меңгерушісі де болды және үш жылдай осы оқу орнын басқарды. Еліміздің әйгілі композиторы Евгений Брусиловскийдің өзінен тәлім алған оның, әсіресе, үрлемелі аспаптарға деген сүйіспеншілігі ерекше. Бала кезінде жан-жүректі шымырлатар керней сазын алғаш естісімен оған құлай беріліп, сол арман оны биік өнер белесіне шығарды. Ол өзінің ұзақ жылғы шығармашылық және өнерге ниеттестік қызметінде үрлемелі, симфониялық және әйелдердің үрлемелі оркестрлерін құрды. Осы бағыттағы ұстаздық қызметіне сәйкес облыс аудандарындағы музыкалық мектептердің ашылуына ұйытқы болған бастамашылар тобының бел ортасынан табылып жүрді.

Бүгіндері құрметті еңбек демалысындағы саз өнерінің шебері әлі де шығармашылық шабытпен тыныстауда. Ол ұлттық саз фольклоры үлгілерін жинастыруда. Қазір ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Иван Мищенко жетекшілік ететін ардагерлердің қалалық ұлттық хорының әншісі. Сайдаш Садықұлы осы хор құрамында 20 жылға жуық ән салуда, әсіресе, оның қазақ тілінде орындайтын “Он алты қыз” әні тыңдаушыларының зор сүйіспеншілігін тудырады. Өйткені, оның ән орындау мәнеріндегі актерлік шеберлігі ерекше әсер етеді.

Өнерпаз көптеген жасты осы тамаша өнерге баулығанын өзінің өмір жолындағы ең толымды шығармашылық жетістігі санайды. Шынында да, ол талай жасты сиқырлы саз әлеміне ертіп, олардың жан дүниесінің тазалығына өзінше үлес қосты. Қолына саз аспабын ұстаған жастар көшеге шығып, бұзақылық жасамайды, сондай-ақ өнерлі жастардың темекіден, ішімдіктен және есірткіден аулақ жүретіні белгілі. Бұл орайда ұстаздың қоғамға пайдалы үлкен іс атқарғаны сөзсіз. Бір кездері оған сабақ үлгерімі төмен балаларды музыкаға тартатыны кінә етіп қойылған кездері де болған, алайда жас ұрпаққа алдымен жан тазалығы сезімін ұялатқан білікті ұстаз алған бетінен қайтпай, ақыры оның дұрыстығын ісімен дәлелдеді. Сайдаш Садықұлы 45 жылдық ұстаздық жолында 100-ден астам өнерпаз шәкірт тәрбиелеп шығарған. Оның шәкірттері қазір Астана, Омбы және Новосибирск қалаларының өнер ұжымдарында қызмет етеді. Бүгінде Петропавл қаласындағы Жоғары Әскери институттың және ішкі істер әскери бөлімінің үрлемелі оркестрлерінде ойнайтын оркестранттардың бәрі – оның шәкірттері.

Сайдаш Ғайсинге биылғы жылы “Петропавл қаласының Құрметті азаматы” атағы берілді. Бұл ардагердің халқына қызмет еткен адал еңбегінің лайықты бағасы деп білеміз. Осындай жылы жүректі жайсаң жандардың бар екендігі – зор мақтаныш.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp