«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ шығармашылық ізденіс жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Дүйсенбі күні облыс орталығындағы қалалық Мәдениет үйі кезекті маусымын ашты. Петропавлдың мәдени өмірінің орталығы болуы тиіс шаңырақтың бұл маусымашар концерті көңілден шықпады.

Алдымен “Театр киімілгіштен басталады” деген қанатты сөзді еріксіз ауызға аламыз. Себебі, Мәдениет үйінің акт залының алдында билет тексеріп тұрғандардың жүріс-тұрыстары өнердің қадірін төмендеткендей. Бұлай дейтінім, біріншіден, концерт басталса да, кешігіп келгендерді кіргізіп, тіпті, кейбірінің соңынан “Девушка!” деп айғайлап, залдың ортасында жүрді. Екіншіден, акт залының есігі тыным таппады. Сахнадағы өнерпаздармен бірге есік те концерт бойы “өнер көрсетіп”, тарс-тұрс ашылып, жабылумен болды. Көрермендер де, Мәдениет үйінің өз қызметкерлері де кірді, шықты. Тәртіп қайда? Қарапайым тұрғындарды мәдени орындарда өздерін ұстау әдебін білмейді деп кінәлаймыз-ау, мәдениет саласында жүргендердің бұл қылықтарын қалай түсінуге болады? Үшіншіден, сахна мәдениеті сақталмады. Мен өнер сыншысы емеспін, алайда, сахнада өнер иесі тұрғанда оның сыртында артық жүріс-тұрыс болмауы тиіс деп түсінемін. Бұл сын Мәдениет үйінің техникалық қызметкерлеріне қатысты. Сахнаға қарап отырған көрермен әншілердің сыртында декорацияны ауыстырып жүрген техникалық қызметкерлердің жұмысын бірге тамашалады. Микрофонды дұрыстаймыз деп сахнада ерсілі-қарсылы жүргендерді айтпағанда.  

Бұл жалпы тәртіпке қатысты болса, енді қалалық Мәдениет үйінің шығармашылық жағына ауысайық. “Для Вас, любимый зритель” тақырыбында өткен концертте 25 нөмір көрсетілсе, оның тек 8-і қазақ әні мен биі болды. Сахнада Қазақстанның, Ресейдің эстрада әншілері шырқап жүрген әндер қайталанды. Авторлық әндер қайда? Қалалық Мәдениет үйінің басшылығы шығармашылық ұжымдардың авторлық ән жазуларын қадағалауы тиіс қой. Көрермен маусымашарда шырқалған әндерді осы күнге дейін талай рет тыңдаған. Шығармашылық жаңалық, ізденіс қайда? Қысқасы, мектеп оқушыларының белгілі бір мерекеге дайындаған концертін тамашалағандай болдым.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp