«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢСЫЗ ДИСК ЖАСАУШЫҒА ЖАЗА АУЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері өңірімізде заңсыз DVD-дискілер шығаратын 4 астыртын цехтың жолы кесілді. Ғаламтордан фильмдерді дискілерге көшіріп, оларды арзан бағамен өткізетіндер заңсыз әрекеттері үшін 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қаржы полициясында өткен баспасөз брифингінде осы жайында айтылды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Үстіміздегі жылдың 4 қараша күні DVD-дискілер шығаратын астыртын цех ашқан азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жасырын қызмет орнын тексеру барысында 2,5 мыңнан астам контрафактілік диск, 2 жүйелік блок, 2 түрлі түсті принтер, дискіге арналған қаптамалар табылған. Осылайша жалған кәсіпкер авторлық және сабақтас құқық бұзып, “Видео-Аудио-Меломан” ЖШС-іне 2,4 миллион теңгенің шығынын келтірген.

Жалпы жыл басынан бері облыс бойынша 6 қылмыстық іс тіркеліп, құқық иелеріне келтірген шығын көлемі 5 миллион теңгеден асып жығылған. СҚО бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Нұрлан Жахиннің айтуынша, көп жағдайда авторлық құқықты бұзған айыпты 100-ден 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Егер астыртын бизнестің салдарынан мемлекетке келтірілген шығын ірі көлемде болса, айыпталушының мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp