«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘН ӘЛДИЛЕГЕН ҒҰМЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алдағы жылы қалалық ардагерлер халық хорының құрылғанына 30 жыл толады. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Иван Мищенко жетекшілік ететін ұжым репертуарында классикалық шығармалар, соғыс жылдарының патриоттық әндері, орыс, қазақ және украин халық әндері бар. Отансүйгіштік тәрбие беретін және көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын хор қалада зор қошеметке ие. Онда әнді сүйген, ұжымдық өнерге бейім жандар топтасқан.

Анна КУЧЕРЕНКО,

еңбек ардагері.

Хор ұйымдасқаннан бері үзбей өнер көрсетіп келе жатқан өнерпаздардың бірі – әнші Валентина Шандыбина. Ұмтылыс жігерімен, зор белсенділігімен көрініп жүрген ол бірнеше жылдан бері ардагерлер хоры кеңесінің төрайымы болып табылады. Петропавл механикалық техникумын бітірген әнші қыз 40 жыл Киров атындағы зауытта токарь болып істеді. Сол 40 жыл бойы зауыт хорында ән салды. Оның соңғы 9 жылында қалалық және зауыт хорларының екеуіне бірдей қатысты. Өйткені, бұрын зауыт хорына жетекшілік етіп келген Иван Мищенко қалалық ардагерлер хорын басқаруға ауысқан кезде Валентина Григорьевна тәлімгерінің өтінішінен бас тарта алмады.

Ол – өмір мәнін әннен тапқан жан. Сондықтан өнер жолына түскеніне өкінбейді. Өмірде кездескен қиындықты әнмен жеңуге, одан бойына жеңілмес жігер мен қайтпас қайрат алуға тырысады. Валентинаның, әсіресе, хор жетекшісі Иван Мищенкомен қосылып айтатын “Жеті бажа” әні тыңдаушыларына қатты ұнайды. Ал өзінің жеке орындауындағы “Ананың шие ағашы” ерекше жан тербеп, жүрекке жылы сезім ұялатады.

Оның өнерден қол үзбей, шығармашылық табысқа жетуіне жұбайы Александрдың де тигізген ықпалы зор. “ЗИКСТО” зауытының технологы Александр Шандыбин қалалық ардагерлер хоры құрылған күннен бастап зайыбы Валентинамен бірге сахна төрінен табылып отырды. Ерлі-зайыпты Шандыбиндер хордағы бірден-бір отбасылық жұп болды. Бүгінде денсаулығына байланысты хордан қол үзіп кеткенімен, Александр өзінің сахнадан талай-талай тамаша өлеңдер оқығанын, концерттік бағдарламалар жүргізгенін сағына еске алады. Ұзақ жылдар бойы Валентина екеуінің Аяз ата мен Ақша қар рөлінде жаңажылдық кештерді өткізгендерін қалай ұмытсын?! Енді өзінің емес, Валентинаның табыстарына қуанады.

Хор осы жылы қалалық Мәдениет үйінде, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында, қала мектептерінде, облыстың ауылдары мен аудандарында табысты өнер көрсетті. Концерттік сапармен аудандарға шығуы үшін өздеріне жайлы автобустың бөлінуіне ықпал жасаған облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің басшыларына ұжымның айтар алғысы мол. Осындай қамқор жандар болса, өнер көкжиегі кеңейе береді, – дейді Валентина Шандыбина.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp