«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТҚАРУШЫЛАРҒА МАУСЫМДАРДЫҢ БӘРІ ДЕ МАЗАСЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәрсенбі күні Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының бірінші орынбасары Әсет Ысмағұловтың төрағалығымен жыл басынан бері атқарылған жұмыс және күзгі-қысқы маусымда төтенше жағдайдың алдын алу тақырыбында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Оған департамент басқармалары мен бөлімдерінің басшылары қатысты.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Суда құтқару қызметі” ММ-нің басшысы Виктор Держанский азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында атқарылған шаралар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Виктор Николаевич облыстың су қоймаларындағы жағдай күрделі күйінде қалып отырғандығын, жыл басынан бері 35 адам су құрбаны болғанын атап айтып, күзгі-қысқы балық аулау маусымына, мұз үстінде өткізілетін діни-мәдени шараларға байланысты атқарылатын алдын алу жұмыстарын тілге тиек етті.

Департаменттің Қоғамдық кеңесінің мүшесі, суда құтқару қызметінің ардагері Олег Шагимарданов өткен жылдардың тәжірибесіне сүйене отырып, алдын алу жұмыстарының БАҚ-та кеңінен насихатталуы жергілікті тұрғындар үшін ерекше рөл атқаратындығы жайында өз ойын ортаға салды.  

Мемлекеттік өртті бақылау және қадағалау басқармасының бастығы Нұрлан Атығаев соңғы 5 жылдың қорытындысына сараптама жасап, атқарылған шараларға нақты мысалдар келтірді. Нұрлан Бауыржанұлының айтуынша, осы кезеңде облыста 3880 өрт оқиғасы орын алған, оның 3104-і – жеке тұрғын үй секторында (80%), одан келген шығын 1 млрд. 858 млн. 299 мың теңгені құраған. Отта 221 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның 33-і – бала, 121 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды. Отта қаза тапқандардың әлеуметтік жағдайы: уақытша жұмыс істемейтіндер – 102 (46%), зейнеткерлер – 54 (24%), мүгедектер – 9 (4%). Адамдардың опат болуына себеп болған негізгі жағдайлар: мас күйінде – 122 (55%), ұйықтап жатып – 50 (22%), балаларды қараусыз қалдыру – 22 (9%). Өрттің шығуына себеп болған негізгі жағдайлар: отты абайламай пайдалану – 1213 (39%), пешті салу мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау – 624 (20%), электр аспаптарын құрастыру және техникалық пайдалану ережелерін бұзу – 612 (19%).

Департамент қызметкерлері биыл жыл басынан бері облыс бойынша тұрғын үй секторында 387 рейд ұйымдастырып, нәтижесінде 12859 тұрғын үйді қамтыған, тұрғындармен 22931 кездесу өткізіп, нұсқау берген, оларға 30475 жадынама таратқан. Бұған коса мерзімді баспасөзде өрттің алдын алу тақырыбында 606 мақала жариялап, радио бойынша 492 хабар ұйымдастырған, телеарналарда 84 сюжет көрсеткен.

Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Асхат Бәкішев облыстың тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарында жылыту маусымын өткізу, Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Рүстем Жұмағалиев ТЖ жөнінде жергілікті тұрындарды БАҚ және SMS арқылы хабардар етудің жағдайы жайлы сөз қозғады.

Баспасөз мәслихаты кезінде гидранттардың қазіргі жағдайы сияқты өзекті мәселелер төңірегінде сауалдар қойылып, тиісті жауаптар қайтарылды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp