«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА БОЛУ БАҚЫТЫНАН АЙЫРҒАН перинаталдық орталықтан 10 млн. теңге көлемінде моральдық зиян талап етілуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласы №2 сотының төрайымы Нүрия Малдыбаева брифинг өткізіп, онда өткен он айдағы жұмыс қорытындысын жариялап, аталмыш сотта қаралған резонанстық азаматтық істер жөнінде мәлімет берді. 

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Үстіміздегі жылдың он айында Петропавл қаласының №2 сотында 5842 іс қаралып, соның 3752-сіне қатысты шешім шығарылған. 374 іс бойынша талап арыз қанағаттандырылмай тасталған, 93-і бітімгершілік келісіммен тамамдалған. Сот істерінің кейбір санаттары бойынша өзгерістер байқалған. Мәселен, еңбекақы және коммуналдық қызметтерге төлем жөнінде берешекті өндіру, жұмысқа қайта алу туралы арыздар саны азайған. Бұған қоса тұтынушылар құқығын қорғау жөнінде қаралатын істер қатары біршама өскен (2012 жылы – 77, 2013 жылы – 113 азаматтық іс).

Сот төрайымы Нүрия Малдыбаеваның айтуынша, соңғы уақытта сот шешімімен жарамсыз деп танылған мәмілелер негізінде тұрғын үй сатып алған бірқатар азаматтарды пәтерлерінен мәжбүрлеп шығару мәселесі қоғамдық резонанс тудырған. Петропавл қалалық соты пәтер сатуда алаяқтыққа жол берген Н. Сеитов, Б.Нұралин мен А.Жумукова деген азаматтарға қатысты қылмыстық істі 2011 жылы қарастырған. Нұрлан Сеитовтің жетекшілігімен құрылған бұл қылмыстық топ облыс орталығының бірнеше тұрғынын алдап, олардың баспаналарын заңсыз иемденген. Сот үкімімен Болат Нұралин мен Алтынгүл Жумукова мүлкін тәркілеумен – 5 жылға, Нұрлан Сеитов 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Қазіргі уақытта алдау тәсілімен сатылып кеткен пәтерлерді қайтарып алу және сатушылардан соманы өндіріп алу бойынша іс жалғасуда.  

Петропавлдық Л. есімді әйел адам да біреудің кесірінен өзіне тиесілі пәтерінен айрылып, енді соны қайтарып алу мақсатында сот табалдырығын тоздырумен келеді. Іссапармен келдім деп, пәтерін жалға алған Қарағанды қаласының тұрғыны оның атынан заңсыз сенімхат ресімдеп, соның негізінде баспананы сатып жіберген. Қазір осы үйдің сатып алу-сату мәмілесін жарамсыз деп тану туралы сот ісі қарастырылуда. Жәбірленушінің айтуынша, ол үйді сатуға қатысты ешбір сенімхат ресімдемеген. Бұл оқиғаға орай Қарағанды облысының бір топ азаматтарына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Нүрия Рафаильқызының пікірінше, көп жағдайда пәтер сатып алу кезінде жәбірленушілердің өздерінен қателік кетіп жатады. “Алаяқтық қылмысы белең алған уақытта баспана мәселесіне салғырт қарауға болмайды, оны сатып аларда барлық жайтқа мән беру керек. Тіпті, қажет болса, үйдің бұрынғы қожайынының көршілерін аралап, баспананың не себепті сатылып жатқандығына, оның ішкі жағдайына назар аударуға тиіссіз. Тым арзанға сатылатын үйлерге де үлкен күмәнмен қарау керек”, – дейді судья.

Коммуналдық тұрғын үйді беруге қатысты заңсыздықтардың беті ашылып отыр. Мәселен, Сейілбек Құрымбаев деген азамат өзін тұрғын үй кезегінен алып тастау және коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана беруден бас тарту жөніндегі Петропавл қаласы әкімдігінің қаулысына қатысты наразылық білдіріп, сотқа шағымданған. Сот бұл қаулыны заңсыз деп тапты (сот шешімі заңды күшіне енген жоқ).

Аталмыш кезеңде сотта сапасыз медициналық қызмет көрсету салдарынан денсаулыққа зиян келтіруге байланысты моральдық зиян ақысын өндіру туралы талап арыздар да қарастырылған. Соның екеуі облыстық перинаталдық орталыққа қатысты болып отыр. Дәрігерлер бала туу кезінде дұрыс тәсіл қолданбаудың салдарынан У. есімді әйелдің денсаулығына зиян келтіріліп, ол мәңгілікке ана болу бақытынан айрылған. Жәбірленушінің орталыққа қатысты талап арызы жартылай қанағаттандырылып, жауапкерден 350 мың теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді. Осы мекемеден тағы бір келіншек зардап шеккен. Мәңгілікке бала көтеру мүмкіндігінен айрылған бұл әйел де сотқа арызданып, кінәлі жақтан 10 млн. теңге моральдық зиян талап етіп отыр. Перинаталды орталыққа қатысты іс қазір ҚР Жоғарғы Сотында қаралуда.

Сондай-ақ өңірде тұрғын үй құрылысы мен жол салуға қатысты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға орай сотқа мақсатсыз пайдаланылып жатқан жер учаскелерін мемлекет қажеттілігіне жарату жөнінде арыздар түсе бастаған.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp