«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘДІСТЕМЕШІЛЕРІМІЗ КӨЗГЕ ТҮСЕ БІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында “Жыл әдістемешісі” республикалық байқауына өңіріміздің бес ұстазы қатысып, үшінші дәрежелі үш диплом және бір әдістемеші “Ең жан-жақты ұстаз” аталымы бойынша жүлде еншілеп оралды.

Байқауды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен “Өрлеу” Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы Алматы қаласында өткізіп, оған 87 әдістемеші-ұстаз қатысты.

Осынау дәстүрлі байқаудың мән-маңызына бойлау үшін әдістемешінің білім берудегі алатын орнын түсіну керек.

Әдістемеші маман – мұғалімнің оқушымен қарым-қатынасын, оған тәлім-тәрбие беруін, оқытуын, тұлғасын дамытуын қатаң қадағалайтын білім саласының қызметкері. Инновациялық дамуға негізделген қазіргі жағдайда кез келген білім беру мекемесінің, аудандық, яки қалалық әдістеме кабинетінің әдістемешісі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға жәрдемдеседі, ұстаздар ұжымын оңтайлы тәжірибені қолдануға жұмылдырады, білім беруде көрсетілетін қызмет сапасына қол жеткізуге ұмтылады, осы саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды жауапкершілігіне алады.

Кәсіпқой-әдістемеші педагогикалық қызметке ынта-жігеріне қоса білікті, жаңаша ойлайтын, өзінің де, өзгелердің де бойынан көшбасшылықты талап ететін адам болуы керек.

“Жыл әдістемешісі” республикалық байқауы қатысушыдан осы қасиеттерді талап етті. Осы ретте өңірлік кезеңнен сүрінбей өткен біздің әдістемеші-ұстаздарымыз жеті көзбе-көз және сырттай байқау сынақтарын ойдағыдай және сенімді тапсырды. Петропавл қалалық Білім бөлімінен А. Қожырақаева – “Мектепке дейінгі білім”, облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының әдістемешісі Жәмила Қожыбаева – “Қосымша білім беру”, облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы Гүлмира Еңсегенова “Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттарының әдістемешілері” аталымдары бойынша үшінші орындарды иеленді.

“Ең жан-жақты ұстаз” деген басты аталым бойынша СҚУ колледжінің әдістемешісі Роза Нұрқанова жеңіп шықты. Ал Жамбыл аудандық Білім бөлімінің әдістемешісі Алена Коробова “Орта білім” аталымында сынаққа түсіп, байқау қазыларының жоғары бағасына ие болды.

Байқау қорытындылары біздің алдымызға жаңа міндеттер жүктейді. Біз қол жеткенді місе тұтып, тоқмейілсуден аулақпыз. Бұл орайда осы сынақта бізден де озық көрінген Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының, Ақтөбе және Қарағанды қалаларының ұстаздарының іс-тәжірибелерін сараптауды ұйғарып отырмыз. Сондай-ақ әлемдік білім беру кеңістігінде топ жарып келе жатқан Сингапур мемлекетінің ұстаздарының өнегесін үйренуді де қажет деп санаймыз.

 

Алма МЫРЗАЛИНОВА,

облыстық педагог қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институтының

директоры.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp