«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРГЕНДЕР ЖАЗАЛАРЫН ТАРТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы бюджеттік бағдарламалардың орындалмауының және олардың тиімсіздігінің негізгі себебі мемлекеттік сатып алу жүйесі екенін атап өткен болатын.

Нұрлан ШАБДАР,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы.

Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, мемлекеттік сатып алу саласында заңсыздықты болдырмау мақсатында Қаржы полициясы агенттігінде мамандандырылған Ахуалдық орталық құрылса, ал облыстық департаментте ақпараттық қорды пайдалана отырып, облыстағы криминогенді ахуалды бақылайтын ақпараттықталдау бөлімі жұмыс істеуде. Аталған бөлім жұмыс орнында отырып, қылмысты талдау жолымен ерте кезеңінде анықтап, оны болдырмауға мүмкіндік береді. Бөлім талдаушылары көтеріңкі бағамен сатып алуды дер кезінде анықтау және жол бермеу мақсатында мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың сатып алу жоспарларының мониторингін жүргізеді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Уәлиханов ауданы Білім бөлімінің 523 745 теңгеге жанармай және дизель отынын, “Қызылжар су” ЖШС-нің жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеге табақ (болат) металды, сондай-ақ Айыртау аудандық Білім бөлімінің 3 миллион теңгеден астам қаржыға компьютер жабдықтарын қымбаттатылған бағамен сатып алу жоспарын жүзеге асыруға жол берілмеді. Аталған лоттар тоқтатылып, жоспарланған баға қайта қаралды. Осылайша жыл басынан бері бюджет қаржысының 16,5 миллион теңгеге жуық қаражатын ұтымсыз пайдаланудың алды алынды.

Департаментте 9 айдың ішінде “Жұмыспен қамту – 2020”, “Балапан”, “Ақ бұлақ”, “Тұрғын үй құрылысы”, “Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру” бағдарламалары бойынша мемлекеттік сатып алу саласында 15 қылмыс анықталды. Тоқталып өтер болсақ, жатақхананы 25 пәтерлі тұрғын үй қылып, қайта жаңартуда атқарылмаған жұмыстың ауқымы үлкен екенін біле тұра, көрінеу жалған ақпараты бар ресми құжаттарға қойған қолын мөр басып куәландырған Тайынша ауданы Құрылыс бөлімі басшысының ісі сотқа жіберілді.

“Солтүстік” ӘКК” ҰҚ” АҚ басқарма төрағасы және “Астық Тобыл” ЖШС-нің директоры “Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану” мемлекеттік инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру аясында сиыр етін сатып алу кезінде 82,1 миллион теңгенің қаржысын қолды қылған. Сондай-ақ “Астық Тобыл” ЖШС-нен 650 бас ірі қараны қабылдау-тапсыру және 130 мың кило көлемінде сиыр етін алудың жалған актілеріне қол қою арқылы жалған құжат жасаған айыпталушылар сот санкциясы бойынша қамауға алынды.

Ал Айыртау ауданы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 3 462 000 теңге айыппұл төлеу туралы жаза кесілді. Лауазымды тұлға “Айыртау-Қамқор” МКК-ның Саумалкөл ауылын сумен жабдықтау және суды бұру жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және ұстау бойынша жұмыстарды атқармағанын біле тұра жалған актіге қол қою арқылы кәсіпорынға 13,8 миллион теңгенің қаржысын аудару арқылы пайда таппақ болған.

Жасалған қылмыстардың дені атқарылған жұмыстар туралы жалған актілерге қол қою арқылы жасалуда. Аталған заңбұзушылық мемлекеттік сатып алу конкурстарын уақытында өткізбеу, жұмысты сапасыз ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік орган басшыларының тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан орын алуда. Бюджет қаржысын уақытында игермеу салдарынан қылмыстық әрекетке барғандар да бар. Атқарылған жұмыс нәтижесі осыны көрсетіп отыр.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp