«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒАН ЛАҢКЕС ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚҰТЫЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бексұлтан ЖҮНІСОВ,

Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі.

Қазіргі кезде жалған лаңкестік – өзекті мәселе. 2013 жылы облыс аумағында ҚР Қылмыстық кодексінің 242-бабымен қарастырылған 5 қылмыстық іс қозғалды.  

ҚР ҚК 242-бабына сәйкес дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін екi жүзден бес жүзге дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынады, не жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі немесе алты жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айрылады.

Көбінесе балалар, жасөспірімдер және психикасының бұзылуынан азап шегіп жүрген адамдар “телефон террористері” болып табылады. Осы қылмыс түрі көбінесе білім мекемелерінің, мемлекеттік құрылымдардың қалыпты жұмысын бұзу мақсатымен, сонымен қатар қарабайыр қалжың үшін жасалады.  

Жаңа техникалық желілердің, компьютерлік бағдарламалардың енгізілуі, қазіргі замандағы техникалық жабдықтау әрбір қоңыраудың нақты қай абоненттен түскенін мұқият қадағалауға мүмкіндік береді.

Мысалы, С. есімді азамат өзінің ұялы телефонынан терроризм актісі бойынша жалған хабар айту үшін облыстық ТЖ департаментінің кезекші операторының “112” нөміріне қоңырау шалып, темір жол вокзалында бомба қойылған деп хабарлаған. Тексеріс шаралары кезінде бұл факт дәлелденбеді, сондықтан Петропавл қаласының ІІБ осы адамға қатысты ҚР ҚК 242-бабымен қарастырылған қылмыстық іс қозғады.

Ақырында, С. Петропавл қалалық сотының үкімімен ҚР ҚК 242-бабымен қарастырылған қылмыс бойынша 1 жылға бас бостандығынан айрылды. Жазаның жеңілдігімен келіспеген прокуратура апелляциялық наразылық енгізді. Прокурордың апелляциялық наразылығы бойынша облыстық соттың апелляциялық алқасының қаулысымен С.-ның жазасы жазаны жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеу арқылы 2 жарым жылға дейін ұзартылды. Сонымен бірге, ҚР Азаматтық кодексінің 917-бабына сәйкес зиян келтірген адам азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен келтiрiлген зиянды толық көлемiнде өтеуге тиiс. Осыған байланысты, “жалған лаңкес” сот үкімімен жалған қоңырау бойынша жолға шыққан мемлекеттің шұғыл қызметтеріне 377 мың 213 теңге төледі.

Шұғыл қызметтер жалған шақыруға барған кезде көмекті қажет ететін жерге бара алмай, көмек көрсете алмай қалуы мүмкін екенін есте сақтағандарыңыз жөн.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp