«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНА СӘНІ – ТАЛАНТТЫ БАЛҒЫНДАР екі бірдей халықаралық байқауда бақ сынауда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“АРТ Фестиваль – Роза ветров” қорының (Мәскеу қаласы) балғын өнерпаздар арасында жыл сайын ұйымдастыратын байқаулары биыл біздің өңірде өтуде. СҚО Мәдениет басқармасы мен облыстық Халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығымен бірлесе ұйымдастырылған “Қазақстандағы жел бағыты” III халықаралық балалар мен жасөспірімдер және “Балалар балалар үшін ойнайды” халықаралық театр байқаулары Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына талантты балғындарды жинады. 

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Челябі, Омбы, Түмен, Қорған, Свердлов облыстары, Башқұртстан, Саха (Якутия) және Қазақстан атынан бақ сынасқан 700-ден астам дарынды ұл-қыздар хореография, вокал, аспапты музыка, драмалық спектакль, халық аспаптарында шебер ойнау, музыкалық қойылымдар, сахналық композиция және көркемсөз аталымдары бойынша өнер көрсетті. Аталмыш конкурс іріктеу кезеңі болып табылады. Оның қорытындысы бойынша жеңіске жеткен балалар 2014 жылы Мәскеу қаласында өтетін танымал фестивальдің 20-сыншы маусымының мерейтойлық кешіне қатысады.

3 күн бойы 19 жасқа дейінгі дарындар сахна сәніне айналып, шеберліктерін жан-жақты көрсетуге тырысуда. Олардың конкурстық қойылымдарын Ресей мен Қазақстанның жетекші жоғары білікті мамандары бағалауда.

Конкурстың алғашқы күні балалар “Драмалық” және “Музыкалық” аталымдарда сынға түсті. Екібастұз қаласынан келген “Маска” үлгілі-театр студиясының балғындар алдында өнер көрсетіп жүргендеріне біраз уақыт болыпты. “Витька Шитовтың таңғажайып оқиғалары” атты қойылым мектеп оқушыларының өмірінен алынған қалжыңға толы. Мектеп тұрмысын, ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынасты шебер жеткізе білген екібастұздықтар әсем әндерімен, ырғақты билерімен бірден жас көрермендердің жүрегін баурап әкетті. Қойылымды тамашалап отырып, бір сәт балғын шаққа серуендегендей әсерде болдық.

Ертең Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында гала-концерт өтіп, онда байқаудың қорытындысы жарияланады. Ең тартымды қойылымдарды осы кеште тамашалай аласыздар.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp