«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА КӨШЕЛЕРІНІҢ АТАУЛАРЫ көкейімізден шыға ма?..

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде “Көше” атауына “Екі қатар боп тізілген үйлердің арасындағы жүруге, қарым-қатынасқа арналған кеңістік” деген анықтама беріліпті. Осы кеңістікті бір-бірінен ажырату, танып-білу үшін бізде оларды кейбір шетелдегідей нөмірмен емес, белгілі, көрнекті тұлғалардың есімімен, ата тегімен атау дәстүрі қалыптасқан. Сонымен бірге көшелер “Шұғыла”, “Болашақ” сияқты бейнелі сөздермен де, “Қазақстан Конституциясы”, “Интернационал” сияқты саяси терминдермен де аталады.

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

 

Ел егемендігі

әкелген өзгеріс

Облыстық мұрағаттан алынған деректе 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін Петропавл қаласында 324 көше атауының әліпбилік тізімі беріліпті. Мұның өзін толық тізім дей алмаймыз. Мысалы, аталмыш деректе Сенная база шағын-ауданындағы 7 көшенің 5-еуі ғана көрсетілген, Бензостройдағы қысқа көшелердің (мысалы, пр. Московский к-сі) кейбіреуі кірмей қалған. Сонымен облыс орталығында шамамен 350-ден астам көше атауы бар десек, қателеспейміз.

Еліміз егемендік алғалы біздің облыста да, оның ішінде Петропавлда да бұрынғы Кеңес Одағы кезіне тән Коммунистік партияның сойылын соғатын атаулардың біразы заман талабына сай өзгеріске ұшырады. Мысалы, 1992 жылғы 12 мамырдағы қала әкімшілігі басшысының №236 шешімімен Коммунистік және 2-ші Коммунистік көшелер – Мағжан Жұмабаев, 1997 жылғы 5 шілдедегі Петропавл қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХVІ сессиясының шешімімен Рабочий – Павел Васильев, Индустриальный – Ғабит Мүсірепов, К.Маркс – Университет атауымен аталатын болды. 1999 жылы Ленин – Конституция (2005 жылы – Қазақстан Конституциясы), Октябрь – Парк, Киров – Жамбыл Жабаев (2004 жылы – Жамбыл), Куйбышев – Мұхтар Әуезов, Дзержинский – Ыбырай Алтынсарин, Энгельс – Караван, Свердлов – Қаныш Сәтбаев, Крупская – Григорий Потанин, Красноармейский – Евней Бөкетов, Пролетар – Евгений Брусиловский, Революционный – Вознесенский көшелеріне айналды. Осындағы Бөкетов сөзінің транскрипциясын орысшасындағыдай Букетов деп алған орынды деп санаймыз. Оған КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты химик, академик, аудармашы, жазушы жерлесіміз Евней Арыстанұлының ана тіліндегі өз шығармаларына Букетов деп жазғандығымен ғана қысқа да нұсқа жауап беруге болады.

2000 жылы 29 қыркүйекте Петропавл қалалық мәслихаттың VІІІ сессиясының шешімімен М.Жұмабаев көшесінің солтүстік бөлігі Шоқан Уәлихановқа өзгертіліп, ал бұрыннан бар Ш.Уәлиханов көшесі енді Айыртау деп аталатын болды. Бүгінгі күні ақиық ақын атындағы көшенің солтүстік жағы кеңейтіліп жатқанда, бұл шешімнің “өміршең” болмайтындығы, оның алдын ала ойластырылмағандығы байқалады. Былайша айтқанда, кеңейтіліп жатқан М.Жұмабаев көшесі Ш.Уәлиханов көшесіне ұласып, алдағы уақытта Хименко көшесімен қиылысуға тиіс. Сонда бір көшені екі тарихи тұлғаның есімімен атай береміз бе?!

Бұдан кейін 2005 жылы Первомай – “Казахстанская правда”, Ермак – Малый (басқа атау табылмағандай – Н.Ш.), Пархоменко – Батыр Баян, 2006 жылы Университет – Абай, Абай – Тоқсан би, 2008 жылы Каманин – Астана, Либкнехт – Аяған Шәжімбаев, 5-ші линия – Ніл Болатбаев, 2009 жылы Осипенко “Егемен Қазақстан” көшелері болып өзгертілді.

Сонымен бірге “Шығыс”, “Орман”, “Борки” шағынаудандарындағы жаңа 22 көшеге 2008 жылы 17 қазанда қалалық мәслихаттың ІХ сессиясының шешімімен Ақбастау, Шапағат, Таңшолпан сияқты заманауи атаулар берілді. Алайда, “Орман” шағынауданының бір көшесінің Алматы аталуын құптай қою қиын. Осындай көше атауы Петропавлда бұған дейін де бар болатын. Қазақша Алматы, орысша Алматинская Астана көшесімен қиылысады. Осындай жағдай Бензострой мен Жұмысшы кентінде де кездеседі. Аталмыш шағынаудандардағы екі көше Олег Кошевой есімімен аталады. Қала аумағындағы бірдей атаулардың жолаушыларға, жол қатынасын пайдаланушыларға, пошта қызметкерлеріне біршама қиындық тудыратындығын оларды бастарынан өткерген адамдар ғана біледі.

Кейінгі жылдары мораторий жариялануына байланысты көше атаулары өзгертілген жоқ.

“Жайсан” ба, “Жайсаң” ба?..

Болса, қай жайсаң?!.

Елбасы Алматы қаласының кейбір көшелерінің мағынасыз атаулардан әлі де арыла алмай отырғандығын сынағанын БАҚ арқылы білеміз. Кезінде Президенттің: “Тәуелсіз мемлекеттің белгісі оның ұлттық нышандары, сол ұлттық нышандар елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың аттарынан да көрініп тұруға тиіс… Отаршылдық саясаттың көзіндей сақталып қалған атаулардан бірте-бірте арылу шарт”, дегені де есімізде (“Ана тілі” газеті, 05.11.2008 ж.,№23, “Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық”).

Көше атауларының әліпбилік тізіміне зер салатын болсақ, сондай жағдайлар біздің Петропавлда да кездеседі. Мысалы, облыс орталығында Асфальтная, Вагонная, Весенняя, Дальняя, Заовражная, Заозерная, За рекой Ишим, Ишим река, Жайсан, Короткая, Проводная, Проселочная, Прохладная, Свежая, Совхозная, Соленика, Теплые кусты, Тууская, Тенистая, Центральная, 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші Кірпіш (Кирпичная), 1-ші, 2-ші Безымянная, Крепостная площадь (алаңның көшеге қандай қатысы бар?! – Н.Ш.), Локомотив, Қуат сияқты көше атаулары бар. “Абылай хан резиденциясы” маңындағы 3 көше Театр, қысқа Театр, Театральный косогор аталады. 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші Линия, 1-ші, 2-ші, 3-ші Линия – Мещан орманы (1-я Линия – Мещанский лес) атаулары да көшелерді бір-бірінен айыру үшін қойыла салған сияқты. Бұдан басқа да орашолақ атауларды көшелердің әліпбилік тізіміне қараған адам бірден байқайды.

Соңғы кездері жаңа көшелерге беріліп жатқан атаулардың барлығы да көңілден шығады деп айта алмаймыз. Оған “Шығыстағы” Жаңа қоныс, Жақсылық, “Орман” шағынауданындағы Жайсан, Қуат, “Боркидегі” Спортивная, Жастаң атауларын мысалға келтіруге болады. Солардың біреуіне ғана тоқталып өтейік. Қазақ тілінде Жайсан деген сөз жоқ, ал оның қазақшасы Жайсаң болады десек, Жайсаң сөзі жайдары жүзді, мейірімді, шапағатты дегенді білдіреді. Түптеп келгенде, соның өзі көше атауына лайық сөз бе?

БІР КӨШЕДЕ – ЕКІ АТАУ

Бұл не қылған “жаңалық”?!.

Сонау Ойқаладағы, нақтырақ айтсақ, Мамлютка жақтағы көпірден басталып, К.Сүтішев көшесіне ұласатын “кеңістік” 1999 жылға дейін “күн көсемнің” қосағы – Н.К.Крупская есімімен аталып келді. Заман талабына орай оған Григорий Потанин есімі берілді де, Ойқала мен “дөңдегі” бір көше бұрынғысынша екі атаумен аталатын болып қалды. Неге? Бір түзудің бойында орналасқан көшенің бөле-жара аталуына ономастикалық комиссия неге назар аудармаған? Түсініксіз.

Осы көшеде “Абылай ханның ақ үйі” (тарихи шындық тұрғысынан келгенде “Абылай хан резиденциясы” емес, “Абылайдың ақ үйі” болуы керек – Н.Ш.) мұражай кешені орналасқандықтан, оны Абылай хан көшесі деп атайтын кез келген сияқты. Бұл кештеу болса да, туғанына 300 жыл толуы аталып жатқан, үш жүздің басын қосып, елдігімізді сақтап қалған ұлы тұлғаға көрсетілген лайықты құрмет болар еді. Біз бұл көшені Шоқан бабамыздың досы, этнограф Г.Потанин мен Кеңес Одағы кезінің тарихи тұлғасы К.Сүтішевке қимағандықтан айтып тұрған жоқпыз. Көшенің қазіргі жағдайының өзі “ Мен Абылай хан көшесі боламын” деп сұранып тұрған жоқ па?! Ал оларға (Г.Потанин мен К.Сүтішев) басқа көшелерді берсек, несі айып?!

Бір кездері Совет көшесін (Пушкин мен М.Жұмабаев көшелерінің аралығында) қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, ақын әрі жерлесіміз Ғалым Малдыбаев есімімен алмастыру жөнінде тиянақсыз шешім шығарылып, көшенің біраз бөлігіне жаңа атаумен маңдайша да қағылған болатын. Алайда, кейін Совет атауы бұрынғы орнына қайтадан “қонжиды”. Елбасы айтқандай, осының өзі отаршылық саясаттан арыла алмай отырғанымызды көрсетпей ме?!

Облыс тарихына үңілетін болсақ, қазақты дүниежүзіне ең алғаш танытқан атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов өзінің жеңісті жолын Петропавлда батырақ болып жүріп бастаған, кейін осында бірнеше мәрте цирк өнерін көрсеткен. Алаш арысы Міржақып Дулатов қаламызда еңбек еткен. Алты алашқа мақтан етер Шал ақын, Қожаберген жырау, Сегіз сері атында да көше жоқ. “Қызылжар” романының авторы, қуғын-сүргін құрбаны Мәжит Дәулетбаев, жерлес ақын, Шота Руставелидің “Жолбарыс тонды жиһанкез” дастанын жау тұтқынында жүріп қазақшалаған Хамза Абдуллин, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының президенті болған Лениндік сыйлықтың иегері Мұрат Айтқожин, кеше ғана ортамыздан кеткен талантты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, додалы айтыстарда облысымыздың намысын қорғаған Ерік Асқаров, Кеңес Одағының Батырлары Ысқақ Ыбыраев, Жәлел Қизатов көше атауларын иеленуге лайықсыз ба? Ондай Қызылжар өңірінен шыққан атақты тұлғалар аз дей алмаймыз. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде осындай шаралардың танымдық сипаты бар екені сөзсіз. Бұл тұрғыда айта берсе, сөз көп. Тек нәтиже аз болып тұр. Әйтпесе, өзіміз сөз етіп отырған көше атауларының әліпбилік тізімінде орыс, шетел әдебиеті классиктерінің көбінің есімдері “ұмыт қалмаған”. Тіпті, екінің бірі біле бермейтін Лобков, Лозовский, Новицкий, Ружейников, Рыжов аттарында да көше бар. Осының өзі құлдық санадан әлі арыла алмай жүргенімізді танытып тұрған жоқ па?!.

 

“Переезд”, “проезд”, “переулок” хақында

Облыс орталығында осындай да көше анықтауыштары бар. Олар мемлекеттік тілге аударып жазуда біршама қиындық туғызып жүр. “Проезд” сөзі аударма сөздікте өтпе жол, тар өтпе, оралым деген үш мағынада беріліпті. Мысалы, Бензострой шағынауданында Московский және пр.Московский көшелері бар. Екіншісі жеке, алдыңғыға қарағанда ені тарлау көше. Қысқа көше деуге де келмейді, өтпе жол да емес. Былайша айтқанда, жеке атауға сұранып тұрған көше. “Переезд” сөзі бір нәрсенің (темір жол) үстінен өтетін жер деп аударылған. Сонда облыс орталығындағы “Кировский переезд” көшесі осы түсінікке жауап беріп тұр ма? Ал “Переулок” аудармасы – тұйық көше (қатар екі көшені байланыстыратын шағын тар көше). Қалада бірнеше “переулок” көше бар. Бәрі де тұйық көше ме?! Ойланатын мәселе…

 

  P.S. “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға ҚР Президенті биыл 21 қаңтарда қол қойды. Заң бойынша (19-баптың 1-бөлігі) “Елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың” деген сөздер “Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің” деген сөздермен ауыстырылған. Сонымен әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі ұсыныстарды тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қорытындысы бойынша тиісті ономастика комиссияларының қарауына енгізу жергілікті өкілетті және атқарушы органдарға жүктелген. Ендеше өзіміз түтін түтетіп, сәулетті болуына қолымыздан келгенше жанашырлық танытып жүрген сүйікті қаламыздың тарихын айшықтайтын көше атауларының заманға сай болуына бастамашы болатындар да сол органдар деп білеміз. Мораторий алынып тасталды. Ендеше қолданыстағы заңнамаға сәйкес көше атауларын ретке келтіретін кез келген сияқты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp