«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫН АТЫНДАҒЫ АУДАН АЛДА КЕЛЕДІ, жеткен жетістіктерін төл мерекеге арнайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аудан еңбеккерлері Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясында айтылған: “Жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз қажет”, – деген қағидасын басшылыққа ала жұмыс істеуде. Биылғы жыл ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін қолайсыз болса да, “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара” ұйымшылдықпен қимылдаудың арқасында біршама жетістіктерге қол жеткіздік.

Қайрат ПІШЕНБАЕВ,

Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі.

Қазіргі уақытта ауданымызда 303 агроқұрылым бар, оның 54-і – ЖШС, АҚ, 249-ы – шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар.  

Көктемгі дала және күзгі орақ науқандарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 543,5 млн. теңге мақсатты трансферт бөлінді, оның 253,4 млн. теңгесі – жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауарлы-материалды құндылықтардың бағасын арзандатуға, 192 млн. теңгесі – отандық гербицидтермен ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу құнын азайтуға, 98,1 млн. теңгесі – минералдық тыңайтқышқа.

Соның арқасында үстіміздегі жылы топырақтың құнарлылығын арттыру үшін 26 мың гектардан астам алқапқа 1,2 мың тонна минералдық тыңайтқыш сіңірілді, 78,5 мың гектар жер егістік ауруларына қарсы өңделді, барлық дәнді және майлы дақылдар алқабында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.  

Биылғы орақ науқанына 1208 астық жинайтын комбайн, оның 227-сі – жоғары өнімді, 653 жатка, оның 143-і – кең алымды, астық тасуға 825 жүк автомобилі, 1000 трактор қорабы қатысты.

Жыл басынан бері 160 дана ауыл шаруашылығы техникасы тіркелді, 63 тракторшы-машина жүргізуші куәлігі, 134 техникалық құжат, 134 мемлекеттік нөмір белгісі берілді. Осы кезеңде агроқұрылымдар 1,2 млрд. теңгеге 121 заманауи техника сатып алды.

Осы күнге дейін 376,9 мың гектардың дәнді дақылдары жиналды (99,7%), астық шығымдылығы 17 центнерден асып отыр. Майлы дақылдардың 95,5 пайызы бастырылды, 29,3 мың тонна картоп (170 ц./га.), 4,44 мың тонна көкөніс (220 ц./га.) терілді.

Ауданда жалпы сыйымдылығы 265 мың тоннаны құрайтын 4 элеватор бар. Оларға жаңа орақтың 191,6 мың тонна астығы түсті, бидайдың 94 пайызы – 3-сыныпты. Тәуліктік қуаттылығы 17,9 мың тоннаны құрайтын 33 астық кептіргіш агрегат жұмыс істеуде.

ҚР Президентінің тапсырмасы мен заман ағымына орай мал шаруашылығын дамытуға да басымдық беріп отырмыз. Бұл салаға да мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Малдың өнімділігі мен өнім сапасын арттыру үшін 10 шаруашылыққа – 10 075,5 мың теңге, асылтұқымды мал шаруашылығын қолдау бағдарламасы бойынша 14 шаруашылыққа – 16 520 мың теңге, селекциялық және тұқымдық жұмыс бойынша 13 шаруашылыққа 26 208 мың теңге жәрдемқаржы берілді. Осы айда тағы 4 шаруашылық 6 300 мың теңге көлемінде жәрдемқаржы алады. Сөйтіп, мемлекет тарапынан бөлінген қаржылай көмек 100 пайыз игеріледі.

2013 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша барлық санаттағы шаруашылықтарда 26,4 мың бас ірі қара (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104,3%), оның 16,5 мыңы – сиыр (103,7%), 32,4 мың шошқа (92,6%), 25,9 мың бас қой-ешкі (102,1%), 9,3 мың бас жылқы (99%), 243,3 мың бас құс (99,9%) болды. Агроқұрылымдардағы ірі қара саны 7,2 мың басты (110,9%) құрайды, оның 2,9 мың басы (133,1%) – сиыр. Одан басқа 1,5 мың бас шошқа, 1,8 мың бас қой, 1,6 мың бас жылқы 2,7 мың бас құс өсіріледі.

Жыл басынан бері тірідей салмағымен 6832,76 тонна ет (102%), 32141,5 тонна сүт (103,8%), 14952,0 дана жұмыртқа (116,1%) өндірілді. Агроқұрылымдарда ет өндіру 725,36 тоннаны (104,3%), сүт 5630 тоннаны (123,8%), жұмыртқа 16,4 мың дананы (86,3%) құрады.

“Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауданның агроқұрылымдары 1834 бас мал сатып алды (жоспар 2800 бас), оның ішінде “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 6 кәсіпорын 42 млн. теңгенің кредитіне 193 бас мал әкелді.

“Бәйтерек” кредит серіктестігі 60 бас мал алуға 10 млн. теңгенің несиесін берді. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 168 бас мал үшін жалпы сомасы 50 млн. теңгенің 23 кредиті алынды. “Сек” ШҚ “БТА банк” арқылы берілген 2,7 млн. теңге кредитке мал санын 30 басқа көбейтті. Шаруашылықтар 1022 бас мал алуға өз қаражаттарын жұмсады.

Бүгінгі күні “Чистовское”, “Авангард” ЖШС-лері, “Қанат”, ”Квадро”, ”Калиниченко” ШҚ-лері да мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдіріп отыр.

“Агроқұрылымдардан қосалқы шаруашылықтарға ірі қара беру” жобасы бойынша 61,3 млн. теңгеге 361 бас мал сатылып, белгіленген меже толық көлемде орындалды.

Мал тұқымын асылдандыру үшін 47 бұқа сатып алынды.

2012 жылы “НұрСенАгро” ЖШС-де асылтұқымды репродуктор шаруашылық құрылды. Оларда 430 бас симменталь тұқымы өсірілуде.

“НұрСенАгро”, “Үлгілі” ЖШС-лердегі 528 бас мал республикалық палатаның асылтұқымды мал мәртебесін алды және осы шаруашылықтар оған мүше болып қабылданды.

Ауданда 7 мал сою алаңы және 3 мал сою қосыны жұмыс істейді.

Биыл бір маманға көрсетілетін көтерме жәрдемақы көлемі 121,2 мың, бюджет кредиті 2 596,5 мың теңгені құрайды. Жыл басынан бері 3 адамға 7,9 млн. теңгенің кредиті, 18 адамға 2,2 млн. теңгенің көтерме жәрдемақысы берілді (білім беру – 16, денсаулық сақтау – 2 адам).

Ауыл шаруашылығы мамандарының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Қол жеткенді місе тұтып, тоқмейілсуге болмайды. Алда әлі алар асулар көп. Ақын атындағы ауданның еңбеккерлері олардан да абыроймен өтетіндігіне сенімдімін.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp