Бұл туралы Астанада өткен брифингте вице-премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті. «2011 жылдың аяғында біз жобалар үшін жауапкершілікті өңірлер мен Үкіметтің арасында бөлістік. Үкімет 43 жобаны іске асыру бойынша жауапкершілікті өз мойнына алды, олар – Балқаш стансасы, мұнай-химия кешені, тыңайтқыштар өндірісі, яғни, Үкіметтің шешімін талап ететін ірі жобалар мен ірі өндірістер. Қалған жобалар, негізінен шағын және орта бизнеске қатысты жобалар, өңірлік Карталардың қарамағына берілді және олар үшін өңірлік өкіметтер жауапты. Біз ол жобаларға мониторинг жүргізіп, қолдау көрсетіп отырмыз», – дейді Ә.Исекешев.