«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ БҮГІНІ мен БОЛАШАҒЫ форумда жан-жақты талқыланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Билік пен халық арасындағы алтын көпір іспеттес үкіметтік емес ұйымдар қазақстандықтардың талап-тілектерін жоғарыға жеткізе алып жүр ме? Жалпы Қазақстанда азаматтық қоғам толық орнықты деуге негіз бар ма? 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Елбасының бастамасымен дүниеге келген Азаматтық форумда аталған сауалдарға жауап беріліп, үлкен басқосу үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) ортақ проблемаларын талқылауға арналған алаңға айналды. Астана төрінде осымен алтыншы рет өткізілген Азаматтық форумда қоғамның әлеуметтік жаңғырту және азаматтық қоғам институттарының халықаралық әріптестігін нығайту үдерісіне үкіметтік емес секторды қатыстыруға бағытталған ұйымдастырушылық іс-шараларды жүзеге асыру, нормативтік-құқықтық негізді жетілдіру мәселелері бойынша жалпыұлттық диалогты әрі қарай дамыту барысы талқыланды. Бұл жолғы жиынның басты ерекшелігі – ҮЕҰ қызметін реттейтін заңнаманы әрі қарай жетілдіру мәселесі кеңінен талқыланып, қоғамдық ұйым өкілдері заңнамаға қатысты өз ұсыныстарын айту мүмкіндігіне ие болды.

600-ден астам делегат бас қосқан форумға Солтүстік Қазақстан облысынан өңір басшының орынбасары Фархад Қуанғанов, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов және 20 үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысып қайтты. Тәуелсіздік сарайында өткен форумның алғашқы күні үкіметтік емес сектор жетістіктеріне арналған көрмемен ашылды. Көрмеге “Петропавл аймақтық ПИК қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің “Қала тұрғындарын аумақтық қоғамдық кеңестерді құру, құрылымдандыру үдерісіне және жұмысына қатысуға ынталандыру” жобасы да қойылды.

Басқосудың алғашқы күні мемлекеттік органдардың қатысуымен сессия өтіп, форум делегаттары ҚР министрліктері мен ведомстволарының басшыларымен кездесті. Форумда сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев: “Мемлекет өзінің азаматтық сектордағы өкілеттілігіне құқық береді әрі мемлекеттік тапсырыстың сапалы орындалуын күтуге құқылы” дей келе:

– ҮЕҰ-лардан сатып алынатын қызметтердің сапасын арттыру қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесін жетілдіру және оның орындалуына мониторинг жасау керек, – деген пікірін білдірді.

Бағлан Майлыбаевтың айтуынша, 2013 жылы орталық мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 2 миллиард теңге бөлінді. Соңғы 10 жылда бұл қаржы шамамен 11 миллиард теңгені құрады. Қазіргі уақытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 8 министрлік пен ведомство орналастырмақ. Бұл бағыттағы жұмысты басқа да ведомстволар қолға алатын болады. Сонымен қатар Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары өз сөзінде ҮЕҰ-лардың тапсырысты бірнеше жыл ішінде атқаруына мүмкіндік беретін әдістеме жасау керектігін баса айтты. Бұдан бөлек елді мекендердегі және шағын қалалардағы ҮЕҰ-лардың жұмыстарын жандандыру қажет. Қазіргі уақытта ҮЕҰ жұмыстарының 80 пайызы республикалық деңгейде орындалуда.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесін ұйымдастыру, “жасыл экономиканы” дамыту, шекара маңы ынтымақтастығын нығайту сынды ұлттық жобаларды жүзеге асырудың іс жүзіндегі барлық кезеңдерінде ҮЕҰ ресурстарын тарту маңызды фактор екенін жеткізді.

Басқосудың екінші күнінде делегаттар тақырыптар бойынша алаңдарға бөлініп, жұмыс істеді. Бірінші алаңда “Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы” заң жобасы қызу талқыланды. Әсіресе, тізілімге тіркелудегі кедергілер, мемлекеттік тапсырыс берудегі қиындықтар мәселесі жан-жақты сөз болды. Талқылау соңында ҮЕҰ-лардың өкілдері кіретін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Ал “ҮЕҰ-ның өңірлік даму мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуы” тақырыбындағы алаңда “Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы” ЗТБ төрағасы Сергей Худяков баяндама жасады.

Жиында үкіметтік емес ұйымдар биліктің көмекшісі емес, әріптесі болуы керек деген пікір бір ортаға тоғысты. Ақпараттың ауылдарға жетуін қамтамасыз ету мәселесі де баса айтылды. Жиынды қорытындылаған “Қазақстанның Азаматтық альянсы” ЗТБ президенті Нұрлан Ерімбетов форум барысында көтерілген мәселелер, ұсыныстар 10 күннің ішінде билікке жеткізілетінін айтты. Белсенді ҮЕҰ төрағалары оң нәтижеге қол жеткізуде бірлескен іс-қимыл жасап, қоғам үшін жауапкершілік жүгін бірге көтереміз деген шешімге келді.

Форум соңында “Таным” сыйлықақысын тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Бұл марапатқа Солтүстік Қазақстан облысы “Есіл ауданы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің” төрағасы Виктор Кривошеев те ие болды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp