«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОНЫҢ БОЛАШАҒЫ – АЛДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“ЗИКСТО” АҚ-ның жас маманы Рустам Сыздықов бір көргеннен көкірегі ояу, көңілі сергек жігіттің болмысын танытады. Жастық жалыны лапылдаған жігіттің іскерлік қасиеттерін зауыт әкімшілігі де бірден байқапты. Бүгінде кәсіпорынның вагон құрастыру цехын басқарып жүрген Рустам Көшербайұлы туралы:

– Үлкен өндіріс орында ұжым басқару оңай емес. Еңбекті ұйымдастыру – аса жауапты іс. Сондықтан ондай қызметке таңдалатын адамға бірнеше талап қойылады. Ең бастысы – оның салалық білімінің болуы, екіншіден, көпшілікпен жұмысты ұйымдастыра білуге қабілеттілігі, ал үшіншіден, әкімшілікпен де, еңбек ұжымымен де түсіністік орната білуі ескеріледі. Осындай қасиеттері бар адам еңбек ұжымын басқара алады. Рустам Көшербайұлының бойынан бұл қасиеттерді біз анық байқаймыз. Оның цех бастығы міндетін атқарып жүргеніне үш жыл. Осы аралықта ол өзін білімді де білікті басшы ретінде таныта білді. Оны мен қанатын алысқа сермей алатын тұлға деп білемін, – деген мінездемені зауыттың кадр бөлімінің басшысы Валентина Двоеглазова берді.

Осыдан төрт жыл бұрын Рустам аталмыш зауытқа жұмысқа қабылданыпты. Ал бір жылдан кейін ол 25 адамның жұмысын ұйымдастыратын цех басшысы қызметіне ауыстырылады. Жас жігіттің еңбекке жауапкершілікпен қарауы, әріптестерімен оңай тіл табысуы, жұмыс барысында туындаған мәселелерге шешім қабылдауда ептілігі, сондай-ақ өзінен жоғары тұрған басшылармен қоян-қолтық жұмыс істеу қабілеті оны еңбек ортасына сыйлы етеді.

“Жас келсе – іске” дегендей, осылайша өзін көрсете білген Рустамның арманы да асқақ. Петропавл қаласындағы Темір жол колледжін бітірген жігіт өзінің білімін жетілдіру үшін Алматы Теміржол көлігі инженерлері институтына оқуға түскен. Алайда, алыс қалаға барып оқуға қыруар қаржы керек. Ал ата-анасы мен өз отбасын асырап отырған жігіттің 65 мың теңге еңбекақысы аздық етері сөзсіз. Сондықтан ол жоғары білім алу жоспарын уақытша тоқтатып қойыпты.

– Маған мамандығым ұнайды. Зауыттағы жұмыс кестесі де ыңғайлы. Бірақ еңбекақы аз төленеді. Әкімшілік бұл мәселені жақын уақытта қайта қараймыз деп сендіреді, – дейді жас маман.

Сыздықовтар үш ағайынды. Ағалары Мүсілім мен Руслан – теміржолшылар, қарындасы да осы салаға таңдау жасаған. Сондықтан Рустамның кімдерге қарап бой түзегені белгілі. Ал ұжымды басқару ісінде ол ағаларының, жасы үлкен әріптестерінің ақыл-кеңестерін тыңдап, өз жүрегінің қалауымен де әрекеттер жасай береді.

– Ұжым басқарғанда еңбеккерлерден сапалы жұмысты талап етумен қатар, олардың ой-толғамдарымен де санаса білу керек. Екіжақты түсіністік болмаса, ұжымда берекелі іс те болмайды. Тіпті, кей кездері олардың жан дүниелеріне үңіліп, отбасысындағы жағдайларын да тыңдауға тура келеді. Ішкі шерін тарқатып алған адамның жұмысқа деген қабілеті артады. Бұл – өмір. Сондай-ақ қарамағыңдағы еңбеккерлердің құқығын қай кезде болсын қорғай білу керек. Еңбек ұжымы – екінші отбасың. Адам тұлғасын бәрінен жоғары қойған кезде сыйластық та, тілалғыштық та өз ретімен жүзеге асады, – дейді ол.

Рустам Сыздықовтың басшылық қызметтегі атқаратын міндеттері цех ішіндегі жұмыстарды ұйымдастыру, оның атқарылу үдерісін қадағалау, еңбеккерлерді қажетті шикізаттармен қамтамасыз ету, олардың қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ жұмыстың сапалы және уақтылы орындалуына жауап беру болып табылады. Ол бұл міндеттерді жүзеге асырудың басты шарты өзінің ұжым ортасындағы беделі мен абыройына байланысты екенін жақсы түсінеді. Адами факторды бірінші кезекке қоятын жас басшы өз жұмыс орнында жайлы еңбек ортасын қалыптастырып алған.

СУРЕТТЕ: Р. СЫЗДЫҚОВ.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp